Инфляцияға екі түрлі жағдай себеп болады. Оның бірі – сұраныстың артуы. Белгілі бір тауарға немесе қызметке сұраныс өссе, бұл сол тауар мен қызмет бағасының өсуіне әкеледі. Әдетте ол экономикалық тұрақтылық кезеңінде жиі болады. Адамдар қаржылық мүмкіндігінің артқанын сезінген уақытта тұрмысқа қажетті дүниеден бөлек, қосымша заттар ала бастайды. Сол себепті, тұтынушылық сұраныс баға өсіміне алып келеді. Саудагерлер тұтынушылар талабын қанағаттандыру үшін тауар санын көбейтеді. Егер тауар жеткіліксіз болса, онда оның құнын өсіреді. Бұдан ұсыныстан туындаған инфляция келіп шығады. Кейде оны баға инфляциясы деп те атайды. Былтырғы қант тапшылығын осы жағдайға ұқсатуға болады.
Екінші түрі – шығын инфляциясы. Бұл құбылыс тауар өндірісіне немесе қызметке кеткен шығын көлемінің артуынан туындайды және оның қарапайым тұтынушыға кері әсері орасан болып тұр. Оны соңғы 2-3 жыл көлемінде әлемнің барлық елі сезініп үлгерді. Мәселен, COVID-19 індеті мен Ресей-Украина арасындағы қақтығыстың кесірінен өндірісті шикізатпен қамтамасыз ету, дайын өнімді тұтынушыға жеткізу, қызмет көрсету тізбегі үзілді. Салдарынан кәсіпорындар тауар өндіруде және оны сатуда қиындыққа ұшырады...
Дүниежүзінде көптеген ел соңғы жылдары жоғары деңгейлі инфляцияны бастан кешіріп жатыр. Айталық, Түркияда жылдық инфляция көлемі 70 пайызға жетті. Аргентинада инфляция 51 пайызға ұлғайса, экономикалық тұрақсыздық жайлаған Шри-Ланкада шамамен 30 пайыздық деңгейді көрсетті. Ирандағы толқулардың басты себебі де азық-түлік қымбатшылығы болып отыр. Мұнда инфляцияның ресми көрсеткіші – 40 пайыз. Ал біздегі инфляцияның жылдық мәні – әзірге 20,7 пайыз деңгейінде.
Инфляция деңгейіне қарай жалақы, еңбекақы индексацияланбаса, яғни теңестірілмесе, жағдай қиындай түседі. Бұл бірінші кезекте сатып алу қабілетінің төмендеуіне әкеліп соқтырады. Ізін ала халықтың жалпы тұрмыстық деңгейі нашарлайды. Сарапшылардың пікірінше, қазір әлемде инфляцияның жаппай өсуіне жоғарыда айтылғандай, COVID-19 індеті мен Украинадағы соғыс және әртүрлі табиғи апат пен әр елдің билігі ұстанған экономикалық саясат себепкер болып отыр. Отын бағасының қымбаттауы да үйлерді жылытуға, тауарларды тасымалдауға және кәсіпорындардың өнім шығаруына жұмсалатын шығын көлемін арттырып жіберді. Халықаралық еңбек ұйымының әлемдік тауарлар нарығы бойынша келтірген мәліметіне сәйкес, 2022 жылмен салыстырғанда мұнай мен бидай 50 пайызға қымбаттаған. Басқа да астық түрлерінің бағасы жылдан жылға өсіп барады. Мұндай сәтте сарапшылар бағаның қымбаттауы тауар импорттаушы елдерге тұрмыстық ахуал мен экономикалық өсімді қамтамасыз ету тұрғысынан өте ауыр тиетінін айтады. Бұлай кете берсе, түбінде қоғамдық және экономикалық ахуал импортқа тәуелді елдерде күрт шиеленісіп кетуі ықтимал.
Қымбатшылық мәселесі республиканың үшінші мегаполисінде де қоғамның өзекті проблемасы болып тұр. Әсіресе азық-түлік бағасы күрт өскен. Халықты қолжетімді бағада азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін әкімдік тарапынан 19 түрлі әлеуметтік маңызды өнімді белгіленген бағада сататын бірнеше ірі сауда желісі таңдап алынды. Сөйтіп, оларға айналым қаражаты есебінде қарызға қомақты қаражат берілді. Сондай-ақ өткен жылы шаһарда делдалдық схемаларды анықтайтын комиссия жұмысын бастады. Оның негізгі қызметі – ортадағы делдалдарды анықтау, электрондық шот-фактуралар арқылы жеткізуші мен тұтынушы арасындағы тауарлардың бағасын білу және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 15 пайыздық сауда үстеме мөлшерінің сақталу талаптарына мониторинг жүргізу.
Кезінде айналымға әкімдіктен қаражат алып, әлеуметтік дүкен ашқан жергілікті кәсіпкер Ильмар Гаджиев бүгінде бұл жобадан бас тартыпты. Өзінің айтуынша, оған дүкен тартқан шығындар кесірін тигізген.
«Басында жұмыс жақсы басталған еді. Халық та біздің дүкеннің арзан бағасына үйреніп қалды. Алайда уақыты келе бұл әлеуметтік-кәсіпкерлік бастамамыз шығынға ұшырай бастады. Көтерме сауда нүктесінің өзінде қымбат ауыл шаруашылығы өнімдерін одан да арзан бағада сату біз үшін тиімсіз бизнеске айналды. Мәселен, пияздың бағасы көтерме базарда 250 теңгеден саудаланса, дүкенде 160-180 теңгеден сатуымыз керек деген талап қойылды. Ал кәсіпкер бұдан тікелей шығын көреді. Сондықтан бұл жобадан бас тартуыма тура келді», дейді И.Гаджиев.
Әйткенмен, инфляция алынбайтын қамал емес. Егер жалақы, еңбекақы көлемі инфляциямен бірге өсіп отырса, онда оның халыққа теріс әсері онша біліне қоймайды. Сондай-ақ инфляцияның экономикаға тигізер ықтимал пайдасы – өндіріс артады. Ал ол өз кезегінде жұмыс орнының көбеюіне, еңбекақының, тауарлар мен қызметтердің өсуіне және инфляция күшінің азаюына әкеледі. Кей сарапшылардың мәлімдеуінше, қаржылық саясат аясында мемлекет базалық пайыздық мөлшерлемені әдейі көтереді. Ол тауар мен қызметтерге сұранысты азайту үшін жасалады. Мұндағы мақсат – экономикалық өсімді қолдан бәсеңдету арқылы инфляция деңгейін төмендету. Алайда сарапшылар елді қымбатшылық жайлап үлгерсе, мұндай тәсілді пайдалану кеш екенін тілге тиек етеді.
ШЫМКЕНТ