Кәсіпорынның қоғаммен байланыс бөлімі мәлім еткендей, 1 ақпанда регенераторларда температура көтеріліп кеткен. Соның салдарынан каталитикалық крекинг қондырғының жұмысы тоқтатылған.
«Мамандар ақауларды анықтаған соң, «ҚазМұнайГаз» АҚ» ҰК» басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевтің тапсырмасымен қондырғының жұмысын қалпына келтіру үшін жедел штаб құрылды. Басқарма төрағасының мұнай өңдеу және мұнай химиясы жөніндегі орынбасары Арман Қайрденов жетекшілік ететін жедел штаб каталитикалық крекинг қондырғысын жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын қадағалауға алды», деп хабарлады зауыттың қоғаммен байланыс бөлімі.
Қондырғыдағы ақауды жойып, қалпына келтіру жоспары әзірленген. Алдымен реакторлы-регенераторлық қондырғы толық тексеріледі. Сөйтіп, мұнай өнімдерін шығару үдерісіне әсерін бағалау жүргізіледі. Сол себептен, жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына каталитикалық крекинг үдерісінің лицензиары – Axens компаниясының мамандары да тартылған. Лицензиар жүргізген тексерудің нәтижесіне сәйкес жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары 18 ақпанда аяқталмақ. Ал қондырғыны іске қосу жұмыстары 18-22 ақпан аралығында жүргізіледі. Каталитикалық крекинг қондырғысы толық жұмыс режіміне 23 ақпанда қосылатыны жоспарланып отыр.
Осыған байланысты «ҚазМұнайГаз» АҚ» ҰК» басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев зауыт басшылығымен кеңес өткізді. Кеңес кезінде кәсіпорын бас директорының бірінші орынбасары Рахымжан Жанғабылов қызметінен босатылды. Кейін ол кәсіпорынның департамент басшылығына оралды. Ал зауыттың бас директоры Мұрат Досмұратовқа қатаң сөгіс берілді.
Атырау облысы