Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Қазақстанда да экология мәселесі аса өзекті. Ауаның сапасы қоршаған ортаны қорғауда шешуші рөл атқарады. Кейінгі 5 жылда (2018-2022 жылдары)Астана, Қарағанды, Жезқазған және Теміртау қалаларында атмосфералық ауаның тұрақты жоғары ластануы байқалды. Мысалы, Астанада ауа ластануы негізінен жылу электр стансалары мен жеке секторды жылытудың шығарындыларымен қатар жүретін жылдың суық кезеңіне тән. Қаланың қозғалыссыз қиылыстарындағы ауаның азот диоксидімен ластануы автомобиль көлігінің айтарлықтай теріс үлесін көрсетеді.
«Қарағандыда да жағдай осыған ұқсас: атмосфераның ластануына негізгі әсер жылу электр стансалары мен жеке сектордағы жылу шығарындыларымен өндіріледі, бірақ өнеркәсіптік кәсіпорындардың шығарындылары қосылады. Теміртауда ластану кез келген маусымға тән, ол қаланың өнеркәсіптік және металлургиялық кәсіпорындарынан, ал қыста жылу электр стансалары мен жеке сектордағы жылудан шығарылатын шығарындылардың әсерімен күшейеді. Мұндай экологиялық проблемалар кез келген мемлекетте қоршаған ортаны қорғау үшін қомақты инвестицияны қажет етеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанда 2018 жылдан 2021 жылға дейін осы бағыттағы инвестиция көлемінің серпінді өсуі байқалды. Дегенмен 2022 жылы көрсеткіштер айтарлықтай төмендеген. Мәселен, 2022 жылғы қаңтар-желтоқсанның қорытындысы бойынша елімізде қоршаған ортаны қорғауға бағытталған күрделі салымдар 80,6 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бірден 50,8 пайызға аз», дейді Ranking сарапшылары.
Жалпы, кейінгі 5 жылда (2018-2022 жылдар аралығында) инвестиция көлемі 600 млрд теңгеге жуықтаса, алдыңғы бес жылда бұл көрсеткіш 235,9 млрд теңгені құраған. Бір айта кетерлік жайт, тұтастай алғанда елдегі инвестицияның жалпы көлемінен қоршаған ортаны қорғауға бағытталған инвестицияның үлесін қарастыратын болсақ, онда бұл өте мардымсыз – 2022 жылы небәрі 0,54 пайыз.
«Бұл ретте квазимемлекеттік және жеке сектордың жекелеген субъектілері экологиялық мәселелерді кәсіпорынды басқарудың стратегиялық деңгейіне шығарады. Қоршаған ортаны қорғауда еліміздің өндіруші компаниялары, атап айтқанда, Қазақстанның экономикасы үшін басымдықты маңызы бар мұнай-газ секторының алыптары ерекше рөл атқарады. Мысал ретінде еліміздегі алғашқы және ірі мұнай-газ өндіруші компаниялардың бірі – «Теңізшевройлды» (ТШО) қарастырайық. 2000 жылдан бері ТШО Қазақстандағы қоршаған ортаны қорғау шараларын жүзеге асыруға 3,15 млрд доллардан аса инвестиция салды. Кейінгі 20 жыл ішінде ТШО мұнай өндіруді 2,6 есе арттыра отырып, атмосфераға шығарындылардың қарқындылығын 65 пайызға төмендетті. Бұл нәтижеге жабдықтың пайдалану сенімділігін арттыруға бағытталған ірі жобаларға салынған инвестиция арқылы қол жеткізді», дейді Ranking.