«Бір-бірімізге тасада тұрып тас атпасақ, өз сыбағамызды басқаға асатпаймыз» дегенді жиі айтатын, жерлестерінің бетке ұстаса беделі бар, арқаға ұстаса панасы болар азамат еді»
Мәлік Мұқанов қаламы өткір, ойы ұшқыр, білімі ұшан-теңіз журналист еді. Ол үнемі ізденіс үстінде жүретін. Қысыр кеңес, бөгде әңгіме дегенді керек қылмайтын. Шыншылдықты шұрайлылықпен жеткізе алатын шын шеберге тән өнері зор еді. Қолына газет немесе кітап ұстап жұрттан шеттеп, өзімен өзі ойға шомып отыратын. Сондайда оны үнемі намыс буып, ұлтының қамына қарадай қамығып отыратынын сезетінбіз. Әсіресе ел тоналып, дүниенің бәрі жекешеленіп, байлықтың бәрі дүниенің құлағын ұстап отырғандардың қамсауында кеткеніне күйінетін...
Мәкеңді еске алғанда алдымен оның күрескерлігі ойға оралады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиямпұрыс әрекеттерді қазір ұмыта бастадық. Сепаратистік пиғылдың от қойса лап ете қалатындай көрініс бергенін естен шығардық. Ұлт республикаларының жеке мемлекет болып, өз алдына ту тігіп, іргесін бүтіндей бастағаны ақыл-ойы, санасы империалистік, шовинистік саясатпен уланған жандарға жарадай көрінді. Қолындағы ұшы-қиырсыз жерді ұқсата алмай жатса да, өзгелерден жер қамтып қалу дегенді арғы ата-бабасынан бері бастарына сіңіргендер қолтықтан кетіп, ел болып жатқан республикалардан тым болмаса бір қомақты кесекті алып қалуға жанталасты... Олардың Қазақстанның да бойынан біраз жерін сылып алмақ ойлары болғанын жасыруға болмайды. Сол пиғылын ХХІ ғасырда да жалғастырып келе жатқанын көріп отырмыз. Сыртқы күштер ішкі сепаратистерді қолдап, олардың газеттерін шығарып беріп, ауыздарына келгенін айтқанын құптап, түрлі шығындарын мойындарына алып, арандату шаралары ағыл-тегіл жүрді. Супрунюк деген бір сұмпайының сөзі мәскеулік жәдігөй Жириновскийдің сөзінен аумайтын...
Сол кездегі Қазақстан билігі қанша жерден арандатушылар мол болғанымен, текетіреске ерік бермей, Ресей басшылығымен барынша келісімді саясат ұстағаны елдің тұтастығын сақтады. Осы орайда жергілікті шовинистердің әрекеттерін әшкерелеген, олардың не көздейтінін көрсетіп, халықтың көзін ашқан бір топ күрескер азаматтың да еңбегі орасан болды. Сол күрестің басында қазақ, орыс тілдеріне жүйрік, біліктілікпен айта да, жаза да білетін Мәлік Мұқанов ағамыз жүрді. Қалғанымыз соның төңірегіне жиналып, қолымыздан келгенінше сепаратистердің жүген-құрықсыз жосуына тосқауыл болуға тырыстық. Республикалық, облыстық БАҚ-тар арқылы жалпақ елімізге біздегі әрекеттер толық жетіп жатты. Жаңатастан екі вагон жастың Қызылжарға жетуі де сол тұс, Мәкеңнің казактардың «кругын» өткізуге қарсы шығып, іліп қойған туларын жұлып алып, жерге тастағаны да осы кез...
Елімізге танымал талай тұлға, қайраткер де Мәкеңнің күрескерлік қырларына тәнті болғанын айтып, еске алып отырады. Бірде, сенатор қызметінде жүрген Қуаныш Сұлтанов та өзінің сондай бір әңгімесін айтып еді. «Петропавлдағы сепаратистік өрекпу толқып тұрған күндердің бірінде Ақпарат министрі ретінде мені де облыстың белсенділерімен кездесуге жіберді. Экономикалық дағдарысты сылтау қылғандар шу дегеннен Қазақстанның болашағы жоқ деген сарында сайрап берді. Ешбір қарсы пікір, дәлелді құлаққа ілгісі жоқ. Біз жоғары жерден келген адамдар болған соң олардың пиғылына дейін төменшіктеп, сөз таластыра алмадық. Сол кезде Мәкең аналардың дәлелдерін тас-талқан қылып, шашып тастаған еді», деп риза болғанын ұмыта алмайтынын айтып еді.
«Алуа – менің айдыным» атты Мәкеңді еске алу кітабы құрастырылғанда қазақтың тағы бір қайсар азаматы, сол кезде облыс әкімінің орынбасары болған Қуат Есімханов былай деп жазыпты: «Бір-бірімізге тасада тұрып тас атпасақ, өз сыбағамызды басқаға асатпаймыз» дегенді жиі айтатын, жерлестерінің бетке ұстаса беделі бар, арқаға ұстаса панасы болар азамат еді».
Мәкең облыстық мәслихаттың депутаты да болған еді, соның мінберін пайдаланып, орыс-қазаққа сепаратистердің қанды қасапқа бастап жүргенін ашық айтып, дәлелін келтіріп, арандатушылыққа ұрынып қалмауға шақыратын. Ал арандатушылардың басшыларымен арыстандай арпалысты. Ақыры ол Супрунюктің сепаратистік сөздері Қазақстанның тұтастығын бөлшектеуге шақыратынын дәлелдеп сотқа беріп, оны екі жылға бас бостандығын айыруға қол жеткізген.
Ол мәслихаттың депутаты болып жүргенде түрлі саланың басшылары да өздерінің бюджеттік шығыстарын қорғауға қатты дайындалатын. Өйткені Мәкең олардың ақшаны бос шығынға бөлдіретінін бұлтартпай ұстайтын. Сол жылдары Жекешелендіру комитетінде істеп жүрген біз ондайды өзіміздің бастығымыздың қылығынан талай рет көргенбіз. Ол басқа депутаттардың бірінен де ықпайды, айтатыны тек: «Әлгі Мұқанов «придиратся» етіп жүрмесін мынаған», деп пысықтап жататын еді.
Мәлік Мұқановтың журналистік шеберлігі де ерекше еді. Ол аз сөзбен, нақты дәлелдермен үлкен ойларды, соның ішінде орасан дауларды шешетін түйінді сөздерді тауып айтатын. Республикалық «Халық кеңесі» газетінде халыққа әбден танылған ол елдің басты басылымы «Егемен Қазақстанның» Солтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі болған жылдары шеберліктің шыңына жеткен ақмылтық журналистің өзі болды. «Егеменнің» басшылары Мәкеңнің журналистік өнерін басқаларға үнемі үлгі етіп отыратын. Осында ол Журналистер одағының сыйлығын да алды.
Мәкең сан қырлы дарын иесі еді. Оның сыршыл, психологиялық портреттері айқын, жұтынған, жұп-жұмыр, көркем әңгімелері «Жалын», «Жұлдыз», «Мәдениет және тұрмыс» журналдарына жиі шығып тұрды. Мысалы, айырылысқан жастардың арасындағы бала тағдыры, оның психологиялық қалыпты дамуы ауыр соққыдан қалай бұзылуын лирикалық көркемдікпен бере білген «Жанат пен көкесі» атты әңгімесі «Мәдениет және тұрмыс» журналына басылып, республиканың түкпір-түкпірінен өкінішке толы хаттар алғанын айтушы еді. Бұдан басқа «Қоңыр бұзау», «Көршілер», «Үш тал гүл», «Демалыс», «Ескі домбыра» және т.б. әңгімелері – эстетикалық-талғамдық қуаты жоғары, адам жанының терең, психологиялық қырларына бойлайтын көркемдік шеберліктің үлгілері.
«Бұлт өтті көлеңкесі көлең етіп,
Көңілім бір сілкінді елең етіп.
Самал жел маңдайыңнан сипағанда
Лебіне қала берді белдер елтіп.
Күн зергер көк майсаға гүлін екті,
Ақ бұлақ тал түбінде күбір етті.
Аспанда қиқу салған тырна даусы
Жердегі жүректерді дүбірлетті».
Көз алдыңызға көктем суреті айна-қатесіз келіп, көңіл күйіңіз бір көтеріліп қалмай ма? Бұл Мәкеңнің «Көктем» деген өлеңінен үзінді. Оның осындай лирикалық жырлары көп. Егер соңына түссе, ол ірі ақын болары даусыз еді. Бірақ Мәкең қоғам мен адамға пайдасы көбірек тиетін публицистиканы, өмірдің бүгінгі күресін қалап, үлкен поэзияға бармаған.
Мәкеңнің деректі көркем әдебиеттегі образын да жасауға тырысқанбыз. «Өзгеленді бұл ғалам» атты романымыздағы Батыр Мұқанов деген кейіпкердің прототипі Мәлік Мұқанов екенін жұрт жақсы біледі. Жергілікті ақын-жазушылардың бәрі оған арнап өлең, естелік жазды. Мәселен, Жазушылар одағының мүшесі, ақын Зейнолла Әкімжанов марқұм:
«Заманға талайлар жүр қолын сермеп,
Жан едің ойың – отты, көңілің сергек.
Арманың: «Шың басынан
көрінсем тек,
Ұлтым үшін құрбан боп көмілсем тек!»
деп жырлаған-ды.
Осы жолдар Мәкеңнің өмірлік кредосын айқын көрсетіп тұрғандай. «Асқар, Алтай – алтын ана есте жоқ, Батыр, хандар – асқан жандар ұмытылды!» деп Мағжан айтпақшы, Мәлік Мұқановтың есімі де жылдан-жылға ұмытылып барады. 2019 жылдан бері «Егеменнің» Солтүстік Қазақстандағы меншікті тілшісі бола жүріп, Мәкеңнің атына бір көше атын беру керектігін айтпаған, жазбаған жеріміз жоқ. Бәрі де жүре тыңдап, салғырт қарайды. Тәуелсіздіктің нығаюына жергілікті жерде Мәкеңнен артық еңбек сіңірген кімің бар десең, ұққысы келмейді. Шенеуніктерге тек орден-медалі көп, қызметі жоғары, түрлі атақ алған адамдар ғана керек. Басқаларды білгісі жоқ. Әйтеуір, биыл өңірімізге Мәкеңнің еңбегінен хабары мол Айдарбек Сапаров әкім болып келді. Ол кісіні келмей жатып кеңірдектен ала алмадық... Енді сайлау науқаны өткен соң, тірі болса биыл 80 жасқа толатын асыл ағамыздың атына бір көше берерміз деген ойдамыз.