Жақында елордадағы Б.Майлин атындағы №52 мектеп-гимназиясында Алаш қайраткері Мағжан Жұмабайұлының 130 жылдығына орай қалалық семинар өтті. Профессор Нұрша Оразахынованың «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы бойынша ұйымдастырылған іс-шарада бастауыш сынып оқушылары бірнеше пән бойынша білім деңгейлерін көрсетті. Жоғарыдағы сұрақтарға да осы семинар кезінде жауап алдық.
«Сатылай кешенді оқыту» – Алаш зиялыларының білім беру саласындағы мұралары негізінде жасалған технология. Отбасы мен мектеп арасындағы білім беруді және ұлттық тәрбиені ұштастырған технология шеңберінде мектептің 1-4 сыныптары «Қазақ тілі» мен «Қазақ әдебиеті», 5-6 сыныптар «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті», «Орыс тілі», «Ағылшын тілі», «Қазақстан тарихы», «Математика» пәндерінен білік дағдыларын дамытып келеді. Осы технология арқылы оқу ордасында «үштік одақ» жұмысы да жүйелі жолға қойылған.
Семинар кезінде 1-сынып оқушылары ақын есіміндегі дыбыстарға дыбыстық мінездеме берсе, 2-сынып оқушылары Мағжанның «Бесік жырын» мәнерлеп оқып, өлең сөздеріндегі дыбыстарға математикалық тәсілмен мінездеме жасады. Ал 3-сынып оқушылары Ж.Аймауытұлының «Мағжан – алдымен сыршыл ақын» деген сөзіндегі «сыршыл» сөзін сөзсазындық сатылай кешенді талдау технологиясымен талдап берді. Бастауыш сыныпты аяқтағалы отырған 4-сынып оқушылары ақынның «Мен жастарға сенемін» өлеңін жатқа оқып, өлең жолдарындағы «ар-ұят» сөзін сөз құрамына, лексика-грамматикалық мағынасына қарай сатылай кешенді талдады.
Биылғы оқу жылында орта буынға қадам басып, бастауыш сыныптардан бастап «Сатылай кешенді оқыту» технологиясымен білім алып, қалалық, республикалық, халықаралық жарыстарда ерекше білімімен көзге түсіп жүрген 5-сынып оқушылары Мағжан Жұмабайұлының «Туған жер» өлеңіне талдау жасады. Бір айта кетерлігі, бұл оқушылар талдауды қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жасап, ақын туындысына математикалық есеп те жүргізді. Үш тілді еркін меңгерген оқушылар Алаш арысының мұрасын төл технология арқылы осылайша бойларына сіңіріп келеді.
– Оқу-ағарту ісінде елеулі еңбек еткен Мағжан Жұмабайұлы бір ғана «Сауатты бол!» оқулығы арқылы талай ұрпақтың көкірек көзін ашты. Төрт жылдық бастауыш мектеп міндеттерін жіктеп берген ақын баланың бір нәрсеге ұмтылуы оның ақылы, сезімі, жаны, денесі, қайратының бірдей күш жұмсауы арқылы болатынын айтады. Мағжан бала шақта алынған әсердің өмір бойы естен шықпауының мәнісін ғылыми тұрғыда да ашып берген. «Жас бала – жас бір шыбық, жас күнде қай түрде иіп тастасаң, есейгенде сол иілген күйінде қайтып алмақ», дейді ақын. Сол себепті бастауышта берілген білім – адамның өмір бойы жинайтын білім-білігінің негізі болып қала бермек. Алаш арыстары білімнің негізі бастауышта қаланатынын жақсы білген. Ал төл технологияның өзегі – уақыт талабына сай оқу-тәрбие үрдісін ұлттық құндылықтарға негіздеу. Осы технология бойынша оқитын бала ана тілін ғана жетік меңгеріп қоймай, сөздік қорын байытып, өзге пәндер бойынша да ойлау қабілетін дамыта алады, – дейді профессор Нұрша Оразахынова.
Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы Орта білім беру мазмұны институтының «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті» зертханасының меңгерушісі Айман Ақтанова бастауыш сынып оқушыларының талдауларын, сауатты сөз саптаулары мен ой жүйріктігін жоғары бағалады. «Жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруге ерекше қызмет етіп, мол мұра қалдырған Мағжан Жұмабайұлының еңбектерін «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы арқылы бала бойына сіңірудің ерекшелігі мол», деді ол.
Оқушылардың білім деңгейін Орта білім беру мазмұны институтының ғылыми қызметкерлері – Гүлдариға Кенжебаева, Жанбота Есепбай, Қайыркен Адиет, Айнұр Архыматаева және «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығының бөлім меңгерушісі Сара Бектасова бағалағанын атап өтейік.