Кешігіп келе жатқан пойызды күткендей сарылып отыратын кеңсе қызметкерлері үшін сағат тілі алтыны соқса, аспаннан алтын түскенмен бірдей. Демобилизация! Әскери борышынан босатылған солдат дерсіз. Бұл – бұрынғы қасаң да қатаң тәртіп. Өйткені бүгінде сол баяғыдай бес күн бойы таңмен таласа барып, сегіз сағаттан кеңсеге кісенделіп жұмыс істегісі келмейтіндер де шықты. Олар табысын фрилансер ретінде табады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек ресурстарын дамыту орталығының (ЕРДО) мамандары елімізде қанша фрилансер жұмыс істейтінін анықтады. ЕРДО сарапшылары жыл басында әлеуметтік аударымдармен, міндетті зейнетақы жарналарына талдау жүргізе отырып, 2021 жылы Қазақстанда 1 миллионнан аса адам фрилансер болып жұмыс істеді деген қорытынды шығарды. Сонымен қатар фрилансерлердің 78%-ы жалдамалы жұмыспен бірге қосымша қызмет істейді. Бүгінде біздегі фрилансерлердің орташа айлығы 255,8 мыңға жеткен. Олардың 15%-ы білім беру және сауда-саттық саласына, 13%-ы мемлекеттік басқару және әлеуметтік қамсыздандыру секторына тиесілі. Бұл ретте ең жоғары табыс – кәсіптік және ғылыми қызмет салаларында, онда орташа табыс 211 мың теңге және медианалық табыс – 111 мың теңге; тау-кен өндіру өнеркәсібінде – 209 мың және 149 мың теңге; ақпарат пен байланыста – 188 мың және 93 мың теңге. Еліміздегі фрилансерлердің 41%-ы Алматы, Астана және Шымкент қалаларында болса, оның 22%-ы Алматыда екен.
Салыққа салғырттық
Кеңседе істеген жұмыс нәтижелі дейтіндердің қатары әлі де көп. Тұрақты штат – тұрақты табыс. Экономика заңдылығы бойынша, тұрақты табыстың өнімділгі жоғары. Кейінгі жылдарда фриланстердің белсенділігі артқандықтан нарықта «Gig-economy» ұғымы қалыптасты. Бұл – қызметкерлер мен компаниялар арасында жасалатын қысқа мерзімді келісім. Бұл да экономиканың жаңа бір үлгісі іспетті. Ал экономист Досбол Нұрахмет мұның экономикаға кері әсері барын айтады.
– Еңбек нарығында фриланс көбеюінің экономикаға кері әсері де бар. Өйткені біздегі көп фрилансердің жеке кәсіпкерлігімен олардың тапқан табыстары көрсетілмейді. Дамыған елдерде бұл белгілі бір дәрежеде оң септігін тигізуі мүмкін. Онда салық ең маңызды түсінік болып қалыптасқан. Ал бізде салықтан жалтару жайы көп кездеседі. Осы тұрғыда алғанда мемлекет бюджетінің бір бөлігі зардап шегеді, дейді ол.
Тиімді және тиімсіз тұстары
ЕРДО сарапшыларының айтуынша, фрилансер тұрақты қызметкер секілді ақылы еңбек демалысына шыға алмайды. Штаттан тыс істеймін деп «шөміштен қағылатыны» да осы тұс.
– Еркін жалақы алатын қызметкерлер көбінесе әлеуметтік қорғау жүйелерінен тыс қалып жатады. Мысалы, дәстүрлі жұмыспен қамту шеңберінде берілетін еңбек құқықтарында жыл сайынғы демалыстар, біліктілікті арттыруға және т.б. мүмкіндік аз, тіпті жоқ десе де болады, дейді ЕРДО Стратегия департаментінің директоры Ұлпан Шегенова.
Пандемия уақытында бір жылдай үйде жұмыс істеуге мәжбүр болдық, біршама қиын тұстарын бастан кештік. Мәселен, жұмыс режімі 24/7 болды. Күні-түні жұмыс. Бұл ретте сарапшылар «ұтымды тайм-менеджмент және тапсырыс берушімен дұрыс жұмыс істеу уақытын нақтылау қажет», дейді.
Ал фрилансер болып жұмыс істейтін Ерлан Оспанның айтуынша, фрилансерліктің екі жағы да бар. Мәселен, ол фрилансерде ғана еркіндік бар дегенге келіспейді.
– Қазіргі жас ерекшелігіме байланысты фриланс болған маған ыңғайлы. Бұрын мен тұрақты штатта мемлекеттің жұмысын істедім. IT саласына қатысты жұмыстармен қатар БАҚ саласында еңбек еттім. Бас редактор болып, километр-километр мәтін тексердік. Қазір бұл – маған қол емес. Сондықтан фрилансты таңдадым. Енді жастардың көбі неліктен осыны таңдады дегенге келсек, ұрпақтар сабақтастығы жоқ. Жастарға мекеменің басшылары жасы үлкен болған соң өктемдік танытады. Тапсырма береді, бұйырады. Оған жастар намыстануы мүмкін. Бізде әлі де кейбір жерлерде кеңестік басқару жүйесінің сарқыны бар. Солдафонды қазір мен де көтере алмаймын, – дейді ол.
Оның пікірінше, фриланстың тиімсіз жағы – кепілдік жоқ. Бір айда көп тапсырыс алып, қалған екі айда қарап отыруы мүмкін. Фриланс нарығы толқымалы. Бұл жерде ұсыныс кейде күрт өседі. Енді бірде бір орынға 100 адам таласып қалуы мүмкін.
– Қазір фрилансер жай жұмысшыдан көп табуы мүмкін. Интернеттегі фриланс биржаларда шығады. Мысалы, Беларусь елінен Қазақстанға арналған бір тауар шығарылып жатыр делік. Соның заттаңбасын, нұсқаулығын қазақ тілінде аудару керек. Мен 4 сағатта соны тып-типыл аударып, 400 мың алуым мүмкін. Ал менің әріптестерім ол ақшаны бір ай бойы шауып жүріп алады. Бірақ еркін жұмыста кепілдік жоқ, дейді Е.Оспан.
Ол бұрын басшы болып істеген маман ретінде фриланс кәсіпорындар мен фирмаларға пайдалы екенін алға тартады. «Цифрлану дегенді бізде электроника, смартфон, компьютерге байланысты түсінеді. Бұл деген – нақтылыққа бейімделу. Цифрлану дегеннің бір қыры – адам мүдделері мен талаптарының айқындалуы. Біз соны енді үйреніп келеміз», дейді ол.
Фрилансер болу үшін адам ең алдымен өз қабілеті жететін, әрі тиімді жұмысты таңдайды. Осыған дейінгі жинаған тәжірибеде фрилансерлік қызметіңіздің табысты болуына әсер етеді. Фриланс биржасындағы жұмыстар санатына копирайтинг, журналистика, интернет-жарнама, веб-мастер, графика, дизайн, иллюстрация, бағдарлама жасау, аударма жасау, менеджерлік жұмыс, интернет-консультант, сценарист және бұл санаттың ішінде сатылымға бейімделген шығарма жазатын жазушы да кіреді екен.
– Көбі мұны сән көреді. Сөйтіп, әлеуметтік желіде жазып отырады: «Мен 20 жылымды босқа құртыппын, жеке кәсіпкер екенмін ғой» деп. Ондай адамдардың қателесетін жері – олар алдыңғы сарп еткіздім деген 20 жылы тәжірибеге кеткенін ұмытып кетеді. Сен қазір бірдеңені бес-ақ минутта жазып тастасаң, ол аспаннан түскен құдірет емес. Өмір жолындағы тәжірибеңмен келіп тұр. Егер сен сол 20 жылда ондай тәжірибеден өтпесең, өнімділікті, сапаны аспаннан ала салмайсың, деп түйіндеді Е.Оспан.
Визионердің болжамы
Қазіргі цифрлы дәуірде фрилансерге сұраныс көп деп ойлаймыз, алайда ашық дерек көздерінің мәліметі керісінше екенін көрсетіп отыр. Мәселен, HeadHunter жұмыс іздеу мен қызметкер жалдау порталында фрилансерлер үшін 665, кеңсе қызметкерлері үшін 1 247 бос жұмыс орны ұсынылған. Бұған қоса Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, биыл 6,9 млн тұрғын – жалдамалы қызметкер, ал 2,1 млн адам – өзін өзі жұмыспен қамтушылар. Ұлыбританиялық «The Guardian» басылымы пандемия кезіндегі еңбек нарығын сараптай келе, болашақта кеңсенің қажеттілігі мейлінше азаяды деген тұжырымға келіпті. «Пандемия адамдарға өз жұмыс уақыты құнды капитал екенін түсіндірді. Басылым 2030 жылға қарай АҚШ-тағы жұмысшылардың жартысына жуығы фрилансерлер болады деп болжап отыр. Ал жұмыс берушілердің үштен екісі қазіргі уақытта қашықтан жұмыс істеудің немесе гибридті жұмыс істеудің түрін (онлайн мен офлайнда қоса істеу) «жаңа норма» деп санайды. Көптеген компания өздерін «толығымен қашықтан жұмыс істейтіндер» деп жариялайды» делінген болжамда. Ал PwC Халықаралық консалтинг және аудит компаниясының болжамына қарағанда, фриланс жаһандық нарығының 2025 жылға дейінгі орташа жылдық өсу қарқыны – 16%, ал нарықтың өзі 6,54-тен 13,84 трлн долларға дейін өседі. Қазір «Google», «Microsoft» секілді ірі компаниялар еркін форматқа көше бастады. Өйткені олар жұмыс орнына қолайлы жағдай жасаған. Қызметкерге міндетті түрде жұмысқа келу шарт емес. Керегі – белгіленген тапсырманы уақтылы орындау. Осы секілді шетел тәжірибесі Қазақстан еңбек нарығына еніп келеді.
Қытай реформаторы Дың Шаупыңның бір тәмсілі бар ғой: «Мысық ақ па, қара ма, бәрібір, тышқан алса болды» деген. Бұл қағида еңбек нарығына қаншалықты әділ қиысатынын кім білсін, әйтеуір кім қай бағытта жұмыс істесе де, екі қолға бір күрек тауып, тұрмысынан таршылық көрмесе болғаны...