Саясат • 20 Ақпан, 2023

Үлкен мүдде: шағын мемлекеттермен байланыстырады

318 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Тәуел­сіздік алғаннан бастап Қазақстан көптеген елмен дипломатиялық байла­ныс орнатып, қарым-қатынасын айқындап алды. Мұндай елдердің ішінде ал­пауыт державалармен бірге шағын мемлекеттер де бар. Елімізді Орта­лық Америкадағы Белиз мемлекеті және Гималайда орналасқан Бутан пат­ша­лығымен не байланыстырады?

Үлкен мүдде: шағын мемлекеттермен байланыстырады

Коллажды жасаған Алмас МАНАП, «EQ»

Белизбен байланыс

Белиз мемлекетімен Қазақстан 2013 жылы 7 қарашада дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Екіжақты байланыстың бірлескен ресми құжатына Қазақстанның Вашингтон қаласындағы елшілігінде қол қойылды. Осыдан бастап екі ел арасында саяси, экономикалық және мәдени өзара ынтымақтастық орнады. Жалпы, Белиз Қазақстанмен энергетика мен экотуризм саласында ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық білдірді.

Алайда осы байланыс орнаған он жыл ішінде екі ел арасында экономикалық салада айтарлықтай алыс-беріс жоқ. Белиз мемлекеті негізінен сыртқа қант құрағын, банан, цитрус тектестерін, киім, теңіз өнімдері мен ағашты экспорттайды. Бұл өнімдерді Қазақстан өзге елдерден алады. Жалпы, елдің бacты 10 caудa cepiктeci бap. Oлap – Peceй, Қытaй, Итaлия, Oңтүcтiк Кopeя, Фpaнция, Нидepлaнд, Түpкия, Өзбeкcтaн, Иcпaния, Швeйцapия. Соңғы жылдары қазақстандық тауарларды өткі­зу­дің негізгі нарықтары Қытай, Италия және Ресей болып келеді. Сондай-ақ БЭЖ, ЕО және Орталық Азия елдеріне жеткізу көлемі артып келеді.

Жалпы, Белиз экономикасының негізін ауыл шаруашылығы, туризм мен қызмет көрсету саласы құрайды. Осы орайда, екі ел арасында мәдени және туризм саласы дамып келеді. Белиз­дің басты табыс көзі – туризм. Жер-жерден келген туристер елге көрікті жер­лер­ді көруге, суға түсуге және балық аулауға, Белиздің әдемі курорттарында демалуға келеді. Оның ең танымал Атолл Тернеффе, Сан-Педро, Сан-Игнасио, Кей Колтер және Плаценция секілді танымал курорт­тық жерлері отандастарымыздың де­ма­луға баратын жерлерінің біріне айна­лып келеді.

Осы орайда өткен жылдың аяғында Қазақ­стан мен Белиз Сыртқы істер ми­нистр­ліктері визасыз режім орнатуға бай­ланысты келіссөз жүргізді. Бұл ке­лі­сім негізінде екі мемлекеттің азамат­тары бірінші келген күннен бастап әрбір 180 күндік кезең ішінде екінші тарап мем­лекетінің аумағына 30 күнге дейін визасыз кіруге, шығуға, транзит­пен өтуге және елде болуға мүмкін­дігі бар. Мәселен, екінші тараптың мем­лекеті аумағында 30 күннен астам болуға ниет білдірген азаматтар оның аума­ғында еңбек немесе коммерциялық қызметті жүзеге асыруға не осы елдің дип­ло­матиялық өкілдігінен немесе кон­сул­дық мекемесінен тиісті виза алуға міндетті. Сонымен қатар негіздемеде құ­жатқа қол қою елдер арасындағы ты­ғыз ынты­мақтастықты нығайтуға және дип­­ломатиялық, қызметтік төлқұжат ие­лері үшін жеңілдетілген визасыз тәртіп орнатуға мүмкіндік береді.

Белиз – Орталық Американың солтүс­тік-шығысында орналасқан мемлекет. Елдің негізгі тілі ағылшын, алайда бұл тілді халықтың 4 пайызы ғана қолданады. Елдің 75-80 пайызы белиздік креоль тілінде сөйлейді. Бұл тіл жергілікті халық тілі. Ондағы халықтың 49,6%-ы католиктер, 27%-ы протестанттар, 9,4%-ы атеис­тер және 14%-ы өзге дінді ұстанады. Мемлекет ағылшын колониясынан 1981 жылы 21 қыркүйекте тәуелсіздікке қол жеткізді. Осыған қарамастан елде 1500 ағылшын әскері қалып қойды. Ол 1992 жылы Гватемаланың өз талаптарынан бас тартқаннан кейін ғана шығарылды. 1981 жылдан бастап БҰҰ мүшесі және 1991 жылдан Америка елдерінің құрамына кіреді.

1970 жылға дейін астанасы Белиз қаласы болып келді. Бұл қала бірнеше рет дауылдан және су тасқындарынан жапа шекті. 1961 жылы болған жойқын дауыл­дан кейін Белиз қаласынан оңтүстік-ба­ты­сын­­дағы 80 шақырым жерде Бель­мопан қаласын сала бастады. 1970 жылы бұл қала ұлттық резиденцияға айнал­ды. Белиздің елді басқару жүйесі парламенттік-демо­кра­тиялық Вестминстер жүйесімен жа­салған. Елге Ұлыбритания монархы басшылық жасайды, ол генерал-губернатор атағын ие. Ал атқарушы билік жү­йе­сіне үкімет ие, үкіметті премьер-министр лауазымына тағайындалатын адам басқарады.

 

Бутан патшалығы

Бутан патшалығы – Бангладеш, Үндіс­тан, Жапония, Непал, Пәкістан және Оңтүстік Кореяны қоспағанда, Азия­ның өзге 18 елімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан ел. Бұл қатарда Қа­зақ­стан, Ауғанстан, Әзербайжан, Бахрейн, Бирма, Индонезия, Кувейт, Моңғолия, Оман, Сингапур, Шри-Ланка, Тәжікстан, Таиланд, Мальдив аралдары, Біріккен Араб Әмірліктері және Вьетнам бар.

Қазақстан мен Бутан патшалығы ара­сындағы қарым-қатынас 2012 жылы орнады. Екі ел осы уақытқа дейін мә­де­ни-гуманитарлық және туристік сала­лардағы көпжақты, сондай-ақ екі­жақ­ты ынты­мақ­тастықты дамытып келеді. Негізі бұл патшалықтың өкілдері елге ат басын жиі бұратындардың қата­рын­да. Мәселен, 2017 жылы Аста­на­да өткен «ЭКСПО» ха­лық­ара­лық ма­ман­дандырылған көрме­сіне Бутан басшылығы мен компаниялары арнайы шақырылды. Сондай-ақ Бутан – Қазақстандағы жасыл экономиканы құруға байланысты кеңес беріп, осы бағытта ұйымдастырылған іс-ша­ра­ларға белсенді қатысқан елдер­дің бірі. 2019 жылы елордада екінші рет өткізілген жасыл өсім форумында Бутан патшалығының бұрынғы премьер-министрі Тшеринг Тобгай уақыт өткен сайын жаһандық климат мәселесі ушы­ғып бара жатыр деп дабыл қағып, «жасыл» экономикаға көшу қажеттігін атып, бірқатар елге ұсыныс жасады.

– Уақыт создырмай барлық мемлекет «жасыл» экономикаға көшкені жөн. Дүние жүзіндегі климаттың күрт өз­геруі туралы дәлел келтірудің өзі артық. Оны баршамыз сезіп келеміз. Бүгінде сынап бағанасы әлем бойынша 1 градусқа жоғарылады. Даусыз, бұл алаңдатарлық жағдай. Теңізге шығуға мүмкіндігі жоқ елдерде ауа райы 1,5 градусқа дейін көте­ріліп жатыр. Бұл мамандардың айт­қаны. Мұздықтардың еруі теңіз дең­гейінің көтерілуіне алып келеді. Бұған Гренландиядағы мұз­дық­тар­дың еруі нақты дәлел. Осыған байланысты болашақ ұрпақтың мәселесін қазірден бастап ойланғанымыз дұрыс, – деген еді Т.Тобгай.

Ал өткен жылдың соңында Қазақс­тан­ның Бутан корольдігіндегі елшісі қызметін қоса атқарушы ретінде Нұрлан Жалғасбаев Бутан Королі Джигме Кхесар Намгьял Вангчукке сенім грамотасын тапсырды. Сондай-ақ Қазақстан елшісі екіжақты Бутан үкіметімен кездесулер өткізіп, екі ел арасындағы саяси, экономикалық, мәдени-гуманитарлық және туристік салалардағы көпжақты, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықты, оның ішінде тиісті келісімдер жасасу арқылы арттырудың перспективалық бағыттары бойынша пікір алмасты.

Бутан патшалығын Азиядағы ең жабық елдердің бірі деуге болады. Бұл мем­ле­кетке кіру үшін елдің туризм министрлігінде аккредиттелген белгілі бір туристік агенттік арқылы рұқ­сат алу керек. Саяхатқа тек гидтің сүйе­­мелдеуімен немесе ұйымдасқан топтардың құрамында рұқсат етіледі.

Бутан корольдігі – Азияның оңтүс­ті­гінде, Шығыс Гималайда орналас­қан мемлекет. Друкюл немесе «айдар елі» деп те аталынады. Астанасы Тхимпху қаласы. Тибеттен шыққан монғол расасына жатады. Мемлекеттік тілі дзонг-кэ (бхотия) тілі. Халқының көпшілігі будда дініндегі ламашылдық сенімді ұстанады. Заң қабылдаушы органы Ұлттық Ассамблея (Цонгду). Атқарушы билік Министрлер кеңесінің қолында. Бутан Шығыс Гималайдың биік тау аңғарларында, Брахмапутра өзенінің бойында орналасқан. Климаты муссонды, төмен белдеулері тропиктік. Жерінің 64 пайызын мәңгі жасыл орман алып жатыр.

Ғалымдардың айтуынша, Бутанның ежелгі және орта ғасырлардағы тарихы толық зерттелмеген. VI-VII ғасырларда Бутан территориясы қазіргі Үндістанның Ассам штатын қамтыған Брахмапутра өңіріндегі Камарупа мемлекетінің құра­мын­да болған деген жанама деректер кездеседі. Камарупа құлағаннан кейін Бутанға бірнеше рет тибеттіктер басып кіріп, олардың едәуір бөлігі осында тұрақтап қалған. Тибеттіктер Бутанда өз мәдениеті мен ламашылдықты ұстанды. Біртұтас діни ұйымға біріктірілген Бутан XVII ғасырдың ортасында тәуел­сіз теократиялық мемлекет болып қа­лып­тас­ты. XIX ғасырдан 1947 жылға дейін Британия протектораты болды. 1907 жылы ағылшындардың көмегімен мұ­рагерлік монархия Вангчуктер әуле­тінің билігі орнады. Ағылшын отарлық үкіметі Бутанның сыртқы сая­сатын қадағалағанымен, іш­кі өміріне араласқан жоқ. 1949 жылы Бутан тәуелсіздік алды, бірақ шет мемлекеттермен байла­нысы Үндістанның бақылауымен жүргізіледі. 1954 жылы заң қабылдаушы органы Цонгду құрылды. Қорыта айтқанда, Қазақстанның шағын мемлекеттермен байланысы мәдени қарым-қатынасқа құрылған.

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024