21 Маусым, 2014

Ағылшындар да жарыс жолынан шығып қалды

336 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Футбол-2014-1Біз есебін бергелі отырған маусымның 19-ынан 20-сына қараған түні әлем чемпионатында үш ойын ойналды. Олардың екеуінде 2:1 деген есеп тіркеліп, біріншілік­­­тегі ең жиі қайталанып тұрған бұл көрсеткіштің жалпы санын 8-ге жеткізді. Осылар­­дың бірінің нәтижесі футбол отаны саналып жүрген Англия елінің құрамасын жарыс жолы­нан күні бұрын шығарып тастады. Тағы бір ойын 0:0 деген көрсеткіштің көлемін екіге еселеді. Енді осылардың бәрін өз рет-ретімен баяндайық. Бұл күні қарсыластар арасында алаңға Колумбия және Кот-д`Ивуар командалары бірінші болып шықты. Матч 2:1 есебімен амери­­калықтардың пайдасына шешілді. Әр тайм­ның әртүрлі көрініс бергеніне қара­мастан, ойын жұрттың күткен дең­гейінен табылды. Үзіліске дейін шын мәнінде екі командада да гол соға­тындай мүмкіндіктер болған жоқ. Ең бір қолайлы сәтті Хамес Родригес жеткізген допты қақпаға тура бағыттай алмаған Теофило Гутьеррес жіберіп алды. Екінші таймның басы тура бірінші бөліктегідей жоғары қарқынмен өрбіді. Мұны, әсіресе, Колумбия құрамасы көбірек ұстанды. 58-минутта Хуан Куадрадо доп­ты қиыс бұрыштан ұрып, қақпа бағанына тигізді. Көп ұзамай «кофешілер» бұл басымдылықтарын голға айналдыра білді. Бұрыштамадан айып алаңына тасталған допқа таласта Родригес жанындағы Дидье Дрогбадан бұрын қимылдап, оны басымен қақпаға бағыттап үлгерді. Арада 6 минут уақыт өткенде, әлгіндегі Родригес қарсы бетте допқа қол жеткізіп, кезекті кең қанатты шабуылды бастап берді. Оның аяғынан жеткен допты ойынға енді қосылған Хуан Кинтеро қақпаға дәл ұрып түсірді. Есеп осылайша демде 2:0-ге жетті. Уругвай-Англия Бірақ бұл ивуарлықтардың еңсесін қатты түсіре қоймаған сияқты. Мұны осыдан кейін олардың бірнеше рет тегеурінді шабуыл ұйымдастырулары байқатты. Сондай жігерлі жорықтардың бірін өзі бастаған Жервинье сол қапталмен атылып шығып, жолай бірнеше бәсекелесін орағытып өтті. Сосын айып алаңының ішіне кірді де, бірден қақпашының оң жағын ала ұрды. Гол! Осы доптан кейін «пілдер» ойынның қалған уақытында қарсы қақпа жақтан шықпай қойды. Алайда, сол толассыз шабуылдардан тиісті нәтиже шығара алмады. Бұдан кейін алаң төріне Уругвай және Англия футболшылары көтерілді. Англия құрамасы жаһандық жарыстағы осы кезге дейінгі екі ойынын да 1:2 деген есеппен аяқтады. Альбион жерінен келген жігіттердің алғы күнге асыққан армандарының алауын өздеріне таныс Луис Суарес есімді жалғыз шабуылшы бір деммен өшіріп тастады. Кездесудің бірінші таймында ойынның баяу қарқынмен өрбігеніне қарамастан, командалар өз жанкүйерлерін бірқатар тартысты оқиғаларымен еліктіріп тұрды. Осы тұстарда қақпа құлпын ашудың тамаша мүмкіндіктерін  Кристиан Родригес, Эдинсон Кавани және Уэйн Руни сынды ойыншылар жіберіп алды. Алайда, гол бір-ақ рет соғылды. Оны Луис Суарес ағылшындар қақпасына тура бағыттады. Уругвай жанкүйерлері осының алдында Коста-Рикамен өткен ойында алаңға шықпаған тап осы форвардтан үміт күтіп отыр еді. Рас, Луис ойынның басында өзінің әрекетімен ерекшелене қоймады, ойын тізгінін де қолға сирек алды. Дегенмен, өзіне тап келген бірінші мүмкіндікті керемет пайдаланып, Джо Харриді қапыда қалдырды. Екінші тайм Оскар Табарес шәкірттерінің шабуылымен басталды. Бірақ ағылшындар уақыт озған сайын басымдылықтарын арттыра берді. Нәтижесінде екінші таймның ортасынан бастап уругвайлықтар өз алаңы маңына тықсырылып тас­талды. Соның пәтінде ағылшындар есепті де теңестіре алды. Қапталдан Глен Джонсон жеткізген допқа Уэйн Руни егелік етті. Ол қақпа алдындағы қарбалас шақта Фернандо Муслераны қапыда қалдырды. Осыдан жігерленген британиялықтар бұдан да әрі кетті. Қауырт шабуылдар иірімінде Даниэль Старридж айып алаңы сызығынан өте қатты ұрды. Уругвай қақпашысы бұл допты әупіріммен сыртқа жөнелтті. Бірақ америкалықтарда осындай қысылтаяң кездері тұйықтан саңылау тауып, шығып кететін бір адам бар екен. Ол – Луис Суарес ойын бітуге 5 минут қалғанда кезекті қауіптің бұлтын өзімен бірге ілгері әкетіп, алға тұра ұмтылды. Бір кезде ол Джо Хартпен бірге-бір шықты да, қақпашы жанынан допты зу еткізді. Гол! Сонымен, есеп 2:1-ге жетті. Ал кеше таң алдында  Наталдың «Арена дас Дунас» стадионында аяқтал­ған Жапония мен Грекия құрамала­ры­ның кездесуінде есеп ашылған жоқ. Командалар ойынның басын барынша мұқият өткізді. Олар абайлап басқан қимыл-әрекеттің барысында бір-бірлерінің айып алаңдарына бірнеше рет баса-көктеп кіріп те жатты. Алайда, ұжымдарға бұдан тиімді қорытынды шығарудың реті келе қоймады. Сондай жорықтардың бірінде гректерге бұрыштама берудің сәті түсті. Әйткенмен, допқа жалпы жапондар көбірек иелік етті. Альберто Дзаккеронидің шәкірттері ойын тізгінін өз қолдарына алып алғандарымен, оларға қарсы жақтың тығыз тұрғызылған қорғаныс дуалдарынан ары қарай аттап өту оңайға соқпады. Ал гректер «сәттілік кілтін» көбіне қарсы шабуылдардан іздеп тұрды. Солардың бірінде ежелгі элладалықтардың ұрпақтары есеп ашып та кете жаздады. Ол Панайотис Коненің жолдан іліп әкеткен добымен алаң ортасынан ағып өтіп келіп, шамамен 25 метр жерден дарбазаға соққы жасауымен көрініс берді. Бірақ қақпашы  Эйдзи Кавасима мұндай соққыны қабылдауға әзір болып шықты. Көп ұзамай гректер қауіпті тұстан қақпаға қарай айып добын ұру мүмкіндігіне де қол жеткізді. Таймның экваторына таянған тұста жапондар тізгінді қайтадан өздеріне қарай тартып әкетті. Олардың бұл әрекеттеріне осыдан кейін гректердің команда капитаны Костас Кацуранистің екінші мәрте «сары қағаз» алу арқылы алаңнан қуылып кетуі отқа май құйғандай әсер етті. Осыдан кейін Күншығыс елінің ұландары өздеріне аса керекті жеңісті жұлып әкету үшін аянып қалған жоқ. Бұған Грекия футболшылары сауатты қорғана отырып, ұдайы қауіптің бұлтын өз айып алаңдары маңынан қашықтатып тұруға барынша күш салумен жауап қайтарды. Кездесудің екінші бөлігінде де осы ойын өзінің жалғасын тапты. Оның алғашқы минуттарынан ойын­­­­шыла­рының саны артық жапондардың көп күшпен шабуылға шығып тұратыны, ал гректердің тасқамал қорғанысқа тірек арта отырып, сирек бұрқ ете қалатын қарсы шабуылдарға сүйенетіні белгілі болып қалды. Соның пәтінде самурайлар жаппай жорыққа бас қойды. Алайда, олардың шабуылдарында өткірлік пен тапқырлық жетіспей жатты. Кіл бірөңкей жүйемен ұрған тасқынның бетін қайтару сондықтан элладалықтарға тым қиынға соққан жоқ. Мұны аз десеңіз, гректер қарсы шабуылдарды да жиі қолданып тұрды. Сондай сәттердің бірінде олар қатарынан үш рет бұрыштама добын берді. Фернанду Сантуштың шәкірттері сол ырғында Кавасима қорғаған қақпаны қақыратып өтуге де сәл қалды. Жапондар таймның ортасында ғана ойынды теңестіріп, қысым жасауын қайта жалғастыра бастады. Бірақ қарсы жақтың өте үйлесімді тұрғызылған қорғаныс шебін сетінетіп өтуге ақыры шамалары келмеді. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан».