Сенат • 19 Ақпан, 2023

Қуатты өңір – экономикалық дамудың кілті

327 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Сенатта «Тиімді өңірлік саясат – еліміздің орнықты әлеуметтік-эконо­микалық дамуының негізі» тақырыбы­на арналған парламенттік тыңдау өтті. Жиын барысында осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың есебі тыңдалды.

Қуатты өңір – экономикалық дамудың кілті

Сенат төрағасы жиында Палатаның күн тәртібіндегі өңірлердің дамуы мен мемле­кет­тік өңірлік саясаттың тиімділігі туралы парла­менттік тыңдау ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Мәулен Әшімбаев бүгін­де Сенат өңірлердің мүддесін қорғайтын Палата ретінде өз жұмысын қайта айқындап жатқа­нын атап өтті. Сондай-ақ бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы бойынша жүзеге асырылып жатқан саяси ауқымды реформалардың заңды жалғасы екеніне тоқталды.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлік саясатты жетілдіру жөнінде нақты міндеттер жүктеді. Шын мәнінде, қуатты өңірлер – еліміздің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқаты мен бәсекеге қабілеттілігінің негізі. Мемлекет басшысы үнемі осы қағидаға баса мән беріп келеді. Сондықтан өңірлердің теңге­рімді дамуына ықпал ету Сенаттың басым мін­деттерінің бірі деп белгілеп отырмыз. Жалпы, соңғы уақытта Парламент аймақтардағы проблемаларды шешуге арналған ондаған заң қабылдады», деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат төрағасы атап өткендей, өңірлердегі инфрақұрылымдық проблемалар – жылумен және электрмен жабдықтау, жолдардың, әлеуметтік инфрақұрылым жағдайының төмендігі, сондай-ақ халық табысы деңгейінің аздығы маңызды болып қала береді.

«Мемлекет басшысы «Инвестиция орнына тариф» бағдарламасы арқылы өндіріс қуатының тозуын азайту туралы нақты тапсырма берді. Бұл ретте өңірлердегі жылумен жабдықтау желілерін жаңғырту жұмыстарын жандандыру аса маңызды. Олардың 50 пайыздан астамы әбден тозған. Кейбір аймақтарда бұл көрсеткіш 80 пайызға дейін жеткен. 2023 жылғы бюджетті нақтылау аясында осы мақсатқа қаржы бөлу жоспарланып отыр. Азаматтардың әл-ауқатына тікелей қатысы бар осы мәселелерді дәйекті түрде шешу қажет. Сонымен бірге сапасыз нашар жолдар да өңірлерді дамытуды тежейтін факторлардың бірі екені анық. Сенаторлар бұл мәселені депутаттық сауалдарда жиі көтеріп келеді. Қазіргі уақытта республикалық жолдардың жартысының ғана жағдайы жақсы», деген Мәулен Әшімбаев өңірлердің негізгі проблемаларына назар аударды.

Бұдан кейін Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр баяндама жасады. Оның айтуынша, былтыр 3 мың шақырым жылу сумен жабдықтау және су бұру желілері жаңартылған. Биыл 2 мың шақырымға жуық желіні қайта құру есебінен тозу көрсеткішін 50 пайызға азайту жоспарда бар.

«Сумен жабдықтау қызметімен қала және ауыл тұрғындары тиісінше 98 пайыз және 94 пайыз деңгейде қамтылған. Биыл сумен қамту қызметіне 172 млрд теңге бөлінді. Нәти­жесінде, қала тұрғындарының 98,7 ауыл тұрғындарының 96 пайызы қамтылады. 2025 жылдың соңына дейін халықты ауызсумен қамту 100 пайызды құрайды. Халықтың және экономиканың өсіп келе жатқан қажеттілік­терін ескере отырып энергия көздерінің қуат­тылығын арттыру шаралары жүргізіліп жатыр. Өткен жылы алғаш рет жаңа стансалар салу бойынша аукциондар өткізілді. 2026 жылға қарай Алматы, Қызылорда, Түркістан және Ұлытау облыстарында жалпы 1700 МВт қуат­тылығы бар икемді генерация көздері жүзеге асырылады», деді Р.Скляр.

Заманауи технологияларды енгізе отырып Екібастұздың жаңа ГРЭС-3 құрылысының жол картасы әзірленген екен. «Самұрық-Энерго» Екібастұз ГРЭС-2 қосымша энергоблоктар салу жобасын жүзеге асырады. Ақсу ГРЭС-ін кеңейту жоспарланған.

«Өткен жылы жалпы қуаты 385 МВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің 12 нысаны іске қосылды. Биыл 276 МВт жаңартылатын энергия көздерінің 15 нысаны іске қосылады. Нәтижесінде, жаңартылатын энергия көздерін өндіру үлесі 5 пайызға дейін өспек. 2025 жылға дейін қуаттылығы 757 МВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің 41 жобасын пайдалануға беру жоспарда бар. Мемлекет басшысының тапсырмасымен барлық жылу электр стансалары мен электр желілеріне ревизия жүргізілуде. Бұл тексеру бірінші тоқсанда аяқталады. Тексеру қорытындысы бойынша тиісті шаралар жоспарын қабылдаймыз. Сонымен қатар ауқымды жөндеу науқанына дайындалып жатырмыз. Меншік иелерінің жауапкершілігі қайта қаралып бақылау-қадағалау функциялары мен саланың жалпы тиімділігі күшейтіледі. Арнайы комиссия тез арада жаңғыртуды қажет ететін 19 проблемалы ТЭЦ-ті анықтады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Көкшетау және Семей қалаларында жаңа жылу электр стансаларын салу Павлодар мен Екібастұздағы жылу электр стансаларын жаңғырту жұмыстары жүргізіледі», деді Р.Скляр.

Сондай-ақ Премьер-министрдің орынбасары газдандыру жұмысына да тоқталды. Мәселен, өткен жылы 142 жоба жүзеге асты. Биыл 56 елді мекеннің 167 мың тұрғынын газбен қамтамасыз ету үшін 86 жоба жоспар­лан­ған. Бұл елді газдандыру деңгейін 60 пайызға жет­кізуге мүмкіндік береді.

«Өңірлер ішінде және өңірлер арасындағы көлік байланысын қамтамасыз ету үшін жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соңғы 3 жылда 8 мың шақырымнан астам республикалық маңызы бар жолдар салынып жөнделді және 9,5 мың шақырымнан астам жергілікті маңызы бар жолдар жөнделді. Нәтижесінде, стандартты жағдайдағы жолдардың үлесі республикалық желіде 91 пайызға жергілікті желіде 85 пайызға артты. 2023 жылы 7 мың республикалық маңызы бар жолды және 3 мың шақырым жергілікті желілерді қайта құру және жөндеумен қамту жоспарланған», деді Р.Скляр.

Бұдан бөлек, баяндамашы баспана мәселе­сіне де тоқталды. Премьер-министр келтір­ген деректерге сүйенсек, былтыр елімізде 15 млн шаршы метр 130 мыңнан астам тұрғын үй са­лын­­ды. Тұрғын үй құрылысына салынған инвес­­тиция өткен жылмен салыстырғанда 17 пайызға артып 2,9 трлн теңгеге жетті. Биыл 15 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі.

Бұдан кейін сенатор Серік Шайдаров баян­дама жасап, жоғарыда аталған проблемалар сенаторлардың халықпен кездесулерінде және Парламент Сенатының «Өңір» депутат­тық тоб­ы­ның отырыстары барысында жиі көтеріле­ті­нін айтты. Сенатордың айтуынша, қазіргі таң­да «орталық» пен «аймақтар» арасында тиіс­ті байланыс орнатылмаған.

«Басқару деңгейлері арасында өкілеттік­терді теңгерімді бөлу жөніндегі жұмысты күшейту қажет. Жергілікті атқарушы органдар өңірлердегі проблемаларды шешу үшін жет­кілікті өкілеттіктерге ие болуға тиіс. Ал өңіраралық мәселелер орталық деңгейде шешілуі керек. Проблемалардың ауқым­дылығы мен өзектілігі өңірлердің одан әрі тиімді дамуын қамтамасыз етуге қауіп төндіретіні сөзсіз. Сондықтан өңірлік саясатты жетілдіру бойынша жедел және ұтымды шаралар қабылдаудың маңызы зор», деп түйіндеді Серік Шайдаров.

Іс-шараны қорытындылаған Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев айтылған барлық ұсыныс парламенттік тыңдаудың қорытындысы бойынша әзірленетін ұсынымдарға енгізіліп, Үкіметке жіберілетінін айтты. Сондай-ақ ол мәселелер Сенаттың алдағы жұмысында да ескеріледі.

«Айтылған басымдықтарды іске асыру үшін Сенат депутаттары Үкіметпен бірлесіп жұмыс істеуге дайын. Осы ретте өңір­лерді дамыту Сенат жұмысындағы негізгі басым­дықтардың бірі екенін тағы да атап өткім келеді. Біз осы бағытты әрдайым назарда ұстай­мыз. Бұл – халықтың да басты талабы. Қазір азаматтарымыз бізден нақты нәтижелер күтіп отыр. Бүгінгі тыңдау өңірлерімізді дамыту және азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру жолындағы бірлескен жұмысымыздың жаңа кезеңіне жол ашып берді деп ойлаймын», деді Мәулен Әшімбаев.

Тыңдау барысында Ақтөбе, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдері Ералы Тоғжанов, Нұржан Нұржігітов және Айдарбек Сапаров, Дүниежүзілік банктің Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Татьяна Проскурякова, Жас сарапшылар клубының мүшелері, сондай-ақ тағы басқа азаматтар баяндама жасады.