Әлем • 20 Ақпан, 2023

Түркиядағы жер сілкінісі кезінде сәбилерді құтқарған медбике сұхбат берді

399 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркияның Газиантеп қаласындағы ауруханалардың бірінде жер сілкінісінің алғашқы минуттары бейнекамараға түсіп қалды. Сол сәтте кезекші медбикелердің бірі науқас сәбилерді құтқару үшін жүгіре жөнелген, деп хабарлайды Egemen.kz TRT Haber агенттігіне сілтеме жасап. 

Түркиядағы жер сілкінісі кезінде сәбилерді құтқарған медбике сұхбат берді

Желіде тараған видео кадрларынан медбикенің жер сілкінісі кезінде ауруханадан қашып кетпей, науқас сәбилерді құтқаруға жүгіргенін байқауға болады. Бұл медбикенің есімі - Сейма Алакуч.  

«Жер сілкінген кездегі менің міндетім науқастарға бару еді. Өйткені оларды қорғай аламын деп ойладым. Уақыт тығыз болғандықтан, жедел түрде ойланбастан әрекет еттім. Себебі әрі қарай не болатыны белгісіз еді. Қолымнан келгенін жасап науқастарды сыртқа алып шықтым. Бұл сол кезде ойлаған жалғыз нәрсе еді. Үш палатада менің науқастарым жатты. Бір науқас менің жер сілкінісі туралы айғайлағанымды естіп, өзі шығыпты. Жер сілкінді деп айғайладым, бірақ олардың қорқып, дабылға салынбауын да ойладым. Мұндай кезде өзің туралы ойламайды екенсің. Сенің көмегіңе зәру адамдар болады. Өйткені мұндай сәтте немен бетпе-бет келеріңді білмейсің. Егер сол кезде қашып кетсем, өмір бойы арым мазалаушы еді. Қандай жағдай болса да, міндетімді орындап, науқастарымды құтқаруым керек. Біздің ауруханада науқастарымыз әрдайым бірінші орында тұрады. Сол түні де жүрегім сезіп, осында келдім», деді Сейма Алакуч шетелдік БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Мамандығына адал дәрігер Сейма Алакучтың бұл әрекеті әлем жұртшылығының ризашылығын алды. Желіде көптеген оқырмандар бойжеткенге алғыс айтып, тек сәттілік тіледі.