Мен осы істі бастадым, елім сеніп, соңымнан ерді. Мемлекет құруда да, Астана салуда да солай болды. Осыдан артық бақыт бар ма?
* * *
Кең-байтақ еліміздің ортасынан орын тепкен елорда – қасиетті мекен. Тәуке хан мен Абылай ханның есімдері мәңгі өшпек емес. Бөгенбай батырды, Балуан Шолақ пен Иманжүсіпті берген қасиетті топырақ ешқашан тозбақ емес. Астана қаласы келешекте халқымыздың тұрмысын көтеріп, беделін асырып, тұғырының мықты болуына бастайтын өрелі істің көшбасшысына айналмақшы. Ол көркейіп, көріктеніп, үлкен мәдени және ғылыми орталыққа айналуы керек.
Қала күні – Астананың жолбасы, ізкесері ғана. Оның болашағы зор. Астана өзгерсе, адамдар да, өмір де өзгереді. Сондықтан мемлекет ордасы ел экономикасын өркендетудің орталығына айналуы керек.
* * *
Ашығын айтайын, бұл шешімнің біздің ұлттық қауіпсіздігімізге тікелей қатысы бар. Мыңдаған жылдар бойы ата-бабаларымыз мекен еткен қасиетті қазақ жерінің бір бөлігін – аяулы Сарыарқаны саяси саудаға салып, дарқан даламызды дау-дамайға айналдырғысы келетіндер бар кезде, солтүстіктегі шұрайлы өңірге суық көзінің сұғын қадайтындар бар кезде біз мына жылы жерде, әсем қала – Алматыда тыныш отыра алмас едік.
* * *
Біз Алматыға сыймай кеткен жоқпыз, біз оны қимай-қимай кеттік. Сол арқылы біз елордамызды еліміздің географиялық тұрғыдан алғанда орта тұсына, экономикалық тұрғыдан алғанда оңтайлы мекенге жылжытып қана қоймай, осыны армандап өткен Әлихан Бөкейханов, Қаныш Сәтбаев сынды аяулы арыстарымыздың арманы мен аманатын жүзеге асырып шықтық. Оған қоса, атақоныс, шырайлы өлкемізге көз сұғы түсе берген әлдекімдердің жымысқы ниеттеріне де тұрлаулы тосқауыл қойдық.
* * *
Бұдан былай және ғасырдан ғасырға, осында ұлан-байтақ елдің кіндігінде халық тағдыры үшін өміршең маңызы бар шешімдер қабылданатын болады. Бұл жерде енді Отанымыздың жүрегі соғуда. Осы жерден Қазақстан үшінші мыңжылдықтың табалдырығында өзінің тарихи тағдырын айқындайтын болады.
* * *
ХХІ ғасырдың табалдырығында біз өз таңдауымыз – көне Сарыарқаның киелі аспаны астында қоныс тепкен жаңа астанамыз туралы мәлімдейміз. Бұл таңдау астарында еліміздің қазіргі басшылығының айқындамасы ғана тұрған жоқ. Бұл таңдауда Тәукенің көрегендігі мен Абылайдың ұлылығы, есімдері аңызға айналған билердің даналығы мен 1986 жылдың желтоқсанында ұлттық қадір-қасиет дегеннің не екенін күллі әлемге паш еткен сол бір жас жүректердің қаһармандығы тоғысып жатыр. Бұл таңдауда өз тағдырының қожасы болу құқығы үшін өмірін қиған миллиондаған қандастарымыздың ерік-жігері бар. Осы таңдауға дәйім лайық болайық!
* * *
Ғасыр аяғында, ғасырлар тоғысында біздің тәуелсіздігіміздің айқын нышаны – Қазақстанның жаңа астанасы Астана болды. Тұңғыш рет біздің мемлекетіміздің тарихында жалпыұлттық мүддемізді ескере отырып, біз өз астанамыз туралы шешімді дербес қабылдадық.
* * *
Тәуелсіздік туы көгімізде желбіреген күннен бастап, Қазақстан үшін жаңа тарихтың басталғаны, ал ол ескі тарихтың сылбыр жалғасы бола алмайтыны белгілі еді. Батыл ой, батыл әрекет қажет болды.
Міне, осы тұста өзімнің көкірегімде қайнап піскен осы идеяны, ешбір кедергіге қарамастан, кейбір үзеңгілес, тілектес жандардың да күдіктеріне қарамастан, аяғына дейін қорғап шыққанымды сіздердің алдарыңызда бүгін мақтанышпен еске аламын.
Он жылдың ішінде Астана әлемге танылды және елімізді де әлемге танытты деп айта аламыз. Астананың көркіне небір өркениетті елдерден келген шетелдіктер таңғалуда.
Астана – ең алдымен азаттығымыздың символы, Қазақстанның жаңа тарихының шынайы шежіресі, қарқынды дамуымыздың, қол жеткен табыстарымыздың, абырой-беделіміздің, береке-бірлігіміздің жарқын көрінісі.
* * *
Астана арқылы біз жаһандық әлемге жаңа Қазақстанды аштық. Алайда, бәрінен бұрын бұл қаланы өзіміз үшін, өз Атамекеніміз үшін жаңаша аштық.
Астананың құрылысы осынау жылдары біздің еліміздің әлеуетін танытып, бүкіл посткеңестік кеңістіктегі ең орасан мегажобаға айналды.
Бүгінде Астана – бұл Қазақстанның жаңа тарихы жинақталған орын. Астананың мысалы арқылы біздің бүкіл мемлекетіміздің дамуы туралы пікір түюге болады.
* * *
Есілдің сол жағалауындағы қаланың жаңа орталығы тәнті етеді, оның қала түзушілік идеясын бүкіл әлемге танымал белгілі архитектор Кисе Курокава және басқа сәулетшілер айрықша шабытпен әзірлеген болатын.
Оның аса маңызды қағидаты – бір тұрпатты, бір-біріне ұқсамайтын ғимараттар болмауы керек. Ендігі бір қағидат мынада: Астана – бұл еуразиялық қала, ол әлемнің барлық тараптарының – Батыс пен Шығыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің мәдениеттерінің жай қосындысымен емес, солардың үйлесімімен, кірігуімен ерекшеленеді. Бұл күрделі, бірақ та нақты іске асатын міндет еді.
Астана көз алдымызда өсіп, құлпырып келеді, ол ең болмағанда бір рет көргендерді таңдандырып, өзіне ынтық етеді.
* * *
Астана бүгінде сәулетімен ғана дараланып қоймай, бау-бақшалы қалаға айнала түсуде. Елу мың гектар Астана төңірегіндегі орман соңғы шек емес. Біз Бурабай өңірін Астанамен орман арқылы жалғастыруды жоспарлаудамыз. Бар-жоғы 50 шақырым қалды. Бұл жасыл белдеу қаланы жазғы аңызақ жел мен қысқы борандардан қорғайтын болады. Осының арқасында біздің қалада климат өзгерді. Алайда, бәрінен бұрын ол біздің сезімдеріміздің арқасында өзгерді деп ойлаймын. Астана орасан зор дала өлкесінің кіндігіндегі жасыл оазиске, экологиялық жағынан таза мегаполистің өнегесіне айналады.
* * *
Астана біздің Отанымыздың жүрегіне, халықты біріктірген ұлттық идеяға айналды, ол халықтың өз күші мен ұлы мақсаттарына деген сенімінің символына айналды.
Бүгінде бүкіл Қазақстандағы секілді Астанада жүзден астам ұлыстардың өкілдері тұрып жатыр. Бұл күн сайын қоныс тойы, күн сайын мереке, үйлену тойлары болып жататын қала. Ондаған мың қоныс тойлары, жаңа отбасылар мен жаңа тағдырлар қаласы.
* * *
Астананы құру – ұлттық тарихтың жаңа мәтінін жазу. Мұндай мәртебе әр ұрпақтың маңдайына бұйыра бермеген. Екі мыңжылдықтың тоғысында біз шешім қабылдап, Еуразияның жүрегінде іс жүзінде жаңа Астана құрдық.
* * *
Әрбір лидердің өз шығар биігі, арманына айналған алар асуы болуы тиіс. Сол мақсатқа жету үшін бар беделіңді, болашағыңды бәске тігуге тура келмек. Жас тәуелсіз мемлекетті және оның жаңа астанасын орнату идеясы осылайша жүзеге асты.
* * *
Жастар, сендер өзгерістерден қорықпаңыздар, біз сендерге үлкен үміт артамыз, өз болашақтарыңды өз қолдарыңмен жасап үйренулерің керек. Жаңа Қазақстан, жаңа Астана сендерге осындай зор мүмкіндіктерді ұсынып отыр.
* * *
Біз ғасырлар тоғысында тәуелсіз жаңа мемлекет орнатып, байтақ еліміздің дәл ортасынан бас қаламыз – Астананы салдық. Бүгінде әлемдік қауымдастық үшін Қазақстан мен Астана атаулары егіз ұғымға айналып кетті. Бұл ұғым қарыштап даму мен өрісті өркендеудің өнегелі үлгісі ретінде орнықты.
Біздер, қазақстандықтар, Астананы асқақтату арқылы дүние жүзіне өзімізді – келешегі кемел, әлеуеті қуатты мемлекет екенімізді таныттық.
* * *
Халқымыз жаңа да жас мемлекетінің астанасын өзінің қалаған жеріне, өзінің қалауы бойынша орнатты. Ең бастысы – өзінің кіндік қаласының құрылысына білек сыбанып, бар күш-қайратын, ынта-жігерін салды. Әр көшеге, әр үйге жүрек мейірін, перзенттік сүйіспеншілігін, жан жылуын жұмсады.
Астана осылайша халқымыздың аялы алақаны, ыстық мейірімімен тұрғызылды. Сондықтан да, бұл қала бәрімізге ерекше қымбат, айрықша аяулы.
Тәуелсіздіктің негізгі мәні – тарихтың жаңа бетін өз еркіңмен, өз шешіміңмен бастауда болса керек. Тәуелсіздік бізге жаңа жолымызды, өзіміздің соны соқпағымызды табуға зор мүмкіндік ұсынды. Сол жаңа жолымызды біз Астана арқылы таптық.
* * *
Астана ауыстырылғалы бері әрбір қазақстандық елде іргелі де қажетті шаруа қолға алынғанын сезініп өмір сүре бастады.
Ғасырлар бойғы тұсау мен тоталитаризм бұғауларын серпіп тастаған, соның алдында ғана дағдарыс пен күйзелісті бастан өткерген елде жаңа, жақсы заман туып келе жатқаны сезілді. Қазақстандықтардың бәрі жас державаның жас елордасы – Астананың жан-жағына үміт пен батылдықтың жан сергітер шапағы шашырап жатқанын көрді.
* * *
Астана біздің ұлттық санамызды нағыз егемендік деңгейіне жеткізіп, қазақ этносын ұйымдастырған идеялық символға айналды. Оның біздің азаматтарымыздың отаншылдық рухын асқақтатудағы маңызына баға жетпейді.
* * *
Астананың халықаралық маңызы әлдеқайда өсті. Астана – бұл осы заманғы аса ірі геосаяси жоба, ол Қазақстан туралы түсінікті өзгертеді.
Біздің елорда өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға үлес қосуы тиіс көптеген форумдарды өткізудің орнына айналды.
Астана қазірдің өзінде жай елорда емес, ол енді еуразиялық интеграцияның елордасы ретінде көрініп отыр. Нақ осы Астана өңірлік даму бойынша жаңа идеялардың, көзқарастардың, нақты бағдарламалардың генераторы болуда.
* * *
Кез келген елдің тарихында ұлттың ұжымдық рухы тыныштық кезеңінен пассионарлық кезеңіне көшетін кездері болады. Сол кезде адамдардың жиынтық энергиясы, олардың интеллектуалдық және шығармашылық күш-қуаты таңғаларлық нәтижелерге қол жеткізуге, бір ұрпақтың кезінде басқа елдерде жүздеген жылдар кететін жолды еңсеруге мүмкіндік береді.
Біздің тарихымызда мұндай кезең біздің елорданың – Астананың пайда болуымен басталды.
* * *
Тәуелсіздік – қасиетті ұғым. Ел қатарлы Одақтан бөлініп шыққаннан, тәуелсіздік алғаннан, Біріккен Ұлттар Ұйымына қабылданғаннан, Туды, Гимнді, Гербті бекіткеннен ел бірден шын мәніндегі тәуелсіз мемлекет бола қалмайды. Шынтуайтында, жаңағы жайлардың бәрі кез келген мемлекеттің міндетті атрибуттары. Тәуелсіздіктің басты белгісі – өзіңнің тағдырыңды өзің шешуге қабілеттілігіңнің келуі. Тәуелсіз саясат жүргізе алуың. Соған шамаңның жетуі, мүмкіндігіңнің келуі. Еуразияның қақ ортасында біз орнатқан Астана – Қазақстан халқының дербес таңдауы. Астана – елдің болашаққа салған көпірі. Жаңа қоғамның символы. Біз іс жүзінде жаңа мемлекет орнатуды астанамызды жаңадан салудан бастадық десек те артықтығы жоқ.
* * *
Арқа төсінен жаңа елорда салуымыз бізге түбірлі міндеттерді шешуге мүмкіндік берді. Астана арқылы біздің халқымыздың ғасырларға созылған көші межелі жерге жетті. Сарыарқаның саумал самалды даласына қазық қағу қазақтың кем қойғанда соңғы бір жарым ғасырға созылған отырықшылдану үдерісін біржолата түйіндеді.
Астана арқылы қазақ өзінің жеріне толық ие бола алды. Ел иесі кім екенін, жер киесі қайда екенін бүкіл әлемге көрсеттік.