Мұзафар ӘЛІМБАЙ,
Қазақстанның халық жазушысы:
– Нұрсұлтан Әбішұлы тағдырдың жазымышымен соңғы он жылдай уақытта саяси аренада тек өз республикамыз шеңберінде ғана шектелмей, бүкіләлемдік маштабта орасан мол қайраткерлік тәжірибе жинақтады, өзі әр қырынан айқындала өткірленді.
Осы мерзім ішінде Нұрсұлтан Әбішұлы планетадағы ұлылы-кішілі мемлекеттердің талай тарлан көшбасшысы көрегендерімен, халқының қадірмен көсемдерімен, алпыс екі айлалы аққаптал мәмілегерлерімен сырт тартысып, парасат бәсекесінде еліміздің мүдделерін байыптылықпен қорғай жүріп, тереңдік танытып келеді. Сол қайраткерлердің дені біздің Елбасы жайында ағынан жарыла әділ баға беріседі, қазақ ұлын ең жоғарғы деңгейден көреді, сүйсініс білдіреді, кейде таңдана таңдай қағысады... Сол сөздердің бәрі бірдей көлгірсу болмас-ау, көрнекті лидерлердің кемел саясаткеріміздің шынайы бітімін қаз-қалпында танып, шыр-шырайымен айнытпай көруі, бұлтарысыз бағалауы деп қарай аламыз.
Дулат ИСАБЕКОВ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
– Президент – айсберг. Теледидардан күнде көріп, баспасөз бетінен күнде оқып, сәті түскен адамдар онымен ауық-ауық жолығып, тілдесіп, пікір алмасып қалғандағы білетін Президент бар да, ешкім білмейтін, біле алмайтын Президент тағы бар. Ол Елбасының ішкі дүниесі. Ойы. Толғанысы. Стратегиясы, тактикасы. Ол бәріне құс ұшар биіктен қарайды. Мемлекет пен ұлттың ішкі-сыртқы тағдырына байланысты оған келіп түсіп жататын ақпарат толқындары толып жатыр. Дүние болса мынау – аласапыран. Ірі мемлекеттерді айтпағанның өзінде, Жер шарының қиян бір түкпірінде болып жатқан оқиға әйтеуір бір жағынан Қазақстанға қатысы болмай қала алмайды. Бір-біріне кереғар дүние, кереғар саясат, бәсекеде озбақ боп жанталасып жатқан жалтақ әлем. Бұл күнде шет аймақ деген ұғым жоқ. Ал, Қазақстан әлемдік қызығушылықтың эпицентріне айналып отыр. Әркім бұл елге өз ықпалын күшейту үшін таласуда. Ішкі проблемалар мың сан. Кадр мәселесі де ең күрделі мәселе. Одан қалса ондаған партиялар бар, олардың проблемалары, ұсыныс-тілектері бар. Оппозицияның Мемлекет басшысына қойып отырар талап-тілектерін тағы қосыңыз. Әрине, Президент жалғыз емес. Оның кеңесшілері де жеткілікті. Әр мәселе жөнінде олармен ақылдасып отыратыны да түсінікті. Бәрін тыңдап болып, айналып келіп, ақтық шешімді қабылдайтын да Президент. Былайғы жұрт айсбергтің теңіз бетіндегі бөлігін ғана көреді. Ал, айсбергтің үштен бір бөлігі су астында екенінде көп адамның шаруасы да бола бермейді.
Өмірзақ СӘРСЕНОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері:
– Астананың өзінің салынуындағы Назарбаевтың қолтаңбасы – ғасырларға қалатын құбылыс дер едім. Мемлекеттің астанасын елдің орталығына көшіру туралы ұсыныс айтылған 1994 жылғы 6 шілдеде Жоғарғы Кеңес сілтідей тына қалғаны есте. Нұрсұлтан Әбішұлы бұл ұсынысты тура өзінің туған күнінде жасады. Ол кездегі жағдай белгілі: Үкімет халыққа зейнетақы мен жәрдемақы жөнінен белшеден қарыз. Мемлекеттік кеңселер мен бюджеттік мекемелердің қызметкерлері айлап жалақыны ала алмайды. Ал, инфляция шеңбері шиыршық атып, бүкіл экономиканы буындырып тұр. «Онсыз да қаржы жоқта астананы ауыстырудың қисыны қайсы?» деушілер көп еді. Бірақ, Нұрсұлтан Назарбаев стратегия жағынан болсын, тактика жағынан болсын ел астанасының ол кезде енді Ақмола атанған қалада тұруын дәлелдеп берді. Заңды қабылдаттырды. Және ол қағазда қалған заң емес, өмірде, көз алдымызда салынып жатқан жауһар қалаға, қазақ даласының маңдайындағы гауһарға айналып шыға келді... Осының бәрін Президенттің көрегендігі дер едім. Мемлекеттің ең ортасынан салынған Астананың өзінде бәрін ескі қалаға тықпаламай, Есілдің сол жағалауынан жаңа, кең тынысты ашық даладан жаңа сәулетті орталықты бастатуы – Нұрсұлтан Әбішұлының бойында суреткерлік және сәулеткерлік таланттың тұнып тұрғанын аңғартады.
Мұрат ЖҰРЫНОВ,
академик:
– Алматыда өткен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төралқасының кеңейтілген мәжілісінде сөйлеген сөзінде Н.Ә.Назарбаев: «Алдағы жиырма бірінші ғасыр қазақ халқының жұлдызы жанатын ғасыр болатынына сенемін. Құдай қазаққа қырын қарамаған: пейіліне сай етіп ұлан-ғайыр жер берген, жаны үшін малын, ары үшін жанын садаға ететін ер берген. Қазақтың жерінде дәулетті де сәулетті өмір орнауына қажетті жағдайдың барлығы бізде бар. Бұл үшін біз ең алдымен, елдегі тыныштықты сақтай алуымыз керек, ерінбей-талмай еңбек етіп, экономикалық қуатымызды жаңа заманға сай қайрап, шыңдап, ширатып шығаруымыз керек», – деген болатын. Иә, туған елімізде, қазақ жерінде ғасырлар тоғысында жарқын болашаққа барар жолда тамаша істер жүзеге асырылуда. Тәуелсіздіктің туын көкке көтерген Қазақ елінің, күллі түркі халықтарының тағдырын ғылым мен білімге иек артқан қазіргі жастар белгілейтін болады. ХХІ ғасырдың білім мен ғылым ғасыры болатынына ешкім де күмән келтіре алмайды.
«Егемен Қазақстан» республикалық газеті»
акционерлік қоғамы 2010 жылы шығарған
«Елбасы» атты кітаптан алынды.
Надежда КОЛКОВСКАЯ,
«Нежинка-Ерке» ЖШС мал фермасының бригадирі, «Құрмет» орденінің иегері:
– Өткеніме көз жіберсем, қуаныштан балбұл жанған, жанымды нұрлы шуаққа бөлеген қызықты да мазмұнды кезеңдер көбірек болған секілді. Қиналған, торыққан сәттер де кездеспей қалған жоқ, оның өзін қимастық сезіммен еске аламын. Осы ғұмырымда жадымда өшпестей із қалдырған, естен кетпес ұмытылмас кездесуді 2013 жылы Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында басымнан өткердім. «Астанаға барасыз, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің қолынан марапат аласыз», деген хабар жеткенде көпке дейін сене алмай жүрдім. Қасиетті елорданың төрінде Мемлекет басшысы кеудеме «Құрмет» орденін таққанда бақыттан басым айналып, көзіме қуаныш жасы келді. Ел жағдайын сұраған қысқа тілдесуден, ауылдастарыңызға менен сәлем айтыңыз деген ақ тілегінен қарапайым адамдарға деген зор қамқорлығын аңғардым.
Кеңес уақытында қарапайым еңбек адамдары алдымен ардақталып, неше түрлі қошемет көрсетілетін. Оның шет жағасын өзіміз көрдік.Тәуелсіздігіміздің бастапқы жылдарында осы бір құндылықтардан қол үзіп қалғанымыз жанға бататын. Енді «орнында бар оңалар» демекші, тұрмыс-тіршілік жақсарғаннан кейін Президентіміз «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» ғылыми талдамалы мақаласында еңбек адамының беделін көтеру идеясын алға тартып, тағылымды дәсүрлер мен үрдістерді орнықтыруда адамның жеке өміріндегі, мектептегі, қоғамдық ортадағы тәлім-тәрбиелік зор маңызын атап көрсетті. Бүгінде мемлекеттің стратегиясы әлеуметтік-еңбек қарым-қатынасының тиімді моделін құруға бағытталып, жастар арасында масылдықты жоюға, экономикалық белсенді тұрғындардың кәсіби біліктілігін арттыруға, қоғамдық ынталандыру жүйесін қалыптастыруға арналған. Бұл шаралар мен сияқты алыс түкпірдегі ауылда жұмыс істейтін еңбек, шығармашылық адамдарының қоғамдық белсенділігіне қозғау салып, қолынан келетін шаруаларды сапалы атқару мүмкіндігін туғызғаны анық.
Қазірдің өзінде біз әлеуметтік саланы реформалаудың бірқатар аспектілері бойынша ТМД елдерінен алға озып кеттік. Жоғарыда айтқанымдай, Қазақстан секілді мамыражай тыныштық орнаған елде туып-өскеніме мың шүкіршілік деймін. Мектеп бітіргеннен кейінгі саналы ғұмырым еңбектің тайқазанында қайнап, шынығумен келеді. Есепші де, бала күтуші де, кітапханашы да болдым. Мал шаруашылығы саласындағы жұмыс өтілімнің өзі 30 жылға жуықтапты. Сауыншы, техник-ұрықтандырушы сатыларынан өттім. 2005 жылдан мал фермасының бригадирімін. Қай салада жұмыс істесем де, арланған жоқпын. «Озат сауыншы, «Үздік технолог-ұрықтандырушы» марапаттарым соның бір айғағы болса керек. Енді, міне, тәуелсіз еліміздің бойтұмарындай көзге аса ыстық көрінетін награда үйіміздің ең төрінде ілулі тұр. Оны Елбасымыздың қолынан алғанымды мақтан етемін.
Сол бір марапаттау рәсіміндегі Елбасымыздың біз сияқты қарапайым еңбек адамдарына арнап айтқан ұлағатты сөздері мен ұмытылмас кездесу жадымнан шығар емес.
Солтүстік Қазақстан облысы,
Ғ. Мүсірепов ауданы,
Нежинка елді мекені.
Меруерт ӨТЕКЕШЕВА,
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі:
– Әрбір адам баласының қалыптасуына, өсіп-өнуі мен кемелденуіне ұйытқы болатын бір күш керек. Тылсым күш. Сондай-ақ, өмірде де, өнерде де рухтандырып тұратын үлкен шабыт қажет. Астана – менің өмірім мен өнерімді шабыттандырып, бұла күш құйған киелі орда дер едім.
Әлемдегі ең жас астаналардың бірі әрі аз ғана уақыт ішінде күллі дүниені өзіне қаратқан Астананың күн санап көркейе түскеніне қарап тұрып Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ақыл-парасаты мен мемлекетіміздің бас қаласын жаңарта түлетіп, әріне сән қосып жатқан отандастарымыздың – қарапайым еңбек адамдарының атқарып жатқан үлкен ісіне таңданбасқа шараң жоқ.
Мен Астанаға келген кезде оның көшелерін жаяу аралағанды ұнатамын. Сейілдей жүріп, қаланың сұлулығы мен жаңалығына ғана емес, халқының көтеріңкі көңілі мен өмірлік ырғағына да қаныға түсесің. Көкке ұмтылған алып ғимараттар өздерінің биіктігімен ғана емес, ешбір құрылысқа ұқсамайтын қайталанбас сипатымен де көңіліңді тоғайтады. Президенттің Ақордасына таяп келгенде үнемі аялдап, еліміз бен жеріміздің тағдырына қатысты келелі істер атқарылып отырған еңселі ғимаратқа көзімді суарамын. Дәл осы Ақордада Қазақстанның келешегіне қатысты мәселелер бар, мемлекетіміздің әлемдік ортадағы өзіндік орны бар, тіпті, сағат санап құбылып жатқан ғалами оқиғаларға қатысты маңызды шаруалар атқарылып, оның басы-қасында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей өзі араласып отырғанын ойлағанда керемет тебіреніп кететінің анық.
Ақордадан кейін мен «Бәйтерекке» қарай жаяу аяңдаймын. Алып самұрықтың ұясына көтерілгендей, «Бәйтеректің» басына шыққанда Астананың бүкіл тыныс-тіршілігін алақандағыдай тамашалауға мүмкіндік мол. Қала күн санап кеңейіп бара жатқандығымен Отанымыз астанасының еркін тыныстап, ерен істер атқаруымен қатар, барша қазақстандықтарға үлкен сенім мен серпін беріп тұрғандығы қатты қуантады.
Қарапайым қазақ азаматы ретінде мені Астанада 2017 жылы өтетін ЭКСПО көрмесі туралы жақсы хабар шынайы қуантты. Әлемнің дамыған елдеріндегі ірі қалаларда ғана өтетін бұл көрме, сөз жоқ, біздің еліміздің абыройына – абырой, айбарына – айбар қосары хақ. Әрине, бұл да Қазақ елінің әлемдік қоғамдастықтағы бір биікті бағындырғанын және біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік саяси ортадағы абыройын байқатса керек.
Қазақстан – айдай әлемге өзінің нақты ұстанымдарын, оның ішінде адамзат келешегі үшін аса бағалы құндылықтарын паш еткен ел және сол үдеден шығып келе жатқан мемлекет. Ядролық қарудан бас тарту, діни ауызбірлік, өнер, білім, ғылым салаларына тереңірек ден қою, ұлтаралық татулық секілді аса нәзік мәселелерде кім-кімге де үлгі боларлық істер атқарып келеді. Астана төрінде өткізіліп жүрген игі шаралар, халықаралық басқосулар, адамзат болашағы жарқын бола түссе екен деп қабылданып жатқан құнды бағдарламалар – осының бәрі біздің мақсатымыз бен бағытымызды айқындап тұр. Бізге біреу былай істеңдер деп үйретіп отырған жоқ. Осындай маңызды істерге бастап жүрген – біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев.
Өнер адамы болсақ та өмірде болып жатқан құбылыстарға, елімізде орын алған жаңалықтар мен күнделікті тыныс-тіршілікке үлкен қызығушылықпен, адами сараппен көз тігіп отырамыз. Қазір әлемнің әр түкпірінде азаматтық қақтығыстар, қырғи-қабақ соғыстар, миға кірмейтін құқық бұзушылықтар орын алуда. Сондай оқиғаларды көргенде жағамызды ұстап тіксінсек те, өзіміздің тыныш мемлекетте, берекелі елде, татулық пен тұрақтылықты ту еткен жақсы қоғамда өмір сүріп отырғанымызға шүкіршілік етеміз. Содан да біздер, өнер мен шығармашылық адамдары қашанда Елбасының ұсыныстарын шынайы қолдап, әр кезде жанынан табылып жатамыз.
Астана күнін үлкен мерекелік сән-салтанатпен атап өту ұлттық дәстүрімізге тереңдеп енді. Ләйім, мерекеміз көп болсын, берекеміз арта берсін! Астананың алғашқы қазығы қағылған ұлы күнді біздің ұрпағымыздың да керемет қылып тойлауын жазсын! Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы халқын жақсы өмірге жеткіземін деген үлкен үмітпен дамудың даңғыл жолына бастап келе жатса, халқы да оның әлемдік абыройы мен адами ақыл-парасатына зор сенім артып, соңынан ере береді. Біздің күшіміз – бірлікте! Біздің бірлігіміз – татулықта!
АЛМАТЫ.