Қысқы спорт жарыстарында жүлде біткеннің бәрін күреп алатын скандинавиялықтар бұл жолы да алдарына жан салмады. Мәселен, ерлер арасындағы жекелей жарыстың үшеуінде 17 дүркін әлем чемпионы, бес дүркін Олимпия ойындарының жеңімпазы норвегиялық сайыпқыран Йоханнес Тиннес Бе қарсылас шақ келтірген жоқ. Белердің кішісі (Тарьей Бенің інісі) Германияда 10 шақырымдық спринтте, 12,5 шақырымдық із кесу жарысында және 20 шақырымға жекелей жарысуда мәреге бірінші жетті.
Ал 15 шақырымдық масс-стартта 25 жастағы швециялық Олимпиада чемпионы Себастьян Самуэльссон төрт оқ ату айлағында барлық нысананы дәл көздеп, Йоханнес Бенің алдын орап кетті. Бұл сында екінші орынды 2021 жылғы әлем чемпионы Мартин Понсилуома иеленсе, оқ ату кезеңінде небәрі бір мәрте қиыс кеткен Йоханнес Бе үшінші орында қалып қойды. Швециялық Себастьян Самуэльссон өз карьерасында тұңғыш рет әлем чемпионы атанғанын айта кеткен жөн.
Ерлер арасындағы 4×7,5 шақырымдық эстафетада құрамында екі дүркін Олимпиада чемпионы Кантен Фийон Майе, үш мәрте әлем біріншілігінде бас жүлде олжалаған Эмильен Жаклен, Бейжің Олимпиадасының эстафетадағы күміс жүлдегері Фабьен Клод және әлем чемпионы Антонен Гигонна бар Франция құрамасы чемпион атанды. Олар аталған қашықтықты 1 сағат 21 минут 48 секунд ішінде бағындырып, оқ ату кезеңінде төрт спортшы 10 мәрте нысанадан мүлт кетті. Күміс жүлде Франция құрамасынан 38 секунд қалып қойған Норвегия (Ветле Шостад Кристиансен, Тарьей Бе, Йоханнес Тиннес Бе, Стурла Холм Лагрейд) биатлоншыларына бұйырды. Үздік үштікті Швеция құрамасы түйіндеді.
Әйелдер арасындағы бәсекеде швециялық Ханна Эбергтің бақ жұлдызы жанды. Қысқы Олимпия ойындарының екі дүркін жеңімпазы 27 жастағы Эберг 15 шақырымдық жекелей жарыс пен 12,5 шақырымға жалғасқан масс-стартта бірінші болды. 7,5 шақырымдық спринтте 34 жастағы Бейжің Олимпиадасының чемпионы, германиялық Дениз Херрман-Вик, 10 шақырымдық із кесуде Франция құрамасының мақтанышы, әлем чемпионы, Олимпиаданың күміс жүлдегері Жюлья Симон алтыннан алқа тақты.
Ал 4×6 шақырымдық эстафетада Италия құрамасы (Самуэла Комола, Доротея Вирер, Ханна Аушенталлер, Лиза Виттоцци) өз тарихында тұңғыш рет әлем чемпионы атанды. Күміс жүлдені Германия (Ванесса Фойгт, Ханна Кебингер, София Шнайдер, Денис Херрман-Вик) жеңіп алса, қола жүлде швециялық квартетке (Линн Перссон, Анна Магнуссон, Эльвира Эберг, Ханна Эберг) бұйырды.
Аралас эстафетада Норвегия құрамасы (Ингрид Тандревольд, Марте Олсбю-Ройселанн, Стурла Холм Легрейд, Йоханнес Тиннес Бе) үздік шықса, жекелей аралас эстафетада да скандинавиялықтар – Марте Олсбю-Ройселанн мен Йоханнес Тиннес Бе бас жүлдені ешкімге берген жоқ.
Осылайша, Оберхофтағы биатлоннан биылғы әлем чемпионатының жалпыкомандалық есебінде 5 алтын, 5 күміс, 3 қола медаль жеңіп алған Норвегия биатлоншылары көш бастады. Екінші орынға Швеция (3 алтын, 3 күміс, 5 қола) спортшылары орналасса, Франция құрамасы (2 алтын, 2 қола) үшінші орынға табан тіреді. Кейінгі орындарға Германия (1 алтын, 2 күміс), Италия (1 алтын, 1 күміс, 2 қола) және Аустрия (1 күміс) жайғасты. Жалпы, Германиядағы әлем біріншілігіне 37 ұлттық құраманың 308 биатлоншысы (ерлер – 164, әйелдер – 144) қатысты. Олардың қатарында Қазақстан биатлоншылары да бар екенін айта кетейік.