Қоғам • 21 Ақпан, 2023

Мұрағат – мемлекеттің баға жетпес байлығы

1114 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» заңының 25 жылдығына орай Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Президент архивінің басшылары қатысқан брифинг өтті. Қазақстан Республикасы Президенті архивінің басшылығы ақпарат құралдары өкілдеріне Президент архивінің қоғамдағы рөлі мен міндетін және оның мақсаты мен жаңғырту бағыттарын баяндап, архив қызметімен үйлестіре өткізіп жатқан «Тарихи құжат – ұрпаққа аманат» архивтік марафоны туралы әңгімеледі.

Мұрағат – мемлекеттің баға жетпес байлығы

Президент архивінің директоры Әлия Мұстафина Қазақ­станның ХХ ғасырдағы және мемлекетеміздің Тәуелсіздік кезе­ңіндегі қоғамдық-саяси тарихын көздің қарашығындай сақтап отырғанын мәлім етті. Сондай-ақ Ұлттық архив қоры туралы жан-жақты мәлімет беріп, жалпы архив ісінің нор­ма­тивтік-құқықтық реттелу жолы мен тарихи даму кезең­де­ріне тоқталып өтті. Ди­ректор­дың дерегіне қарағанда, 2023 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша сақталған ақпараттың жалпы көлемі 1,131 миллион архивтік файлды құрады және бұл отандық архив ісі үшін ай­тарлықтай сенімді көрсеткіш.

Архивтің негізгі міндеті Қазақ­­стан Республикасы Прези­дентінің, оның аппаратының және Мемлекет бас­шысына тіке­лей бағынатын, есеп беретін мемле­кеттік органдардың қыз­ме­тін мұра­ғат­тық қамтамасыз ету екенін атап өткен жөн.

– 2022 жылы біздің жұмы­сымызда түбегейлі өзгерістер болды. Президент Жарлығына сәйкес, жаңа Ереже бекітілді, ұйымдық нысаны мен құрылымы өзгертілді, жаңа бағыттар мен міндеттер белгіленді. Архивті 2035 жылға дейін дамыту тұжы­рымдамасы әзірленді, онда Қа­зақстан Республикасы Ұлттық архив қорының құжаттарын жинақтау, есепке алу, сақтау және пайдалану жөніндегі ме­кеменің қызметін жаңғырту, архив ісін цифрлық түрлендіру, архив ісі мен құжат жүргізу саласында ғылыми әдістемелік және үйлестіру орталығы ретінде қа­лыптасу бағыттары нақтыланған, – дейді Президент архивінің директоры Әлия Мұстафина.

Өткен жылы Архивте үш жаңа ор­талық: қолданбалы және ғылыми жобалар орталығы, оқу-әдістемелік орталық, қуғын-сүргін материалдарын зерттеу ор­­талығы ұйымдастырылды. Архив Ғылым және жоғары білім министр­лігінен аккредитациядан өтіп, ғылыми қызмет нысанына айналды. Президент архиві бұқаралық ақпарат құралы ре­тінде тіркелген «Жаңа мұрағат» кәсіби жур­налын шығаруды бас­тады. Журнал архившілерге, құжаттанушыларға және іс жүр­гізушілерге арналған кәсіби ба­сылым ретінде жарық көрді, оның әр парағы жаңа идея­лар­ды ұсыну, оларды одан әрі тә­жірибеде қолдану үшін тал­қылау алаңына айналды.

Архив басшысының сөзін түрлі мысалмен сабақтаған директордың орын­басары Қай­рат Әлімғазинов: «Ар­хив­те ХХ ғасырдағы саяси қу­­ғын-сүргін материалдарын зерт­теу орта­лығының ашы­луы­мен ел аумағында өткен ғасыр ба­сындағы саяси құ­ғын-сүргін құр­бандарының құжат­тарын сақ­тау­ға арналған маман­дан­ды­рылған қойма пайда болды. Нәтижесі де таңға­ларлық: 260 мыңнан астам архив ісінің құжаттары қабылданды, қабыл­дау әлі де жалғасып жатыр. Архив осы тақырып бойынша әлеуметтік-құқықтық сұраныстарды орын­дауға кірісті, тұлғалар туралы «Аma­nat» мәліметтер базасы әзір­­ле­­ніп жатыр» деп мекемедегі жа­ғымды жаңа­лықтарды жария етті.

Биыл отандық архившілер 1998 жылы 22 желтоқсанда қа­былданған «Ұлттық архив қо­ры және архивтер туралы» за­­ң­ының 25 жылдығын атап өтіп жатыр. Заңның қабылдануы – ұлт­тық архив саласының дамуын­дағы тарихи кезең. Дәл осы сәттен бастап нормативтік база­ны қа­лып­тастыру басталды. 25 жыл ішінде архив құжаттарын сақ­тау және пайдалану ережелері қа­былданды, құжат­тарды сақтау мерзімдері мен жою тәртібі бел­гіленді, мемлекеттік және ве­дом­стволық архивтердің жұ­мысында бірыңғай қағидаттар мен талаптар бел­гі­ленді. Заң қабылданғаннан бері оған 40-тан астам өзгерістер мен толық­тырулар енгізілді.

Заманауи жағдайдағы сала дамуының негізгі үрдісі – жаңа IT технологияларды енгізу бол­са, бұған алдыңғы қа­тар­­лы шетел­­дік тәжірибені пайдалану ісі оң нәтижесін көрсетіп отыр. Бұл бір жағынан архив жұ­­мы­сын ұйым­­дастыруды және олар көр­сететін қыз­меттерді жаңа сапалы деңгейге шығаруға мүмкін­дік берсе, екінші жағынан, за­ма­науи талаптарға жауап бе­ретін әдіс­теме мен шешімдерді әзір­­леу­де мүлде жаңа міндеттер жүк­тейді.

Тиісінше, заңнамалық базаны же­тілдіру қажет, ал өзгерістер стратегия­лық жағынан алдын ала есептеліп, тиім­ділікті көздеуі керек. Қазақстандағы архив саласы ұзақ мерзімге қабылданған стратегиялық құжатты қа­жет етеді. Бұл – әдіснама мәсе­ле­лері, IT дағдылары бар жаңа буын кадрларын дайындау және электрондық (цифрлық) ақпа­раттың кауіпсіздігі мәсе­лелері.

Президент архиві «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» заңның 25 жылдығына орай «Тарихи құжат – ұрпаққа аманат» атты бірыңғай архив марафоны аясына біріктірілген қала­лық, республикалық және халықаралық деңгейде бірқатар іс-шаралар жоспар­лаған.

Спикерлер алдағы уақыт­та осы жоба шеңберінде өте­тін іс-шаралар туралы да әңгі­ме­леді. Дөңгелек үстелдер, та­ри­хи-құжаттық көрмелер, тұсау­ке­серлер, та­қырыптық кездесулер, спорттық турнирлер мен та­­­биғатты қорғау шаралары ұйым­­­дас­тырылады. Жастар үшін «Отан­­дық архивтерді қа­лай жаң­ғыр­туға болады? «Жаңа идеялар­ды іздеу жолында» брейнсторминг форма­тында кәсіби про­­б­лемалар талқыланады. Ар­­хив­­шілер арасында волейбол­дан және үстел теннисінен ашық турнирлер жос­парланған. Ма­рафонның басты мақсаты – Қазақ­стан тарихының архив мұ­ралары, бірегей және баға жетпес құ­жаттары туралы білуге мүм­­кіндік бе­ру, қоғамдағы насихатын арттыра түсу.