Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Маманның айтуынша, елордада ЖРВИ жұқтырғандардың ішінде 80-ге жуық бала бар. Оның ішінде 6 пациент – реанимация бөлімінде.
– Біз қала тұрғындарына балалар арасында жұқпалы аурулардың болатыны туралы ескерткіміз келеді. Елордада қыс ұзақ. Қазіргі жұқпалы аурулардың, соның ішінде ЖРВИ мен тұмау инфекциясы өршіп тұр. ЖРВИ 200-ден астам түрдегі вирустан туындайды. Кейбір жағдайларда қоздырғыштардың бірнеше түрі бір уақытта жұғуы мүмкін. Яғни бұл түрлі инфекцияларды, соның ішінде тұмауды және коронавирусты да қамтиды. Суық тию негізі мұрын жолдарына әсер ететін жеңіл ағымды ЖРВИ-ді білдіреді, – деп түсіндірді спикер.
ЖРВИ-дің әртүрлі қоздырғыштарынан азды-көпті белгілер байқалуы мүмкін. Мысалы, дене қызуының жоғарылауы, қалтырау, әлсіздік, бас ауруы және басқа да белгілер. Ал клиникалық жағдайда ЖРВИ жедел ринит, фарингит, тонзиллит, ларинготрахеит және бронхит түрінде кездесуі мүмкін. Көп жағдайда респираторлық вирустық инфекциялар жеңіл ауру түрінде жүреді және өздігінен өтеді. Өйткені иммундық жүйе ағзаны вирустан өздігінен тазартады екен. Егер ауру асқынған жағдайда вирустар төменгі тыныс жолдарына еніп, бронхиттен басқа инфекция вирустық пневмонияға және жедел респираторлық дистресс синдромына әкелуі де ғажап емес.
Вирустық респираторлық инфекциялар созылмалы аурулардың өршуіне әсер етуі мүмкін. Симптомдар вирусқа, созылмалы аурулардың болуына және бұрын жасалған вакциналауға байланысты өзгеруі де ықтимал. Мұндай жағдайда вирус жұқтырғандар өзін әлсіз сезініп, қалтырау, безгек, түшкіру, мұрынның бітелуі, синустың бітелуі, тамақ ауруы, дауыстың қарлығуы, жөтел, бас ауруы, бұлшықет ауруы, құлақ ауруы, көздің қызаруы (конъюнктивит кезінде), фебрильді құрысу сынды симптомдардан байқалуы мүмкін. Ал жоғары тыныс жолдары инфекцияларының белгілері ерте және кеш деп жіктеледі. Ерте симптомдар әдетте тез дамып, бірер күнге созылады. Сол аралықта бас ауруы, түшкіру, қалтырау, тамақ ауруы басылмай, әлсіздік байқалады. Суық тигенде жөтел әдетте түшкіруден кейін дамиды. Балғын балаларда кездесетін фебрильді ұстамалар өте сирек кездесетін симптом болып саналады. Олар 6 айдан 5 жасқа дейінгі балалардың 2-5%-ында 38°C температурада пайда болуы мүмкін. Сондықтан ақ халаттылар аурудың белгілері анықталса, дер кезінде дәрігерге қаралып, уақтылы емделген дұрыс екенін ескертеді.