21 Маусым, 2014

Мемлекеттік қызметтің қазақстандық үлгісі

512 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
* 23 маусым – Дүниежүзілік Мемлекеттік қызметкерлер күні Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 2002 жылы 20 желтоқсанда өткен 57-сессиясы әрбір жылғы 23 маусымды мемлекеттік қызметкерлер күні деп жариялау жөнінде қарар қабылдап, БҰҰ-ға мүше әрбір елді осы күнді мереке ретінде атап өтуге шақырған еді. Осыған орай Қазақстан Республикасы Мемлекет басшысының өткен жылғы Жарлығымен 23 маусым біздің елімізде де мемлекеттік қызметкерлер күні болып белгіленген болатын. Биыл Қазақстанда осы мереке тарихта тұңғыш рет атап өтілгелі тұр. Қазіргі таңда біздің елімізде 90 мыңнан астам адам мемлекеттік қызмет саласында қызмет етеді. Олардың 49 мыңнан көбін әйелдер құрайды. Саяси қызметкерлердің орта жасы 48-де болса, әкімшілік саласында ол 39 жасты құрайды. Ал «А» корпусындағы мемлекеттік қызметкерлердің орта жасы 45-ке тең. Соңғы жылдары Қазақстанда мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы жаңарту бағытында жүргізіліп келе жатқан жанды жұмыстар халықаралық қауымдастықтың жоғары бағасын алып отыр. Елімізде мемлекеттік қызмет саласындағы жаңғырулардың табысты жүргізіліп, мемлекеттік аппараттың кәсіби тұрғыдан ыңғайлы да бәсекеге қабілетті болып қалыптаса бастауы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті  Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың саяси еркінің арқасында мүмкін болып отыр. Қазақстандағы мемлекеттік қызметтің жаңа үлгісі тұжырымдамасы тиімділік, нәтижелілік, меритократия, ашықтық, мөлдірлік, тұрғындар сұранысына бағыт ұстаушылық қағидаттары бойынша жасалған. Мұнда қоғамдық сананы нығайтудың басты бағыты ретінде өз қызметіне жауапты қарайтын, отанының игілігі жолына жұмыс жасайтын білікті де білімді қазіргі заманғы мемлекеттік қызметшіні дайындау міндеті алынған. Бізде қазір «А» корпусы құрылып, тиімді жұмыс жасап келеді. Астана қаласында мемлекеттік қызмет саласының аймақтық хабы құрылған. Бүгінде мемлекеттік қызметке қабылдау жолдары біршама жеңілдетілген, «командалық ауыс-түйістерге» тосқауыл қойылған, әдептілік және тәртіптілік жағынан бақылау айтарлықтай күшейтіліп, Заң дәрежесіне дейін жеткізілген. Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлер күнін атап өту елімізде Президенттің кәсіби мемлекеттік аппарат жұмысының негізгі қағидаты ретінде жариялаған «халық пен мемлекетке қызмет ету бәрінен жоғары» деген ұстанымын танымал етіп, мемлекеттік қызметтің беделін нығайта түсуге ықпал ететін болуы тиіс. Осы күндері республика көлемінде бірінші рет немесе қайтадан мемлекеттік қызмет саласына қызметке қабылданғандардың ант беру рәсімдері ұйымдастырылып, оқу орындарында мемлекеттік кадр саясатын, сондай-ақ, мемлекеттік қызметке кіру мен оны атқару қағидаттарын түсіндіруге арналған тақырыптық сабақтар өткізіледі. Айтулы мереке қарсаңында, 21-22 маусым күндері Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Денешынықтыру және спорт агенттігімен бірлесіп, Астанадағы «Алау» стадионында мемлекеттік қызметтің орталық органы қызметкерлері арасында спорттың шағын футбол, волейбол, тоғызқұмалақ және шахмат түрлері бойынша спартакиада өткізеді. Ал 23 маусым күні Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде Мемлекеттік қызметкерлер күніне арналған салтанатты жиналыс болады.  

«А» корпусы – «әлеуметтік лифтілер» әрекеті

Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың Жарлығымен біздің елімізде биылғы 23 маусым күні алғаш рет мемлекеттік қызметкерлер күні мереке ретінде атап өтілгелі тұр. Осы айтулы күн қарсаңында мемлекеттік қызмет саласында соңғы жылдары қолға алынып келе жатқан бірқатар пәрменді жұмыстарға қорытынды жасап өтуге болады. Айталық, Мем­лекет басшысының шеші­мімен саяси мемлекеттік қыз­мет­керлер саны 8 есеге дейін қысқарды, мемлекеттік қыз­мет саласында кәсібилік ең маңызды қадамдардың біріне айналды. Қазір Президент Әкім­шілігі мен Премьер-Министр Кеңсесіндегі орта басқару буыны, министрліктер мен агент­тіктердің жауапты хатшылары, комитеттер төрағалары, аудандар мен қалалар әкімдері бұрынғыдай саяси «тағайындалушылар» емес, «А» басқару корпусының әкімшілік қызметшілері болып табылады. Олардың барлығы арнайы кәсіби талаптарға сай бола отырып, қатқыл іріктеуден өтіп тұратын болады. Айта кету керек, менің бірқатар әріптестерім кезінде осы іріктеулердің әділ өтетініне күмән келтірді. Алайда, кейінгі өмір тәжірибесі бізге мүлдем басқа деректерді көрсетті. Айталық, 2013 жылы 542 позициядан «А» корпусындағы қызметке іріктеліп алынған 155 адам мұндай лауазымға бірінші рет келіп отырған болып шықты. Осы сұрыптау барысында қалалар мен аудандардың 198 әкімінің 95-і жаңарды, бұ­лар­дың 72-сі алғаш рет осындай қызметке тағайындалды. Зерт­теу көрсеткендей, 2014 жылы «А» корпусындағы резерв­тің бір орнына талас 4 есеге дейін көбейіп, оның саны 10-ға жетті. Мемлекеттік қыз­мет­тің қазақстандық жүйесіне жасалған реформа мен «А» корпусы институтының құры­луы еліміздің басқару элитасына іріктеу процедурасын мүм­кіндігінше демократия да транспарентті етуге жол ашты, «әлеуметтік лифтілер» әлеуеті іс жүзінде әрекетке көшті. Мұнда мемлекеттік қызметкерлердің жаңа толқынына заңдар мен нормативтік-құқықтық базаны жетік білу маңызды рөл атқара бастады. Осы орайда реформа барысында саяси басшылардың шешімдерін өмірге енгізудің басында тұратын, қабылданған нақты шешімдерге жауап беретін мемлекеттік аппараттың ауыз-екі тілде «жұмыс аттары» аталып келген орта басшылық буынының мәні мен маңызы ұлғая түсетіні айқындала түсті. Тағы бір жайт, бұл ортадағы кадрлардың тұрақсыздығы аппараттың Мемлекет басшы­сының бағдарламалық тапсыр­маларын жүзеге асырудың тиімді атқарылуына кедергі келтіретіні де белгілі болып отыр. Тұтастай алғанда, билік элитасы іс-әре­кет­терінің табысты болмағы белгілі бір деңгейде оның қоғамның бар­лық буындарына мейлінше талантты өкілдерді топтастыра білуіне байланыс­ты екені де аян болып отыр. Ал жаңа реформа осы тетіктің қызметін атқаратын болады. Марат ИҒАЛИЕВ, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі туризм индустриясы комитетінің төрағасы, саяси ғылымдар кандидаты.

Меритократия қағидаттары мерейімізді өсіреді

Еліміздің мемлекеттік қызметі жас болғанымен белгілі жетістіктерге жетіп отыр. Тәуелсіздік жылдар ішінде біз мемлекеттік қызметтің жаңа моделін құрдық. Айталық, 2000 жылы «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңы қолданысқа енгізілгеннен бері меритократия қағидаты жүзеге асырыла бастады. Сол кезден бастап мемлекеттік қызметке ашық конкурстық таңдау енгізілді. Соның нәтижесінде мыңдаған қазақстандық мемлекеттік қызметке қол жеткізді. Өткен жылғы наурыздың 26-ынан іске қосылған  «Мем­лекеттік қызмет туралы» Заң мемлекеттік қызметке таң­дау кезіндегі меритократия қағидасын одан әрі жетілдіруге мүмкіндіктерді кеңінен ашты. «Әлеуметтік лифт» те­ті­гі жұмысқа кірісті. Мұның дәле­лі ретінде «А» корпусына өткі­зілген іріктеу нәтижелерін айтсақ та болады. Шыны керек, бұрын жа­бық түрде та­ғайындалып кел­ген лауазымдарға баруға мүм­кіндігі болмаған азаматтар Ұлт­тық комис­сия­ның көзіне түспей жүрген еді. Енді олар да «А» корпусының резервіне кіріп жатыр. Олардың көбі бас­қару лауазымдарына тағайын­далды. Елбасымыздың саяси жі­гер­лі­гіне байланысты саяси мемлекеттік қызметші­нің саны 8 есеге қысқартылды. Бұл мемлекеттік қызметтің кадрлық құрамы кәсіпқорлығының маңызды шарасы екендігін көрсетті. Қазақстанда өткізілген реформаларды шетел сарапшылары жоғары бағалап отыр. Мысалы, атақты америкалық сарапшы Честер Ньюландтың айтуы бойынша, Қазақстанның мемлекеттік қызмет жүйесі АҚШ-пен салыстырғанда да ең жақсы болып табылады. Қазір Қазақстан мемле­кет­тік қызметті реформалау және жоғары кәсіпті қалып­тастыру кезеңінде тұр. Сондық­тан елімізге осындай жағдай­да қызмет ете білетін, страте­гиялық қос көрінісі бар және қазіргі уақытқа сай келетін кадрлар қажет. Іс жүзінде мемлекет жалдап отырған мемлекеттік қызметшілер оның атынан азаматтарға  мемлекеттік қызмет көрсетуге бейімделген. Азаматтар өз тарапынан мемлекеттік қызметшілер еңбектерінің төлеушілері бола тұра, соңғылардан сапалы қызмет талап етуге құқылы. Мемлекеттік қызметшінің негізгі мақса­ты азаматтардың өмірлік әл-ауқатын және дең­гейлерін арттыру болып табылады. Менің­ше, міне осындай тұрғыдан мемлекеттік қызмет­шінің қазіргі рөлін түсініп қабылдау қажет. Мақсұт ӨТЕШЕВ, Павлодар облысы аумақтық департаментінің басшысы.

 Біздің реформа Қытайды да қызықтырады

Үстіміздегі жылғы сәуір айында Қазақстанға Қытайдың Адами ресурстар және әлеуметтiк қамсыздандыру министрлігінің ресми делегациясы келді. Оның басты мақсаты біздің елімізде жүргізіліп жатқан мемлекеттік қызмет саласындағы реформамен кеңінен танысу болды. Сол сапарға қытайлық қонақтарды бастап келген вице-министр Ян Шицюмен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Байменов арнайы кездесті. Кездесу барысында мемлекеттік қызмет саласындағы екіжақты ынтымақтастық және Астанадағы Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хаб шеңберіндегі көпжақты ынты­мақ­тастық мәселелері талқыланды. Агенттiк төра­ғасы Қытай тарапын Қазақстанның мемлекеттік қызметтің жаңа моделімен таныстырды. Кездесудің қорытындысы бойынша Мем­лекеттiк қызмет iстерi агенттiгi және Қытай Халық Республикасының Адами ресурстар және әлеуметтiк қамсыздандыру министрлігі ара­сында мемлекеттік қызмет саласында ынты­мақтастық жөніндегі Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Бұл меморандум шеңберінде кездесу, білім алмасу және мемлекеттік қызмет саласындағы мәселелер бойынша іс-шараларға қатысу, екі елдің мемлекеттік қызметшілері үшін кәсіптік оқыту сияқты ынтымақтастықтың нысандары көзделген. Қытай делегациясының іссапары шең­берінде агенттіктің қызметі және мемлекеттік қыз­меттің жаңа моделі, «е-қызмет» автомат­тандырылған персоналды басқару жүйесі, сонымен қатар, Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хаб қызметі таныстырылды.