Аймақтар • 20 Ақпан, 2023

Керекуде жылу қымбаттады

259 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Павлодар қаласының тұрғындары жыл басынан орталықтандырылған жылу тарифінің өсіп шыға келгеніне наразылық танытып отыр. Қаңтар айынан бастап коммуналдық төлемдер бойынша есептелген төлемақы құны жеке тұтынушылар үшін 10-нан 30 пайызға дейін қымбаттаған.

Керекуде жылу қымбаттады

Жылу энергиясының тарифтері 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап келе­сідей деңгейде өскен. Жылу энер­гиясын есепке алудың жалпы үйішілік аспаптары орнатылған тұтынушылар үшін тариф 30%-ға, есептегіші жоқ тұтынушылар үшін 10%-ға, өзге тұтынушылар үшін 10%-ға қымбаттады. Ал бюджеттік ұйым­дар үшін ол бірден 24%-ға ұлғайды.

Бір қызығы, тұтынушылардың бір бөлігі тарифтің қомақты түрде көтерілгенін байқадық десе, енді бірі төлемақы шотындағы сомадан аса үлкен өзгерісті көрмедік деп отыр. Кейбір пәтер иелері ай сайын­ғы төлемнің әрқилы келетінін де тү­сінбей дал.

«Павлодарэнергосбыт» ЖШС қо­ғам­мен байланыс жөніндегі бөлім жетекшісі Екатерина Байжуманова тарифтің көтерілуі Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің 2021 жылдың 23 шілдесіндегі №69-ОД бұйрығы негізінде жүзеге асқанын айтады.

– 1 қаңтарға дейін үйішілік есеп­те­гіш аспаптары бар пәтер иелері 1 Гкал жылу энергиясы үшін 2 050 теңге 57 тиын төлеп келсе, енді олар үшін тариф 2 672 теңге 89 тиын болып бекітілді. Ал есептегіштері жоқ үйлердегі тариф көп көтерілген жоқ, 1 Гкал энергия үшін бұдан былай 3 145,70 теңгенің орнына 3 473,1 теңге төлейді. Бұған қоса есепке алу құралдарын орнатудың тех­ни­калық мүмкіндігі жоқ, тозығы жет­кен, апаттық жағдайда тұрған бас­паналар мен барақ үлгісіндегі үй­лердегі жеке тұлғалар үшін тариф 2 621,42 теңгеден 2 894,93 теңгеге қымбаттады. Негізі тарифтің көтерілетіні туралы компаниямыздың сайтында хабарландыру болған. Қызмет құнын көтеру – мәжбүрлі түрде болып отырған шара. Өндіріске қажет қосымша құрал-жабдықтардың бағасы үсті-үстіне өсіп жатыр. Оның үстіне кәсіпорнымыздың басшылығы ұжымдағы қызметкерлердің жала­қы­сын көтеруді ұйғарған, деп түсіндірді Е.Байжуманова.

Қазіргі күні Павлодар қаласы бо­йын­ша орталықтандырылған жылу­ға 119 453 абонент қосылған (пәтер­лер мен жекеменшік үйлер). Ша­һар­­дағы 1 307 көппәтерлі тұрғын үйдің 1 025-і жалпы үйішілік жылу есеп­тегіштермен жабдықталған. Мұн­дай құралдар орнатылмаған үйлерде жылу төлемақысы 1 шаршы метр­ге 0,2 Гкал мөлшерінде бекі­тіл­ген тұтыну нормасы бойынша есеп­те­ле­ді. Бұл ретте төлем мөлшері бір ай ішіндегі күндер санына байла­ныс­ты белгіленетінін есте ұстаған абзал. Мәселен, қаңтар айында 31 күн болды, бұл уақыт ішінде тариф әр шаршы метрге 97,90 теңгеден есептелген. Ал ақпан айында күндердің аздығына байланысты  88,43 теңгеден белгіленеді, дейді жылумен қамту мекемесінің мамандары.

Табиғи монополияларды реттеу комитетінің өңірдегі департаментінің басшысы Ибрагим Тангиевтің сөзіне сүйенсек, ірі монополистерге 2020-2025 жылдар аралығында тарифтерін кезең-кезеңмен өсіруге рұқсат беріл­ген. Бұл алдағы екі жылда әлі де ша­ма­мен 30 пайызға ұлғаяды. Жос­парлы өсім жазда қолға алынатынын жөндеу жұмыстарының шығынын жабуға және өндірістік қызмет­кер­лердің еңбекақысын көтеруге жұм­салады.

 

ПАВЛОДАР