Кәсіпкер • 20 Ақпан, 2023

Кәсіпкерлерге көмек

280 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы жергілікті бизнес субъектілерінің жеке және жүйелік мәселелерін шешуге, өнімдерін өзге нарықтарға шығаруға көмектесуді негізгі мақсат етіп отыр. Кәсіп бастаған азаматтардың біліктілігін, бәсекеге қабілеттілігін арттыру да негізге алынды.

Кәсіпкерлерге көмек

«Атамекен» кәсіпкерлер палата­сы­ның жергілікті филиалы бүгінде заманға сай трансформацияны бас­тан кешіруде. Жуырда мұнда бизнес өкілдерінің мәселелерін шешуге арналған бес бірдей комитет құрылды. Соның бірі – агроөнеркәсіптік кешен комитеті.

– Филиал комитеттері кәсіп­кер­ліктердің жеке және жүйелік мәсе­ле­лерін шешуге, олардың өнімдерін сырт­қы нарыққа шығаруға, біліктілігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жәрдемдеседі. Павлодар облысының кәсіпкерлер палатасында бүгінде бес комитет құрылды. Олар түрлі бағыт бойынша бекітілген жұ­мыс жоспары мен ереже негізінде жұмыс істейді. Атап айтқанда, агро­өнеркәсіптік кешен, өнеркәсіп, құ­рылыс және ТКШ, туризм және қонақүй бизнесі, білім беру, сауда және қызмет көрсету салалары, – деді Павлодар облысы кәсіп­кер­лер палатасының директоры Серік Сәдуақасов.

Барлық комитеттің жұмысы биз­нес-қауымдастықтардың, кә­сіп­кер­лердің міндеттері мен мәсе­ле­лерін шешу үшін мемлекеттік билік органдарымен тиімді өзара іс-қи­мы­лы­на ба­ғыт­­талған. Әр комитеттің өз төра­ғасы және мүшелері бар.

Агроөнеркәсіптік кешен комите­ті­нің отырысында жергілікті шаруалар мен бизнесмендер ет бағытындағы ірі қара мал мен жылқы сатып алуға жұм­салған шығындарды өтеу сома­сын ұлғайту, асыл тұқымды мал са­тып алуға жұмсалған қаражатты және «Agroexportpavlodar» ЖШС-ның сыйақы мөлшерлемесін өтеу, «Пав­­­лодар» ӘКК» АҚ-мен ынтымақ­тас­тық шарттарын өзгерту, балық шаруа­шылығын өркендету үшін су айдын­дарының айналасынан жер беру мәсе­лелерін көтерді.

Салада ұзақ жылдан бері еңбек етіп келе жатқандардың айтуынша, өңір­дегі өзен-көлдерді балықтандыру бүгінде үлкен мәселеге айналып тұр. Бұған қоса рұқсат етілмеген мал жа­йы­­лымдары мен мал суару орында­рына бақылауды күшейту қажет. Ресейдің шекаралас аймақтарынан балық шабақтарын сатып алуға болады. Тек бұл жерде субсидиялардың төлемін максималды түрде арттырса деген өтініштерін жеткізді кәсіп­кер­лер. Оның үстіне су айдындары айналасына тиісті инфрақұрылым тарту, айлақтар салу, пирстер тұр­ғы­зу секілді мәселелерді қаржы ұйым­да­рының көмегінсіз шешу мүмкін емес. Комитет мүшелері көтерілген мәсе­лелерді назарға алатындарын уәде етті.

 

ПАВЛОДАР