21 Маусым, 2014

Шетелдік сарапшылар не дейді?

373 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Жақында VII Астана экономикалық форумы аясында өткен «Мемлекеттік қызмет персоналын басқару: ахуалы мен болашағы» атты жаһандық конференциясында әлемнің көптеген сарапшылары  сөз алып,  қазақстандық мемлекеттік қызмет моделін жоғары бағалады. Аурелия БУШЕЗ, Еуропа одағының Қазақстандағы өкілдігінің басшысы: – Қазақстанда мемлекеттік қызметтің жаңа моделі қолданылуда. Бұл негізгі үш қағидатқа сүйенеді: қоғам алдында есеп беру, ашықтық және меритократия. Осы бағытта күрделі жұмыстар атқарылып, жетістіктерге қол жеткізілді. Мәселен, мемлекеттік қызмет бойынша аймақтық хабтың құрылғанын айрықша атап өтуге болады. Қазақстанның аймақтағы басқа мемлекеттерге көрсетіп отырған үлгісі құнды. Бұл өзге елдердің мемлекеттік қызмет саласын жаңғыртуға серпін береді. Әрине, Еуропа одағы Қазақстанның мемлекеттік қызмет саласын жаңғырту бойынша жетістіктерін толық мойындай отырып, оған одан әрі қарай қолдау білдіреді. Честер НЬЮЛАНД, АҚШ Мемлекетік қызмет персоналды басқару офисі жанындағы басқарушылар біліктілігін арттыру федералды институтының бұрынғы директоры, Оңтүстік Калифорния университетінің профессоры: – Қазіргі таңда Қазақстанның мемлекеттік қызмет жүйесі – әлемдегі, оның ішінде АҚШ-ты қоса алғанда, ең озық үлгілердің бірі. Себебі, саяси лауазымдағылар саны қысқартылып, әкімшілік мемлекеттік қызметкерлер саны арттырылған. 70-жылдары АҚШ саяси қызметшілер санын көбейту жолын ұстанған болатын. Ал бұл мәселеде америкалық үкімет белгілі бір деңгейде олқылық жіберді. Бізге керісінше сіздердің мемлекеттік қызмет жүйесіндегідей бағытта жұмыс жасау керек еді. Манвел БАДАЛЯН, Армения Республикасы Азаматтық қызмет кеңесінің төрағасы:  – Біздің сарапшыларымыз қазақстандықтармен бірге жұмыс істейтін болады. Арменияның мемлекеттік қызмет саласы Қазақстанның тәжірибесі мен көмегінің арқасында жетіле түспек. Бізде әлі қол жеткізбеген мәселелер қызықтырып отыр. Мысалы, Қазақстан мемлекеттік қызметкерлерді саралап, «А» корпусы сияқты мемлекеттік қызмет деңгейлерін анықтады. Бізді мемлекеттік қызмет саласын жетілдіру үшін көптеген елдердің тәжірибесімен таныстық. Соның ішінде Қазақстанның үлгісі бізге өте жақын көрінді. Сондықтан жаңадан «велосипед» ойлап таппай-ақ, қазақ үлгісін алуды жөн көрдік. Қазақстан мен Арменияның мемлекеттік қызмет саласындағы ынтымақтастық әлеуеті зор. Біз Қазақстанның осы саладағы заңнамалары, әдіс-тәсілдерімен таныстық. Бұл үшін өз ризашылығымды білдіргім келеді. Стефан ХЛАВАЧЕК, Австрия сауда палатасы Экономикалық даму институтының экс-ди­рек­торы, басқару және ұйым­дастыруды дамыту мәселелері бойынша бас сарапшы: – Әсіресе, мемлекеттік қызмет бойынша Астана аймақтық хаб туралы идея өте жақсы! Өйткені, мемлекеттік қызметті реформалау барысында ақпарат тарату, тәжірибе бөлісу өте маңызды. Мемлекеттік қызметкерлер арасында көбірек ақпарат алмасып, үнемі біліктіліктерін арттырып отыру қажет. Ал сол білімдерді, ақпараттарды бір жерден тарататын орталықтың болуы өте қызықты. Топтаманы дайындаған Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан».