Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде дәстүрлі брифинг өтті. Басқосудың бұл жолғы қонағы Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Қозы-Көрпеш Жаңбыршин болды. Бұл оның жаңа қызметке тағайындалғалы бері журналистермен алғашқы кездесуі болып отыр.
«Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Үкімет пен Есеп комитетінің 2013 жылға арналған республикалық бюджеттің орындалу туралы есептері бекітілді. Есептер Парламент палаталарының бірлескен отырысында, олардың комитеттері мен жұмыс топтарында жан-жақты қаралды», деді Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Қ.Жаңбыршин.
Төраға өз сөзінде 2013 жылы Есеп комитеті 26 бақылау шарасын жүзеге асырғанын да атап өтті. Сондай-ақ, ол Есеп комитеті Үкіметке, орталық мемлекеттік және жергілікті атқару органдарына, сондай-ақ, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне 68 ұсыным мен 309 тапсырма жолдап, олар тиісінше 98 және 80 пайызға орындалғанын да назардан тыс қалдырмады.
«Есеп комитетінің бюджеттің есепті мерзім ішіндегі орындалуы туралы қорытындылары депутаттардың бағалауларымен сәйкес келіп, Үкімет оны сындарлы түрде қабылдаған.
«Үкімет бюджетті орындау барысында өте мол жұмыс атқарды. Республикалық бюджетті орындауды бақылаудың және 2013 жылға арналған бақылау-талдау шараларының қорытындылары негізінде біз Үкіметке ұсыным әзірледік. Ол салықтық және кедендік әкімшіліктің сапасын жақсартуға, бағдарламалық құжаттарды, инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың тиімділігін арттыруға бағытталған», деді ол. Сонымен қатар, бюджетті жоспарлау үрдісін, трансферттерді есептеу мен жергілікті бюджеттерге түсетін түсімді болжауды, акционерлік қоғамдардың жарғылық капиталын мемлекеттің қатысуымен толықтыруды жетілдіру жолдары ұсынылған.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК,
«Егемен Қазақстан».