Білім • 21 Ақпан, 2023

Lifelong learning: Ересектерді оқытудағы трендтер жаңарып келеді

375 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Білім беру саласындағы трендтер мен әдістер күн сайын жаңарып келеді. Бұл түрлі сала бойынша білім алатын жастар мен ересектердің ақпаратты қабылдап алу қабілетіне тікелей байланысты. ҚР ПІБ жанындағы оқу орталығы – МЖАТО-ның басшысы Қази Тілеубеков ересектерді оқыту процесінде қолданылатын трендтер жайлы айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Lifelong learning: Ересектерді оқытудағы трендтер жаңарып келеді

- Айтыңызшы, қазір орталық немен айналысады?

- 10 жылдан астам уақыт бойы МЖАТО қызметкерлердің дамуына, құзіретін арттыруға және білімдерін үнемі жаңартып отыруға көмектесіп келеді. Осы кезеңде біз 10 мыңнан астам адамды оқыттық. Біз Іс Басқармасының ведомстволық қарасты 22 ұйымымен ынтымақтастық орната алдық. Біздің тыңдаушыларымыз медицина қызметкерлері, заңгерлер, бухгалтерлер, экономистер, қаржыгерлер, жоғары менеджмент, инженерлік-техникалық қызметкерлер және Іс Басқармасының алуан түрлі жүйесінің өкілдері болып қызмет атқаратын басқа да жұмыскерлер.

Сапалы білім беру мақсатында орталық үздік дәріскерлермен ынтымақтастық қарым-қатынас орнатты. Бұл - нарықта танылған жоғары деңгейдегі мамандар. Біздің пулға 100-ден астам дәріскер-сарапшылар кіреді. Сондай-ақ Іс Басқармасы жүйесі қызметкерлерінің ішінен таңдап алған 33 маманнан тұратын ішкі дәріскерлерді оқыту іс-шараларына тартатын жайымыз бар.

шлпмн

- Оқыту туралы толығырақ айта аласыз ба? Тыңдаушыларға қандай ақпарат қажет екенін қалай анықтайсыз?

- Біз өз сабақтарымыздың жоспарын ПІБ ведомстволық қарасты ұйымдарының қажеттіліктеріне сәйкес қалыптастырамыз. Мысалы, IT мамандары киберқауіпсіздік немесе бұлтты кеңістіктер тақырыбына қызығушылық танытатынын айтады және біз олар үшін оңтайлы оқытуды таңдаймыз. Қызметкерлердің басқа санаттары да дәл осылай жасай алады.

- Ең танымал курстар қандай? Қазір ересектерді оқытуда қандай трендтер бар?

- Қазір бүкіл әлемде lifelong learning – өмір бойы үздіксіз оқу үрдісі таралып жатқанын байқауға болады. Бүгінде университет қабырғаларында бірнеше жыл оқып, содан кейін жұмыста ескірген дағдыларды қолдану еңбек нарығы үшін тиімсіз. Қазір кәсіпқойлар білімнің тез ескіретінін түсінеді және бәсекелестікке толы еңбек нарығында сұранысқа ие болу үшін білімдерін үнемі жаңартып отырады.

Бұл жерде айта кететін жайт, цифрландыру еңбек нарығына бірқатар қысым жасап келеді. Ол бірқатар функцияларды жойып, көптеген жаңа мүмкіндіктерді де ұсынып жатыр.

Мысалы, болашақ еңбек нарығына болжам жасайтын Дүниежүзілік экономикалық форумның 2018 жылғы есебіне сәйкес, жасанды интеллект 75 миллион жұмысшының қысқаруына себеп болған, бірақ 133 миллион жаңа бос жұмыс орны құрылғанын да атап өту керек. Сондықтан заманауи мамандар білімдерін, дағдыларын үнемі шыңдауға мәжбүр. Осыған байланысты әр түрлі компаниялардың қызметкерлері үнемі курстардан, тренингтерден өтеді, біліктілігін арттырады, тіпті пәнаралық салаларды оқиды. Мысалы, HR мамандары менеджментті, жоба менеджерлері – маркетингті зерттейді.

Ересектерді оқытудағы бір маңызды тенденция – mindfulness, яғни зейінді дамыту. Linkedin есебіне сәйкес, жұмыс берушілердің 92%-ы икемді дағдыларды техникалық дағдылардан гөрі маңызды деп санайды. Олар шығармашылықты, адамдарды сендіру және қарым-қатынас жасау қабілетін, бейімделуді көздейді. Бұл дағдылар кез келген маманға қажет.

- Бүгінде онлайн оқыту қаншалықты тиімді?

- Түрлі пікірлерге қарамастан, онлайн форматында да тиімді оқуға болады. Біздің тәжірибемізге сүйене отырып, тыңдаушылардың жігері жоғары деңгейде болған кезде, олар өткен материалды тиімді игереді деп айта аламын. МЖАТО өткізетін тренингтерге басқа қалалардың онлайн тыңдаушылары да қосылады.

Десе де, офлайн оқыту - әлі де танымал әдістердің бірі. Білім алу – шоғырлану мен табандылықты қажет ететін күрделі процесс. Офлайн формат жиналу қиынға соғатындар үшін пайдалы. Өйткені жаныңызда табысқа жетуге ниеттенген басқа да белсенді адамдарды көресіз, ерік-жігермен назар аударуға мәжбүр ететін бәсекелестік элементтері пайда болады. Сонымен қатар аудиториядағы оқыту нетворкингке мүмкіндік береді.

 илг

- Орталықтың алдағы жоспарлары қандай? Оқыту үрдісіне қандай жаңалықтар енгізілмекші?

- Биыл біз ПІБ жүйесінің қызметкерлерін ғана оқытып қоймай, нарыққа шығып, клиенттер ретінде басқа компанияларды – квазимемлекеттік және коммерциялық секторларды тартамыз.

Сонымен қатар біз қазір өз веб-порталымызды әзірлеу сатысындамыз. Тыңдаушыларымыз өткен материалды қайталай алуы үшін біздің тренингтер мен семинарлардың мұрағаты сақталады. Өз білімін растау үшін интерактивті тесттер мен тапсырмалар орналастырылады.

Сондай-ақ осы порталдың арқасында біз жеке тұлғалар нарығына шығып, дербес онлайн оқыту қызметтерін ұсынғымыз келеді.

Біз көптеген жаңа мүмкіндіктерді ашатын веб-порталға үлкен үміт артамыз. Әрине, әртүрлі бағыттарды сынап көреміз, содан кейін нәтижелерге сүйене отырып, сұранысқа ие болатын тәсілді жүзеге асырамыз.

- Орталықты дамыту үшін кімнің тәжірибесіне сүйенесіз?

- Отандық ұйымдардан біз Мемлекеттік Басқару Академиясы, Samruk Business Academy, BI University және басқа да ірі ұйымдардың тәжірибесін зерттейміз. Әрине, біз бәріміз бір-бірімізден ерекшеленеміз, бірақ мақсатымыз ортақ.

Біздің орталық нарық жетістіктерін пайдалана отырып, оқытуда озық тәжірибелерді ұдайы енгізуге және осы бағытта енгізіліп жатқан жаңалықтарды зерттеуге бағытталған.

пир