Дәстүрлі республикалық қысқы ралли-спринтке Астана, Алматы, Қарағанды, Көкшетау, Өскемен, Екібастұз және Павлодар қалаларынан жалпы саны 40 команда қатысты. Жарыс көліктерінің тізгініне жайғасқандар жылдамдықты үдетуге мүмкіндік беретін мұз трассасында 5,5 және 5,4 шақырым жерді барынша жедел өтуге тырысса, үшінші бөліктегі 11 шақырымда уақыт ұтуға ұмтылды. Бабы келіскен жарыс машиналары мұз үстіндегі бұрылыстарда шалт бұрылып, дөңгелегін түземестен бар жылдамдығымен зу ете түседі. Мұндай әдіске «Жигули» мен BMW, Subaru маркалы көліктері әдетте қолайлы екен. Командалардың көбі ескі көліктерді әбден жеріне жеткізіп әлеміштеп, ұзатылатын қыздай жасандырып қойған.
Бас төреші Владимир Бородин айтып өткендей, жүргізуші старт берілетін жерге дейін 2 минут ішінде жетіп үлгеруі керек. Фальстарт жасаса немесе уақыттан кешіксе, негізгі уақытынан секундтар қиылып қалады. Айналымдарды барынша жылдам әрі мінсіз жүріп өткендер жеңімпаздар тұғырынан табылды.
«Мұз үстіндегі айқас кәдімгі спринттегідей өрбиді. Әуелі көлік тізгініндегі пилот маршруттың барлық күрделі сәтін белгілей отырып стенографиясын түзеді. Жарыс барысында жанындағы серігі оны оқып, ескертіп отырады. Әр секунд санаулы болғандықтан, пилотқа әр нұсқаулық секундтың санаулы бөлігінде дұрыс берілуі маңызды» дейді ралли-спринттен Қазақстан чемпионы Андрей Амелин. Пилот кілт бұрылыстарда жолдың жабық бөліктерін көрмей қалуы мүмкін. Штурман алдын ала ескертіп, сақтандырады.
Бұл – республикалық ралли-спринттің III кезеңі болғандықтан, шешуші айқас. Андрейдің серігі әрі зайыбы Алие Амелина – «бүгінде кәсіпқой спринтшінің бірі. «Павлодардағы трасса қызықты әрі күрделі бұрылыстары көп, сондықтан экипаждан үнемі жинақы болуды талап етеді», дейді олар.
Республикалық жарыстың соңғы шешуші кезеңі алдағы уақытта Қарағанды қаласында өтеді деп жоспарланып отыр.
ПАВЛОДАР