Спорт • 21 Ақпан, 2023

Бурабайдың бауырын дүбірлеткен...

331 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әуесқой спортшылардың мұз айдынында жүгіруден экстремалды жарысы өтті. Алғаш рет ұйымдастырылған халықаралық жарысқа АҚШ, Ресей, Чехия, Польша, Ауғанстаннан және еліміздің бірқатар өңірінен 300-ге жуық спортшы қатысып, бақ сынасты.

Бурабайдың бауырын дүбірлеткен...

Жарысқа қатысушылар ұшар басына қазбауыр бұлттар байланған Оқжетпеске, бауыры әдемі аңызға тұ­нып тұрған Жұм­­­бақтасқа, қолдың саласындай мәңгі жасыл қарағайларға таң­ғалысты. Ап­пақ қар жамылған жол­барыс жонды жо­талар, шаншыла біткен шоқылар сұ­лулыққа іңкәр жандарды ажарымен арбап, көркемдігімен тәнті етіп қол бұлғап өзіне шақырып тұрғандай. Әуел бастағы ас­қаралы мақсат та табиғаты көркем ку­рорт­ты өңірдің болмыс-бітімін насихаттау болатын.

Қатысушылар бірнеше қашық­тықта бақ сынасты. Жеті шақырымдық жарыс жолында алматылық спортшы Тимур Артюхин жеңімпаз атанса, 14 ша­қырымдық додада Аста­на­дан келген Владимир Экерттің мәртебесі үстем болды. Ең қызығы, 21 шақырымдық қашықтық болатын. Мұншалықты ұзақ жолға темір­дей төзімді, дайындығы мінсіз спортшының ғана қатысуы мүмкін. Тартысты өткен додада елор­далық спортшы Юрий Швецтің бағы жанды. Ал жеті шақырымдық қашық­тықта өткен скандинавиялық жүріс­те көкшетаулық Қазбек Елубаевқа тең келер ешкім болмады.

– Дәл осындай бұқаралық спорт жарысын ұйымдастыру бұрын-соңды болған емес. Біздің компаниямыздың құрылғанына биыл 8 жыл толғалы отыр. Алдағы уақытта осындай қыз­ғылықты іс-шараларды көбірек өткіз­сек, өл­кенің өңін танытып, туристің өрісін кеңейтеміз, – дейді «Бурабай Да­му» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігінің маркетинг бөлімінің басшысы Шыңғыс Оразалин.

Несі бар, Бурабай баурайында бақ сынасқан спортшылар арқылы туған елдің тамаша табиғаты шартарапқа мәлім болатын болды. Ол да аз дүние емес.

 

Ақмола облысы,

Бурабай ауданы