Технология • 22 Ақпан, 2023

7 өңірде ІТ-хаб ашылады

436 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Astana Hub-тың тәжірибесі негізінде өңірлерде технопарктер құрылмақ. Оларды облыстардағы жекеменшік ірі техникалық жоғары оқу орындарының базасында құру жоспарланған.

7 өңірде ІТ-хаб ашылады

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі IT-саласын дамыту департаментінің директоры Ер­сұлтан Ермановтың пікірінше, мұн­дағы мақсат – таланттарға бір­ыңғай инфрақұрылымды қол­жетімді ету. Бұл жастардың идея­ларын іске асыруға жəне əлемдік на­рыққа шығуына мүмкіндік береді.

– Өңірлік хабтарда техноло­гиялық кəсіпкерлікті жетілдіру жəне IT-экспортты арттыру үшін жыл сайын акселерациялық әрі білім беру бағдарламалары ашылады. Былтыр қанатқақты жоба ретінде еліміздің 10 қаласында бизнес-инкубаторларды қолдау жүргізілді. Бұл бағдарлама жас­тарды технологиялық кəсіп­кер­лікке бағыттауға жəне қолдауға арналған. Инновацияны жандандыру мақсатында өңірлерде қа­жетті инфрақұрылым ұйымдас­тырылды. Биыл өңірлік хабтарды дамыту тұжырымдамасы дайындалып жатыр жəне 7 өңірде IT-хабтың ашылуы жоспарланып отыр, – деді Ерсұлтан Ерманов.

Оның айтуынша, Astana Hub халықаралық экожүйе ретінде өзінің тиімділігін көрсетті. 2022 жылдың қорытындысы бо­йынша 320 шетелдік компа­ния As­tana Hub-қа тіркелуге өті­ніш бер­ді. Нəтижесінде, 166 мекеме хаб ре­зиденті атанды. Шет­елдік қатысу­шылардың бизнес-жоспар­ларына сəйкес, 2023 жыл­ғы жалпы экспорттық түсім 200 млрд тең­гені құрайды деген болжам бар.

ІТ-мамандарды даярлау да күн тәртібінен түскен емес. Де­рек­терге сүйенсек, былтыр елі­­мізде 25 мыңнан астам IT-маман даярланған. Бұл 2021 жыл­мен салыстырғанда 10 па­йызға жоғары. Көрсеткішті арт­тыруға осыдан екі жыл бұ­рын іске қосылған Tech Orda бағ­дарламасының тигізген септігі зор. Бағдарлама өңірлерде IT-бі­лім беруді дамытуды ынталан­дырып келеді. Кейінгі екі жылда еліміздің 12 өңірінде 20 бағдар­ламалау мектебінің ашылуы соның дәлелі. Былтыр 49 IT-мектепке 3 068 грант берілді.

– IT-академиялар Samsung және Huawei сияқты ірі техно­ло­гиялық компаниялармен бір­лесіп іске қосылды. Онда 4 мың­ға жуық адам оқыды. Сондай-ақ IT-саласындағы ин­клю­зивті білімге назар аударылады. Мысалы, министр­ліктің қолдауымен ITeachMe құзырет­тілікті дамыту орталығы ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған бірқатар білім беру іс-шарасын өткізді. Қазіргі таңда түлектер саны 500-ге жуықтады, – деді департамент директоры.

Үкімет технологиялық саясат кеңесінің алаңында үш негізгі технологиялық бағытты анық­тағанын білеміз. Олар – MedTech, AgriTech және GreenTech. Ол үшін тиісті IT-тех­но­ло­гиялар қажет. Бұл ретте жа­санды интел­лект технологияларына ерекше мән беріледі. Е.Ерма­новтың пікірінше, Қазақстан осы салада өз әлеуетін паш етуі керек.

– Жақын уақытта осы бағытқа баса назар аудару жоспарланған. Алғашқы қадамдардың бірі ре­тінде биыл Жасанды интеллек­тіні дамыту стратегиясы бекіті­летінін айтуға болады. IT-са­ланы дамыту тұжырымдамасы шеңберінде 2029 жылға қарай отандық IT-нарықты одан әрі қолдау әрі дамыту үшін алды­мызда бірқатар мақсат-мін­дет тұр. Атап айтқанда, цифр­­лық технологиялардың ел эко­номикасының өсуіне қосатын үлесін 1 пайызға жеткізу, IT-қыз­­меттердегі жергілікті қамту үлесін 67,6 пайыздан 80 пайызға дейін арттыру, IT-өнімдер мен қызметтер экспортының жалпы көлемін 1,5 млрд долларға дейін ұлғайту, ел экономикасы үшін 250 мың білікті IT-маман дайын­дау, Tech Orda бағдарламасы бойынша 45 мыңға жуық ваучер беру, өңірлерде 60 заманауи мектеп ашу маңызды мақсат-міндеттердің қатарында, – деп нақтылады Е.Ерманов.

Оның айтуынша, ведом­ствоның IT-саласында атқа­рып жатқан жұмысы жалпы екі стра­тегиялық құжатқа негізделеді. Олар – «Цифрландыру, ғылым жəне инновациялар есебінен тех­но­логиялық серпіліс» ұлттық жо­басы жəне IT-саласын дамыту тұ­жырымдамасы.

– Негізгі стратегиялық бағыт­тар­дың бірі – IT-қызмет экспортын дамыту. Әлемдегі кез келген мемлекеттің экономикалық та­быстылығы оның нарықтағы бəсекеге қабілеттілігімен сипат­талады. Мұны дəлелдейтін негізгі көрсеткіш – IT-экспорт­тың көлемі. Осыған байланысты ұлттық жобада арнайы көр­сет­кіштер негізгі мақсат ре­тінде белгіленген. Со­ның ішінде 2025 жылға дейін IT-экс­портын 500 млн долларға жет­кізу мін­деті тұр. Былтыр Astana Hub рези­денттерінің цифрлық ше­шім­дерінің экспорты 165 млн дол­ларға тең болды. Бұған қоса 130 млн доллар көлемінде стартап­тар­ға инвестиция тартылды. Яғни оң динамика байқалып отыр, – деді де­партамент директоры.

Е.Ерманов отандық кəсіпкер­лердің жаһандық нарыққа шы­ғуына қолайлы жағдай жасалып, əртүрлі мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етілгенін атап өтті. Сонымен қатар елі­міз­­де экспортқа шығаратын ин­­­дус­­триялық-инновациялық ме­ке­мелер үшін ақпараттық-ком­муникациялық қызметтер ба­ғы­тындағы шығындардың орнын толтыру тетігі қолданылуда. Бұл тетіктің нәтижесінде былтыр 60 млн теңгеге жуық шығын өтелген.