Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Ауасы таза елді мекенде өмір сүрудің өзі – бақыт. Көшелері кең, тап-таза, көрікті, жасыл желегі мол, ғимараттары сәулетті қалада тұру әрбір жанның арманы екені анық. Мемлекетіміздің бас қаласы Астана солтүстік өңірде орналасқандықтан, қысы қатты. Бұл жақтың аязды, боранды күндері өте көп. Кезінде өзімен-өзі бұйығы жатқан облыс орталықтарының бірі болды. Жеке сектордағы үйлердің бәрі қыста бұрқылдатып көмір жақты. Тіпті 80-жылдары шағын көшелерге оттың күлін төккен жағдайды да көзбен көрдік. Әрине, ол кезде қала шағын, зардабы көп байқалмады. Жиі соғып тұратын желі бар. Сол себепті қаланы түтін баспайтын еді.
Дегенмен жыл өткен сайын тұрғындар саны артты, үйлер де көбейді. Қала сыртына орман егілгендіктен де шығар, бұрынғыдай өңменіңнен өтіп кететін жел де азая бастағандай. Кейінгі жылдары, тіпті, үп еткен жел соқпайтын тымық күндер пайда болды. Сондайда қаланы түтін басып кетеді. «Кейбір тұрғындар көмір былай тұрсын, ұзақ жылу береді деп автокөліктің доңғалағын жағады» деген әңгімені де естіп жүрміз. Түрлі қоқыстарды, пластикалық қораптар мен ыдыстарды отқа салатындар да кездеседі. Шынымен де, кейбір үйлердің мұржасынан қара түтін будақтап жатады. «Қаланы улап не жағып жатсың?» деп оларды тексеріп жатқан ешкім жоқ. Ауылда өстік. Көмір жаққанды көрдік. Бастапқыда бықсып, түтін шыққанмен, сәлден кейін жанып жататын еді ғой. Ал қазір күні-түні қара түтін будақтап жатқанын көреміз. Тиісті құзырлы органдар қаланы улап жатқан үйлерге барып, тексеру жұмыстарын жүргізсе, орынды болар еді.
Астананың оң жағалауында оңтүстік-шығыс ауданы бар. 20-25 жыл бұрын өмір сүруге қолайлы, ауасы таза аймақ болған еді. Ал қазір тымық күндері түтін басып тұрады. Атап айтқанда, Б.Момышұлы даңғылы мен Ғ.Мұстафин көшесінің сол жағы көпқабатты тұрғын үйлер болса, ал оң жағында жеке сектор үйлері орналасқан. Бұл М.Жұмабаев даңғылы мен Қобыланды батыр көшесі аралығын қамтиды. Жел тымық күндері пәтердің желдеткішін ашу мүмкін емес. Көшеге де шыға алмайсың. Тіпті облыс орталықтарында ауа мұндай лас болмас. Мәселен, өзім бұрын Орал, Қостанай қалаларында тұрдым. Аталған қалаларда жеке тұрғын үйлерді газбен қамту мәселесі әлдеқашан шешімін тапқан. Көмір жағып, күл шығарып жүрген адамды көрмейсің. Бес жыл бұрын жазда Қостанайда тұратын бір досымның үйінде болдым. Қаланың шет жағынан жер учаскесін алып, жеке үй салып алыпты. Ауласы кең екен. Соны көрген бір досы: «Мына аулаңа ошақ салып алып, ара-тұра үйдің нанын пісіруіңе болады ғой» деді. Сонда ол: «Біздің қалада аулаңа ошақ салу түгілі, бірдеңе жағып, түтін түтетуге болмайды. Айыппұл төлейсің», деп жауап берді. Міне, өркениетті қалада осындай қатаң тәртіп сақталады.
Ал Астанада әркім ойына келгенін істеп жатыр. Мысалы, жаздыгүні кәуап сататын дәмхана, асханалар бар. Олар есігінің алдына үлкен темір ошақ орнатып қойып, түтіндетіп, кәуап дайындап жатады. Оларға мұның не деген адамды көрген жоқпын. Сондай қызмет көрсететін орынның бірі – Ғ.Мұстафин көшесіндегі «Киш-миш» дәмханасы. Бүгінгі дамыған қоғамда кәуапты заманауи пештерде дайындауға толық мүмкіндік бар емес пе?
Мемлекет басшысының қолға алуымен кейінгі үш-төрт жылда Астананың жеке тұрғын үй алаптары көгілдір отынмен қамтамасыз етілді. Бұл ретте ауқымды істер атқарылды. Алайда газды қымбатсынып, «үйреніп қалған көмірім жақсы» дейтіндер де бар. Алдағы кезеңде көмір және түрлі қоқыстарды жағуға мүлдем тыйым салу қажет. Сол аумақта тұратын қариялар, сондай-ақ демікпе, жүрек, қан қысымы және басқа да дертке шалдыққан адамдар түтіннің иісінен зардап шегіп жүргендерін жиі айтады. Бірақ олардың шағымдарына құлақ асып жатқан құзырлы орган көрінбейді.
Жеке тұрғын үйлер ғана емес, автокөліктер де қаланың ауасын улап жатыр. Әсіресе пайдалану мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен ескі жеңіл автокөліктерден қара түтін шығатыны белгілі. Жүк көліктері мен ескірген автобустар да бағдаршамға тоқтап, орнынан қайта қозғалған сәтте жанында тұрған машиналарды түтінге көміп кететінін де көріп жүрміз.
Қаланың қаншалықты таза не лас екенін қарға қарап анықтауға болады. Ауасы нашар аймақтың қары санаулы күнде-ақ қарайып кетеді. Ал таза мекендерде жауған қар қанша күн өтсе де, аппақ күйінде жатады.
Әлемнің өркениетті қалалары тазалық сақтауға ерекше мән береді. Мысалы, Сингапурде белгіленбеген жерде шылым шеккен адамға 1 мың доллар айыппұл салынады. Ал темекінің тұқылын асфальтқа тастасаң, 500 сингапур долларын (175 мың теңгеден аса) төлейсің. Жаяу жүргіншінің көшені кез келген тұсынан кесіп өтуі, тротуарға түкіргені және басқа да осындай заң бұзушылықтар 500-ден 1 мың сингапур доллары көлемінде айыппұл төлетеді. Тіпті метрода сағыз шайнауға тыйым салынған, көшеге бір жапырақ қоқыс тастауыңа болмайды. Айыппұлдары өте жоғары. Ал бізде тәртіп те, тазалық та сын көтермейді.
Қазақстан Республикасы Экология кодексінің 8-бабында мемлекет, жеке және заңды тұлғалар қоршаған ортаны қорғау мен сақтау, ластануы мен оған залал келтірілуін болғызбау мақсатында нақты іс-шараларды жүзеге асыратыны айқын жазылған. Ал 13-бапта табиғатты сақтау және оның ресурстарына ұқыпты қарау барлық жеке және заңды тұлғаның борышы мен міндеті екені атап көрсетілген. Сондықтан әрбір азамат еліміздің экология заңнамасының талаптарын сақтауға тиіс.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда ғана Астана қаласын дамытуға қатысты кеңесте сөз сөйлеп, күрделі мәселелерді көтерді. Елорданы газбен қамтуда олқылықтар орын алғанын атап өтті. Мемлекет басшысы елорданың жаңа әкімі Жеңіс Қасымбекке маңызды міндеттер жүктеді. Тұрғындар да қаланың экономикалық және экологиялық жағдайы анағұрлым жақсарады деп үміт артып отыр.
Астана бас қала ретінде ерекше қорғалуға тиіс. Қаланың экологиялық қауіпсіздігі – өте маңызды мәселе. Тұрғындардың өмірі мен денсаулығы қымбат десек, бұл мәселені кешенді түрде қарап, қажетті шаралар қабылдау қажет. Жалпы, ел астанасын ластауға ешкімнің де құқығы жоқ. Осы мақсатта жаңа іс-шаралар қолға алынады деген сеніміміз бар.
Айбатыр СЕЙТАҚ,
журналист, Астана тұрғыны