Орал қаласындағы «Атриум» сауда және ойын-сауық кешенінің алдында «Алимент төледің бе, азамат!» атты шара өтті. Батыс Қазақстан облыстық сот актілерін орындау департаменті мен қалалық прокуратура бірігіп ұйымдастырған осынау шараға «БҚО студенттер альянсының» еріктілері де жұмыла атсалысты. Шараның мақсаты – алимент төлеуден жалтарып жүрген «әкелердің» туған балаларына деген жанашырлық сезімдерін ояту, оларды құқықтық жауапкершілікке шақыру, қоғамның осы мәселеге назарын аудару.
– Жыл басынан бері облыстық сот актілерін орындау департаментінде 6486 алимент өндіру фактісі тіркелген. Өкінішке қарай, перзенттеріне берешек әкелердің жартысынан көбі жауапкершіліктен жалтарып, қашып жүр. Соған сәйкес департаментте түрлі шаралар қолға алынуда, – дейді алимент төлемдерін өндіру бөлімінің басшысы Светлана Фигловская.
Жүргізілген тиісті шаралардың нәтижесінде жыл басынан бері 35 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның 9-ы бес тәулікке әкімшілік қамауға алынса, 12-сіне айыппұл салынған. Сондай-ақ, мекен-тұрағы белгісіз 16 қашқын әкеге іздеу жарияланып, 7 адамның автокөлік жүргізу құқығына шектеу қойылған. Мұның сыртында биылғы жылдың бес айы ішінде сот шешімін орындамаған 870 азаматқа еліміз аумағынан сырт жерге шығуға шектеу қойылды.
Фатихолла МАШТАХОВ,
БҚО Сот актілерін орындау департаментінің қызметкері.