21 Маусым, 2014

Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі

510 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

«Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің жолдауы

2014 жылға 19 маусым,  №09-3/1

Қазақстан Республикасы Конституциясының 53-бабының 6) тармақшасына және «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» 1995 жылғы 29 желтоқсандағы № 2737 Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 17-бабы 4-тармағының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі Қазақстан Республикасы Парламентіне «Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» Жолдау ұсынады. Республика Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Негізгі Заңнан қисынды түрде келіп шығатын «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын жариялауы Қазақстанның конституциялық дамуындағы аса маңызды оқиға болды. Қазақстан Республикасы Конституциясының тарихи маңызын атап өту мақсатында Мемлекет басшысы алдағы 2015 жылды Конституцияның, Қазақстан халқы Ассамблеясының жиырма жылдығы деп жариялады. Конституциялық Кеңестің бұдан бұрынғы жолдауы жарияланғаннан кейін өткен кезең ішінде, Қазақстан Республикасында ел Конституциясының жасампаздық әлеуетін жүзеге асырудың тиімділігін одан әрі арттыруға қызмет ететін аса маңызды мемлекеттік шешімдер қабылданып, іске асырылуда. Өткен жыл дәуірге татырлық «Қазақстан-2050» Стратегиясын орындау жолындағы қарқынды жұмыстар алаңын құру жылы болды. Экономикалық қатынастарды одан әрі жетілдіру, Қазақстанның мемлекеттілігін нығайту барлық деңгейлердегі мемлекеттік билікті қалыптастыру мен іске асырудағы демократиялық негіздерді күшейту, өкілді органдардың өкілеттігін кеңейту, әлеуметтік әріптестік, басқаруды орталықсыздандыру, кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастыру бағыты бойынша ілгері жылжуда. 2013 жылғы тамызда тәуелсіз Қазақстанның тарихында алғаш рет, жауапкершілігі аймағында 8 миллионға жуық қазақстандықтар өмір сүріп отырған ел әкімдерінің 91%-дан астамының сайлауы өтті. Қабылданған заңнамалық және ұйымдастырушылық шаралар арқылы әкімдерге өздерінің функцияларын тиімді атқаруы үшін қосымша өкілеттіктер мен қажетті қаржылық және өзгелей ресурстар берілді. Әкімдердің сайлануы халық тарапынан жергілікті әкімдердің қызметіне бақылауды күшейтуге кең мүмкіндік ашып, жекелей алған әрбір аумақтық қоғамдастықтағы әлеуметтік-экономикалық ахуалға азаматтардың тікелей ықпалы артуына септігін тигізеді. Осылайша, саяси жүйені жаңғырту, қазақстандықтардың жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқаруға белсене қатысу практикасы мен дәстүрін кеңейту жолында тағы бір маңызды қадам жасалды. Әкімшілік реформа жүргізу белсенді түрде жалғасты. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссия конкурс негізінде кәсіби басқарушылардың мүлдем жаңа санатын – мемлекеттік саясаттың нақты бағыттарын іске асыруға жауапты мемлекеттік әкімшілік қызметтің «А» корпусын қалыптастырды. Қазақстан Республикасының Президенті үстіміздегі жылғы 17 қаңтардағы өзінің «Қазақстандық жол-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында (бұдан әрі – Жолдау) Қазақстанның әлемдегі ең дамыған отыз елдің қатарына кіруінің негізгі міндеттері мен жос­парын халыққа жариялады. Бұл бағытты жүзеге асыру мақсатында Елбасы Қазақстанның әлемдегі ең дамыған отыз елдің қатарына кіруінің тұжырымдамасын бекітіп, ол тұжырымдамада еліміздің ұзақ мерзімді дамуының негізгі үдерістері, мүмкіндіктері мен басым бағыттары, заманауи қыр көрсетулер айқындалды. Әсіресе, мемлекеттік институттардың жұмысын жетілдіру, құқықтың үстемдігі мен жұрттың бәрінің заң алдындағы теңдігі қағидаттарын одан әрі іске асыру, сот жүйесінің ашықтығы мен қол жетімділігін қамтамасыз ету, құқық қорғау органдары қызметінің тиімділігін арттыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегияны қалыптастыру мен іске асыру, халықтың құқықтық мәдениетін арттыру қажеттілігі ерекше атап өтілді. «Қазақстан-2050» Стратегиясының және Мемлекет басшысы Жолдауының конституциялық маңызға ие бұл қағидалары жоспарлы түрде жүзеге асырылуда. Ұлттық құқықтық жүйенің құқықтың барлық негізгі саласындағы, жария құқық болсын, жеке құқық болсын, бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 16 қаңтардағы № 731 Жарлығымен Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінге кезеңге арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Олар әлемдік құқықтық кеңістікте болып жатқан заманауи өзгерістер мен үдерістерге сай келетін ұлттық заңнаманың жаңа буынын қалыптастыруға бағытталған. Мемлекет басшысы, заң шығару бастамасын бір мақсатқа жұмылдыруға қаратылған 2013-2016 жылдарға арналған Заң шығармашылығы жұмысының тұжырымдамалық жоспарын (2013 жылғы 9 тамыздағы № 610 Жарлық), сондай-ақ Құқық қорғау жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2014-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын және Құқық қорғау органдарының кадр саясаты тұжырымдамасын бекітті (2013 жылғы 31 желтоқсандағы № 720 Жарлық). Оларды жүзеге асыру жалпыға бірдей қабылданған әлемдік стандарттарға және «Қазақстан-2050» Стратегиясының мақсаттарына жауап береді. Жаңа халықаралық экономикалық бірлестіктің құқықтық негізі болып табылатын Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа үстіміздегі жылғы 29 мамырда Астана қаласында қол қойылуы айтулы оқиға болды. Негізгі заңдардың үстемдігін қамтамасыз ету саласында конституциялық соттар мен баламалы институттар арасындағы тығыз ынтымақтастықты әлемдік деңгейде қамтамасыз ету мақсатында құрылған, конституциялық бақылау органдары халықаралық қауымдастығының –Конституциялық сот төрелігі жөніндегі бүкіләлемдік конференцияның құрамына Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің қабылдануы да Қазақстанда конституционализмнің ойдағыдай дамып отырғанына дәлел болды. Тұтас алғанда, мемлекеттің Қазақстан қоғамы мен жаһандану жағдайында қызмет етуінің миссиясын, бет-бейнесі мен нысандарын бірте-бірте жаңарту үдерісі жалғасуда. * * * Конституциялық Кеңес Негізгі Заңның 72 және 78-баптарына сәйкес Қазақстан Республикасы Конституциясының бірқатар нормаларына ресми түсіндірме беріп, заңнамалық актілердің бірқатар ережелерінің конституциялығын тексерді. Конституциялық нормаларды Конституцияның жалпы ережелерімен және қағидаларымен қисынды байланыстыра, ұштастыра жасалған жүйелі түрдегі құқықтық талдауды негізге ала отырып, қабылданған нормативтік қаулыларда Конституциялық Кеңестің құқықтық ұстанымдары айқындалды. Атап айтқанда, заңнамалық нормаларды қолдану Конституцияда адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең қымбат қазына ретінде танылатынын ескере отырып іске асырылуға тиіс, оларды қолдану адамның және азаматтың конституциялық құқықтарына нұқсан келтірмеуге тиіс. * * * Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулыларында тұжырымдалған құқықтық ұстанымдарын, сондай-ақ оның жолдауларындағы ұсынымдары мен ұсыныстарын заң шығарушы мен құқық қолданушылардың ескеруі дәйекті түрде жүргізіліп отырған конституциялық жаңғыртудың оң үрдісі болып табылады. Қабылданған бірқатар заңнамалық актілер мен шешімдер осыны айғақтайды. Мәселен, «Конституциялық мерзімдерді есептеу мәселесі бойынша Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларын ресми түсіндіру туралы» Конституциялық Кеңестің 2012 жылғы 13 сәуірдегі № 2 Нормативтік қаулысын орындау мақсатында Республика Парламенті, кейбір конституциялық заңдарда көзделген мерзімдердің басталуы мен аяқталуын есептеудің тәртібін реттеуге бағытталған, «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына конституциялық мерзімдерді есептеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2013 жылғы 3 қазандағы № 133-V Қазақстан Республикасының Конституциялық заңын қабылдады. Одан тыс, «Нормативтік құқықтық актілер туралы» 1998 жылғы 24 наурыздағы № 213-І Қазақстан Республикасының Заңы, заңнамада белгіленген мерзімдерді есептеудің тәртібін бекітетін жаңа 6-1-баппен толықтырылды. «Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына және Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әртүрлі заңнамалық актілердің құқық нормалары арасындағы қайшылықтарды, олқылықтарды, коллизияларды және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін нормаларды жою мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2013 жылғы 3 шілдедегі № 121-V Қазақстан Республикасының Конституциялық заңымен соттардың Конституциялық Кеңеске жүгіну рәсімін реттеу көзделетін жаңалықтар енгізілді. Конституциялық Кеңестің 2008 жылғы 15 қазандағы № 8 Нормативтік қаулысын және «Қазақстан Республикасы Конституциясының 54-бабын, 61-бабы 3-тармағының 1) және 3) тармақшаларын, сондай-ақ мемлекеттік басқаруды ұйымдастыру мәселелері бойынша басқа да бірқатар нормаларын ресми түсіндіру туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2008 жылғы 15 қазандағы № 8 Нормативтік қаулысына түсіндірме беру туралы» Конституциялық Кеңестің 2013 жылғы 16 мамырдағы № 2 Қосымша қаулысын жүзеге асыру мақсатында, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік органдардың құзыретін заңнамалық және (немесе) заңға тәуелді деңгейде бекіту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2014 жылғы 13 қаңтардағы № 159-V Қазақстан Республикасының Заңы қабылданып, мемлекеттік органдардың негізгі болып табылмайтын функциялары заңға тәуелді деңгейге көшіріле отырып, бірқатар заңнамалық актілерден алынып тасталды. Қазақстан Республикасы Конституциясының 13 және 16-баптарын және Конституциялық Кеңестің 2012 жылғы 12 маусымдағы № 09-3/1 жолдауының ұсынысын орындау үшін, білікті заң көмегін тегін көрсету жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатында 2013 жылғы 3 шілдеде Мемлекет басшысы Парламент қабылдаған «Мемлекет кепілдік берген заң көмегі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекет кепілдік берген заң көмегін ұсыну мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына қол қойды. Олар әркімнің бюджет қаражаты есебінен тегін көрсетілетін білікті заң көмегін алу құқығын іске асыруы үшін қосымша жағдай жасайды, тегін заң көмегінің барлық түрлері бойынша бюджеттік бағдарламалардың бірыңғай әкімшісін айқындайды, сондай-ақ мемлекеттік органдардың құқықтық ақпарат беру түрінде мемлекет кепілдік берген тегін заң көмегін өз құзыреті шегінде өтініш жасаған кез-келген жеке тұлғаға көрсетуге міндетті екенін белгілейді. Ел Парламенті «Жол қозғалысы туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол қозғалысы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды қабылдап, оларға Конституциялық Кеңестің 2012 жылғы 12 маусымдағы № 09-3/1 жолдауындағы ұсыныстарды орындауға бағытталған нормалар енгізілді. Республика Конституциясының 39-бабының талаптарына сәйкес жүргізушілердің, жолаушылар мен жаяу жүргіншілердің құқықтары мен міндеттері, құқық шектеушілік сипатындағы шараларды реттеу заңға тәуелді деңгейден заңнамалық деңгейге көшірілді. Конституциялық Кеңестің 2010 жылғы 25 мамырдағы № 09-5/1 жолдауындағы, көлік құралдарын басқарушы тұлғалардың пайдалану және жол жүрісі ережелерін үнемі бұзғаны үшін жауапкершілігін белгілейтін 2001 жылғы 30 қаңтардағы № 155-ІІ Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 484-бабының кемшіліктерін жою жөніндегі ұсыныстары, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ақпараты бойынша, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің жаңа редакциясында жүзеге асырылуда. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, Конституцияның 39-бабы 1-тармағының талаптарына сәйкестігі тұрғысында заңнамаға кең ауқымды талдау жасауда. Бұл жұмыс, адамның құқықтары мен бостандықтарын шектеудің тізбесін ғана емес, мұндай шектеулерді қолданудың механизмдерін де тек заңда белгілеу қажеттігі айтылған Конституциялық Кеңестің 2011 жылғы 16 маусымдағы № 09-5/1 және 2012 жылғы 12 маусымдағы № 09-3/1 жолдауларының ұсыныстарын орындау мақсатында жүргізілуде. «Құқықтық актілер туралы» Заңның жобасын әзірлеу жалғасуда. Ол Конституциялық Кеңестің, арнаулы заңның құқықтық реттеу нысанасымен мемлекеттік органдардың және лауазымды тұлғалардың құқық шығармашылығы мен құқық қолдану қызметінің әртүрлі мәселелері, солардың ішінде нормативтік болып табылмайтын құқықтық актілерді әзірлеу мен қабылдау тәртібі қамтылуы мүмкін. Қажет кезде заң шығарушы, Конституциямен көзделген өкілеттіктерін пайдалана отырып, оның құқықтық реттеу нысанасын айқындауға хақылы, деп түсіндірілген 2013 жылғы 6 наурыздағы № 1 нормативтік қаулысын жүзеге асыруға бағытталған. «Қазақстан-2050» Стратегиясының ережелеріне сәйкес Парламент Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін қабылдады. Олар адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау мүддесіне қызмет етуді және еліміздің құқық қорғау жүйесін заманауи қыр көрсетулерге бара-бар шара қолдануға мүмкіндік беретін деңгейге шығару міндетін шешуді мақсат етеді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Азаматтық іс жүргізу кодексінің жаңа редакциясының жобасы әзірленуде, ол азаматтық сот ісін жүргізудің тиімділігін, жеделдігін арттыру, қағаз бастылықтан арылту, соттардың қызметінде техника құралдарын кең пайдалануды, сондай-ақ медиация мен бітімге келу рәсімдерін белсенді түрде қолдануды қамтамасыз ету мақсатында оны жаңғыртуды көздейді. Жоғарыда аталған негіз құраушы заңнамалық актілерде ұлттық құқықтық заңнамаға алғаш рет енгізіліп отырған институттар көзделгендіктен, алдымыздағы биік мақсаттарға жету үшін, мемлекеттің құқықтық саясатының осы салаларын құқықтық реттеудің жаңа режиміне көшу үшін қажетті жағдай жасайтын ұйымдастырушылық, құқықтық, кадрлық, түсіндіру шаралары және басқа да шаралар қолға алынуы тиіс. * * * Конституцияның нормаларын жүзеге асырудағы орнықты үрдістерді оң бағалай отырып, Конституция­лық Кеңес мыналарды атап өту маңызды деп есептейді. Еліміз дамуының жаңа кезеңінде Қазақстан Республикасы Конституциясының әлеуетін жүзеге асыру тиімділігін арттыруға, мемлекет пен қоғамның тұрақтылығына кепілдік болудың аса маңызды құралы ретінде Негізгі Заңның рөлін сақтап, нығайтуға, қолданыстағы құқық жүйесін жетілдіруге Негізгі Заңның құндылықтарын, идеялары мен ережелерін жаңа көзқараспен тереңнен түйсіну сеп болады. Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімдеріне, Республикадағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жыл сайынғы жолдауларына жасалған талдау мынадай ұсынымдар мен ұсыныстар айтуға мүмкіндік береді. Бірінші. Конституциялық материяның күрделілігі, конституциялық реттеу қатынастарының саналуандығы мен жылжымалығы, Қазақстан қоғамы өмірінің барлық жақтарының объективті түрде дамуы, заңдарды қабылдау кезінде де, қолдану кезінде де конституциялық құндылықтардың, ережелер мен нормалардың мағынасын сөзсіз ескеруді, сондай-ақ конституциялық ұғыну аппаратын пайдалануда ерекше ұқыптылықты талап етеді. Негізгі Заңның мәтінінде пайдаланылатын терминдерінде конституциялық құрылыстың, тұлға мен мемлекеттің өзара қарым-қатынасының негізін құрайтын аса маңызды қоғамдық қатынастардың мазмұны: президенттік басқару нысаны, мемлекеттік құрылыстың біртұтастығы, адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтары, жоғары және жергілікті мемлекеттік органдардың жүйесі және т.б. көрініс тапқан. Тиісті ұғымдарды орынды пайдалану көп жағдайларда құқық шығармашылығының мазмұны мен бағытталуына, заңдардың және өзге де нормативтік құқықтық актілердің соңыра қолданылуына айқындаушы түрде ықпал етеді. «Әкімшілік рәсімдер туралы» 2000 жылғы 27 қарашадағы № 107-ІІ Қазақстан Республикасының Заңында мемлекет атынан белгілі бір функцияларды жүзеге асыруға Конституциямен, заңдармен, өзге де нормативтік құқықтық актілермен уәкілеттік берілген мемлекеттік мекеме ретінде мемлекеттік органның ұғымы нормативті түрде бекітілді (1-бап). Бұл орайда, мемлекеттік орган міндетті түрде мемлекеттік мекеме нысанындағы заңды тұлға мәртебесіне ие болуға тиіс. Бұл көзқарас, Конституциялық Кеңестің пікірінше, мемлекеттік органдардың жария-құқықтық табиғатын көмескілендіреді, олардың құқықтық мәртебесіне тән мемлекеттік-биліктік және жеке-құқықтық табиғатының араласып кетуіне әкеп соқтырады. Осы заңға өзгерістер енгізу кезінде, атқарушылық функцияларды іске асыратын мемлекеттік органдарға ғана қатысты қолданылатындай етіп оның құқықтық реттеу нысанасын нақтылаған жөн. Заң жобаларының тұжырымдамалық тұрғыда сапалы әзірленуі, нормативтік құқықтық актілердің өзара сәйкестігі мәселелері үнемі назар аударуды талап етеді. Заңдарды қабылдауға байланысты болжамдау-талдау жұмысы, әкеп соқтыруы мүмкін әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және өзге де салдарын, қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеудің ұсынылып отырған шараларының қаржылық тұрғыдан негізділігін айқындау механизмі жаңаша көзқарасты қажетсінеді. Бұл проблемалық міндеттерге Конституциялық Кеңес өзінің бірқатар жолдауларында назар аударған болатын (2012 жылғы 12 маусымдағы № 09-3/1, 2013 жылғы 12 маусымдағы № 09-3/1 және т.б.). Екінші. Конституциялық Кеңес заңнамалық актілерді және соларға ілесе жүретін заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерді бір мезгілде шығару қажет екенін бірнеше рет атап өтті. «Нормативтік құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының қолданыстағы Заңына тиісті талап енгізілді. Алайда ол әркез орындала бермейді, заңға тәуелді құқықтық актілер көп жағдайларда едәуір кешігіп барып қабылданады немесе мүлдем қабылданбайды, осыған байланысты заңнамалық және заңға тәуелді жолмен реттеуде тепе-теңсіздік байқалады. Мәселен, «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексі, белгілі бір орындарда темекі шегуге тыйым сала отырып, темекі шегу үшін арнайы бөлінген орындар Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген талаптарға сәйкес жабдықталуға тиіс, деп айқындайды (159-бап). Темекi шегу үшiн арнаулы орындар бөлудi көздейтiн Қазақстан Республикасының заңдарын жұмыс берушінің бұзғаны, сондай-ақ бұл үшiн арнаулы белгiленбеген орындарда темекi шегушiлерге шаралар қолданбағаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасы кодексінің 336-1-бабы). Алайда бұл тыйым қолданылып келе жатқан үш жыл ішінде, темекі шегу үшін бөлінетін арнаулы орындарға қойылатын талап әлі бекітілмеді. Үшінші. Қабылдаған шешімдері оның тараптары үшін міндетті сипатқа ие халықаралық интеграциялық бірлестіктердің ұлттардан жоғары реттеуші органдарын қалыптастыруға орай, халықаралық-құқықтық актілерді Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігі тұрғысында бақылау мәселелері өзекті бола бастады. 2009 жылғы 5 қарашадағы № 6 нормативтік қаулыда Конституциялық Кеңес, Негізгі Заңның 4-бабының 1 және 2-тармақтарына сай халықаралық ұйымдардың және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес құрылатын олардың органдарының шешімдері Қазақстан Республикасының Конституциясына қайшы келмеуге тиіс. Республиканың егемендігі оның бүкіл аумағын қамтитыны және мемлекеттің Конституцияда белгіленген біртұтастығы мен аумақтық тұтастығын, Республиканың басқару нысанын өзгертуге жол берілмейтіні туралы Конституцияның 2-бабы 2-тармағының және 91-бабы 2-тармағының ережелерін бұзатын халықаралық ұйымдардың және олардың органдарының шешімдері Қазақстан үшін міндетті деп танылмайды. Сондай-ақ, халықаралық ұйымдардың және олардың органдарының адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын бұзатын шешімдері тікелей қолданылмайды және, тиісінше, Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің алдында басымдыққа ие болмайды, деп атап көрсетті. Осыған байланысты, халықаралық шарттарға қол қойылғанға және олар бекітілгенге дейін, Конституцияға сәйкестігі тұрғысында оларды тексеруді қоса отырып, сарапшылық жұмыстың деңгейін арттырған жөн. Конституциялық Кеңестің пікірінше, Негізгі Заңның ұлықтығын және тікелей қолданылуын сөзсіз және тиісті түрде қамтамасыз ету, конституциялық материалдық және процессуалдық ережелерді қалтқысыз сақтау бүкіл мемлекеттік және қоғамдық институттар, лауазымды тұлғалар мен азаматтар үшін міндетті талап болып табылады. Халық қалауын заңдарда және өзге де маңызды мемлекеттік актілерде білдіру, сондай-ақ азаматтардың жария институттарға ықпал ету рәсімдерін үнемі жетілдіру ішкі тұрақтылықтың, экономикалық даму мен халықтың әл-ауқаты жақсаруының пәрменді кепілі болып табылады. Конституциялық құндылықтар, әлеуметтік әріптестік, тұлға, қоғам мен мемлекет мүдделерінің ұштасуы, олардың өзара іс-қимыл жасауы негізінде қазақстандықтардың сенімін одан әрі сақтап, нығайта беру қажет. Конституцияны бұлжытпай орындау – Қазақстанның қарыштап дамуының сенімді кепілі. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы И.Рогов.  
Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20