Торайғыров уиверситетінің аллеясында «Дос-Мұқасан» мүсіндік композициясы орналасқан. Өнердің биік шыңына шыққан ағалар мұнда суретке түсті. Одан соң оқу орнының концерт залында оқытушылар мен студенттер аты аңызға айналған ұжымды қошеметпен қарсы алды. Студенттер музыканттарға өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, еркін форматта пікір алмасты. Жастарды әншілердің алғашқы гастролін қандай сезімдермен еске алатыны және қазіргі күні қандай әуен жазып жүргені қызықтыратыны байқалды.
– «Дос-Мұқасан» тобы құрылғалы бері өз әндерін үнемі ана тілімізде шырқайды. Біздің шығармашылығымыз отандастарымыздың жадында осы ерекшелігімен сақталып келеді. Шет мемлекеттерде өнер көрсеткен уақыттары үнемі өз тілімізде үн қатып, қазақ тілін танымал етуге тырыстық, – деп атап өтті ансамбльдің көркемдік жетекшісі Мұрат Құсайынов.
Бұл күнгі кездесуде меймандардың құрметіне студенттер арнайы концерттік бағдарлама әзірлеген екен. «ToU Band» студенттік тобы өнер тарландарының алдында бірнеше ән орындады. Соның ішінде екі композиция «Дос-Мұқасанның» репертуарынан шырқалды.
Негізі керекуліктердің бұл ансамбльдің өнеріне деген құрметі ерекше. Мүсіндік композициядан бөлек, оқу орнында 2008 жылы «Дос-Мұқасанның» шығармашылығына арналған мұражай да ашылған. Тұрақты экспозицияда қазақтың «Битлзы» туралы сыр шертетін жәдігерлер, құжаттар мен фотосуреттер сақтаулы. Бұл экспонаттарды кезінде досмұқасандықтар мұражайға өздері табыс еткен. Былтыр ансамбльдің 55 жылдығына орай шағын мұражай жаңа кейіпке енді.
ПАВЛОДАР