Кино • 22 Ақпан, 2023

Ауылдағы кинозал

355 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Махамбет ауданында жас кәсіпкер Әлібек Жұма­ғалиев өзі тұратын ауылда шағын кинозал ашты. Ол осы жобасы үшін жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға берілетін 1 млн 225 мың теңгенің қай­та­рымсыз грантына ие болған.

Ауылдағы кинозал

Оның айтуынша, Махамбет ауылындағы «Бизнес-инку­батор» ғимаратынан ашқан жаңа кинозалға әр буынның өкілдері келеді. Күндіз балаларға ар­налған мультфильмдер қойы­лады. Ал кешкі мезгілде ересектер отбасымен, достарымен бірге түрлі фильмді көреді. Билет бағасы балалар үшін – 800, ересектерге – 1 200 тең­геден.

Кинозалға келушілердің басым бөлігі – оқушылар мен жасөспірімдер. Әр аптаның сәр­сенбісінде әлеуметтік жағ­дайы төмен отбасылардың балаларына кино тегін көр­сетіледі.

– Қайтарымсыз грант қар­жысына қажетті құрыл­ғы­лар­ды, LED экранды сатып алдым. Кейін залды дайындап, жөн­деу жүргіздік. Әзірге арнайы форматтағы фильмдерді ғалам­тор­дан алып отырмыз. Про­кат­қа әзірге мүмкіндік бол­май тұр. Келушілер саны кө­бейсе, кино­залды кеңейтуді ойластырып жүрмін. Жаңа фильмдер көр­сеткіміз келеді, – дейді жас кәсіп­кер.

Махамбет аудандық әкім­ді­гінің мәліметінше, былтыр жаңашыл бизнес-идеяларды іске асыру үшін қайтарымсыз грантты 30 адам ұтқан. Оның 15-і жастар болса, қалғанын әлеуметтік осал топ санатындағы жандар алған.

 

Атырау облысы