Қоғам • 23 Ақпан, 2023

Жауапты науқанға – жоғары жауапкершілік

324 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орталық сайлау комиссиясының облыс орталығында өткен көшпелі семинар-кеңес барысында 2023 жылы 19 наурызға тағайындалған Парламент Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауын өткізу ерекшеліктері жан-жақты талқыланды.

Жауапты науқанға – жоғары жауапкершілік

Семинар-кеңестің жұмысына Орта­лық сайлау комиссиясы төрағасы­ның орынбасары Константин Петров, Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сабила Мустафина және Орталық сайлау комиссиясының бірнеше мүшесі қатысты. Константин Петров бұл жолғы сайлау аралас жүйе бойынша өтетіндігін еске салды. Саяси партиялар да, кандидаттар да өкілетті орган­дар­дағы орын үшін бәсекелеседі. Ең басты ерекшелік, өңірлер­де әрбір дауыс беруші 5 бюллетень алады. Учаскелік сайлау ко­миссиясының қызметкерлері әрбір сайлау­шыға әсіресе, егде жастағы адам­дарға қалай дауыс беруге болатындығын тәптіштеп түсіндірулері керек.

Спикердің айтуынша, нау­қан барынша ашық өткізіледі. Сайлау қорларын қалыптас­тыру және ол туралы ақпарат қолже­тімді. Қазіргі науқанға бақы­­лау­шы ретінде аккредиттелген ұйым­дардың өкілдеріне рұқсат еті­летіндігі жөнінде норма енгізілді. Осы шақырылымнан бастап сай­лаушылар депутатты кері қай­та­рып алу мүмкіндігіне ие болады. Яғни халық сайлаған депутат сайлауалды бағдарламасында бер­ген уәдесін орындамаса, оны ха­лық кері шақырып алуы мүмкін. Сай­лау­шылардың өздері депутатты ке­рі шақырып алу бойынша үш саты­­лы рәсімге бастамашы бола ала­ды. Процедура оңай емес. Әйт­се де түсінікті. Өйткені халық қа­лау­лысы жауапкершілік жүгін дұ­­рыс атқаруы керек. Бұл ретте де­­пу­­т­ат жұ­мы­сының бірінші және соңғы жы­лында кері қайтарып алу көзделмеген.

Орталық сайлау комиссиясы төр­ағасы орынбасарының айтуынша, сайлау комиссияларының кәсіби деңгейі жоғары. Спикер 29 сайлау мандатына мажо­ри­тар­лық негізде 435 кандидат тір­кел­­гендігін атап өтті. Демек бір орынға 15 адамнан келеді.

Семинардың алғашқы бөлімін­де қойылған сұрақтарға тұшымды жауап берілсе, екінші бөлімде қатысушылар сайлау науқанына қатысты барлық сұрақтарды жан-жақты өздері түсіну үшін іскерлік ойын ұйым­дастырды.

 

Ақмола облысы