Семинар-кеңестің жұмысына Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров, Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сабила Мустафина және Орталық сайлау комиссиясының бірнеше мүшесі қатысты. Константин Петров бұл жолғы сайлау аралас жүйе бойынша өтетіндігін еске салды. Саяси партиялар да, кандидаттар да өкілетті органдардағы орын үшін бәсекелеседі. Ең басты ерекшелік, өңірлерде әрбір дауыс беруші 5 бюллетень алады. Учаскелік сайлау комиссиясының қызметкерлері әрбір сайлаушыға әсіресе, егде жастағы адамдарға қалай дауыс беруге болатындығын тәптіштеп түсіндірулері керек.
Спикердің айтуынша, науқан барынша ашық өткізіледі. Сайлау қорларын қалыптастыру және ол туралы ақпарат қолжетімді. Қазіргі науқанға бақылаушы ретінде аккредиттелген ұйымдардың өкілдеріне рұқсат етілетіндігі жөнінде норма енгізілді. Осы шақырылымнан бастап сайлаушылар депутатты кері қайтарып алу мүмкіндігіне ие болады. Яғни халық сайлаған депутат сайлауалды бағдарламасында берген уәдесін орындамаса, оны халық кері шақырып алуы мүмкін. Сайлаушылардың өздері депутатты кері шақырып алу бойынша үш сатылы рәсімге бастамашы бола алады. Процедура оңай емес. Әйтсе де түсінікті. Өйткені халық қалаулысы жауапкершілік жүгін дұрыс атқаруы керек. Бұл ретте депутат жұмысының бірінші және соңғы жылында кері қайтарып алу көзделмеген.
Орталық сайлау комиссиясы төрағасы орынбасарының айтуынша, сайлау комиссияларының кәсіби деңгейі жоғары. Спикер 29 сайлау мандатына мажоритарлық негізде 435 кандидат тіркелгендігін атап өтті. Демек бір орынға 15 адамнан келеді.
Семинардың алғашқы бөлімінде қойылған сұрақтарға тұшымды жауап берілсе, екінші бөлімде қатысушылар сайлау науқанына қатысты барлық сұрақтарды жан-жақты өздері түсіну үшін іскерлік ойын ұйымдастырды.
Ақмола облысы