Сенат • 24 Қазан, 2024

Экология мәселесі әлемді алаңдатып отыр - Мәулен Әшімбаев

128 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл жөнінде Сенат Төрағасы бүгін Палата отырысында қаралған Қазақстан мен Өзбекстанның экология саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімді талқылау барысында айтты, деп хабарлайды  Egemen.kz Сенат баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Экология мәселесі әлемді алаңдатып отыр - Мәулен Әшімбаев

фото Сенаттың баспасөз қызметі

Мәулен Әшімбаев қоршаған ортаны қорғау, экология мәселелері бүкіл әлемді алаңдатып отырғанына және бұл Орталық Азия елдері үшін ең өзекті проблемалардың бірі екеніне назар аударып, осы бағытта парламенттік дипломатияның маңызды рөл атқаратынына тоқталды.

«Қазір әлем жаһандық жылынумен бетпе-бет келіп отыр. Бұл үдеріс біздің өңірде де айқын сезілуде. Қуаңшылық, су тасқындары, Арал мәселесі сияқты сын-қатерлер соның салдары екені анық. Мұздықтардың да еруі алаңдаушылық тудырады. Бұл – Сырдария, Әмудария сияқты ірі өзен суларының азаюына әсер ететін өзекті жайт. Осы мәселеде өңір елдері ортақ саясат ұстанып, бірлесіп жұмыс істеуді көздеп отыр. Бұл ретте парламенттік дипломатияның да әлеуетін кеңірек пайдаланған абзал»,  деді Палата Спикері.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев қазіргі таңда Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы Парламентаралық комиссия тиімді жұмыс істеп келе жатқанын айтты. Комиссияның жұмысы аясында сенаторлар Аралға арнайы барып, өзбек әріптестерімен кездесіп, бірқатар түйткілдерді шешуге, екі елдің аталған саладағы қарым-қатынасын нығайтуға қатысты проблемаларды талқылады. Сондай-ақ Сенат Төрағасы экология мәселесі бойынша өңір елдерінің халықаралық ұйымдар аясында ортақ ұстанымдары бар екенін айтып, мұндай бірлескен жұмыстың берері мол екенін тілге тиек етті.

«Халықаралық Келісімдер, жалпы Одақтастық туралы шарт аясында парламенттік дипломатияның әлеуетін ескерген жөн. Қазір Орталық Азияда Парламенттердің рөлі күшейіп келеді. Біздің Сенат пен Өзбекстанның Сенаты өңірлермен тікелей жұмыс істейді. Ал, Арал мәселесі, ең алдымен, өңірге тікелей қатысты. Сондықтан осы бағыттағы жұмыста Парламентаралық комиссияның, депутаттардың мүмкіндіктерін жан-жақты пайдаланған орынды. Бұл Орталық Азиядағы және шекаралық аумақтардағы мәселердің оң шешілуіне өз септігін тигізеді деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.

Айта кетейік, бүгін Палата отырысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады.