Оразғали Орынбаев 2018 жылы инсульт алып, арбаға таңылған. Денсаулығына байланысты жұмысқа жарамсыз болса да биыл медициналық сараптама қорытындысы бойынша комиссия мүшелері «ІІ топ мүгедегі» деген статусты тек 3 жылға тағайындапты.
– Жыл сайын жолдасымның құжаттарын өзім өткіземін. Күтімін де өзім жасаймын. Жасым болса 60-қа таяды. Мүгедектікті ресімдеу үшін емханадағы талаптарды жеңілдету керек. Кабинетті торып, кезек күту қажытады. Барлығы да мен секілді бір шаруамен келіп отыр. Оларға қалай қиылып «өтіп кетейін» деп отырасың. Амал жоқ, күтеміз, – деді О.Орынбаевтың жұбайы Г.Омарқызы.
Мүгедектікті ресімдеу медициналық ұйымның дәрігерлік-консультациялық комиссиясының жолдамасы – №031/е нысаны бойынша медициналық әлеуметтік сараптамаға (МӘС) қорытынды негізінде халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінде жүзбе-жүз, куәландырылатын адамды қарап-тексеру немесе сырттай медициналық-әлеуметтік сараптама жасау арқылы жүргізіледі. Яғни ауыл тұрғыны 4 ай ішінде диагнозын қойып, оңалту бағдарламасы мен дәрігердің бақылауынан өту кестесін жасау үшін аудан орталығына келуі керек. Содан кейін ғана түрлі құжаттарды жинауды талап ететін облыстық басқармаға, МӘС-ке жіберіледі. Ұсынылған құжаттарды қарау, куәландырылатын адамды тексеру, организм функцияларының бұзылуы мен тыныс-тіршілігінің шектелу дәрежесін бағалау жолымен МӘС бөлімі басшысының және кемінде екі бас маманның қатысуымен жүргізіледі. Кейін мүгедектігі бар адам деп танылған жанға бірінші, екінші немесе үшінші топтағы мүгедектік, жеті жасқа дейінгі адамға «мүгедектігі бар бала» санаты, ал жеті жастан он сегіз жасқа дейінгі адамға бірінші, екінші, үшінші топтағы «мүгедектігі бар бала» санаты белгіленеді. Осылайша, мүгедектік дәрежесін алу мерзімі орта есеппен 2 айдан бір жылға дейін созылады. Демек бұл айтарлықтай уақытты талап ететін үдеріс. Міне, осыдан бастап, ерекше күтімді қажет ететін жандардың шаруалары шатқаяқтайды.
Жәрдемақы тағайындаудағы қағазбастылыққа шағымданғандардың бірі – атыраулық Альбина Рысмағамбетова. Көпбалалы ана 9-да ашылатын МӘС-ке таңғы 7-ден бастап кезек алып тұрады. Содан дәрігердің қабылдауына тек сағат 11:00-де ғана кіреді. Бұған қоса туылғанынан ауыз қуысында кінәраты бар баласының мүгедектік статусын комиссия мүшелері жыл сайын тоқтатамыз деп «қорқытады» екен.
– Мүгедек статусын алу үшін табанымыздан тоздық. Жыл сайын медициналық сараптамадан өтеміз. Міне, осымен екінші жыл қатарынан ІІІ топқа жататын қызымды кезек күтіп, әр кабинеттің есігін қағып, дәрігерлердің толық бақылауында болдық. 15 жастағы балам әлі дұрыс сөйлей алмайды. Сол үшін логопедке апарамын. Өзінің қатарластарынан қалыс қалған соң, қазір 5-сыныпты оқып жатыр. Олардың қағытпа сөзі, қызымның жүйке жүйесіне, қоғамға, ортаға бейімделуіне қиындықтар тудыруда. Сондықтан психологтың көмегіне де жүгінеміз. Жолдасым жұмыс істемейді. Бұл қыздан бөлек, тағы 4 балам бар. Қазір маған да, қызыма да мемлекет тарапынан жәрдемақы төленеді. Осымен күнелтіп отырмыз. Егер алдағы уақытта, сараптама нәтижесінде мүгедекті рәсімдемесе, жағдайымыздың не боларын білмеймін, – дейді А.Рысмағамбетова.
Альбина секілді таңмен таласа өңірге қарасты аудандардан тағы біраз адам келеді. Бірақ дәрігерлер олардың құжаттарында қандай да бір мөр немесе қол қойылмағанын байқаса, кері қайтарып жіберетін көрінеді. Бұл да барып тұрған бюрократия.
Былтыр жұртшылықтың көңілін күпті еткен дәл осы мәселені ақпан айындағы Мәжілістің жалпы отырысында экс-депутат Ғани Ташқараев көтерген еді. Сондай-ақ ол мүгедекті ресімдеу кезіндегі жемқорлық туралы да дәлелдер келтірген-ді.
– Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми деректері бойынша 2021 жылы сотқа 102 талап-арыз беріліп, қаралды. Оның ішінде 77 (75,5%) іс бойынша талап-арыздар қанағаттандырудан бас тартылды және 25 іс бойынша арызданушылардың талаптары қанағаттандырылды. Мүгедектікті танудың қолданыстағы тетігімен сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар. Мүгедектердің пікірінше, қайта сараптамадан өту мәселелері мүлдем ақылға сыймайды және көп жағдайда осы мәселелермен айналысуға уәкілетті органдар мен мамандардың әрекетіне наразылық туғызады, – деген еді Ғ.Ташқараев.
Осылайша, жәрдемақы тағайындау жүйесінің олқылығы талай жанның обалына қалып отыр. Негізі Қазақстанда тағдырдың тәлкегіне табандылық танытып, сынағына сынып кетпей жүрген 711,8 мың мүмкіндігі шектеулі жан бар. Оның ішінде 104,3 мыңы мүгедектігі бар балалар. Былтырдың өзінде қолданыстағы заңнамаға сәйкес медициналық ұйымдар қайта куәландырудың кезекті мерзімін ескере отырып, мүгедектігі бар 169,9 мың адам кезекті куәландырудан өткен. Яғни бұл тізімдегілердің басым көпшілігі жоғарыда аталған проблемамен бетпе-бет келді деген сөз.
Айтпақшы, биылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылар саны шамамен 531,3 мыңға жуық адамды құрайды екен. Ал мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленетін ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасына қарай, мүгедектік тобына және себебіне байланысты тағайындалады деп түсіндірді бізге салалық министрлік өкілдері.
– Биыл аталған әлеуметтік жәрдемақы көлемі 40 567 теңгені құрады. Бүгінде «Қазақстан Республикасында мүгедектiгi бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берiлетiн мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар туралы» заңның 12-бабына сәйкес мүгедектігі бойынша тағайындалатын жәрдемақылардың мөлшері мынадай: бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде есептелетін ақы – 77 889 теңге, екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде есептелетін ақы – 62 068 теңге, үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға 1,04 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде есептелетін ақы 42 190 теңге, – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің әлеуметтік қамсыздандыру және әлеуметтік сақтандыру департаментінің сарапшысы Дулат Байбатшаев.