Әкімдік кәсіпкерлердің бұған дейін игерілмеген жеріне қосымша жер телімдерін беріп келген. Мәселен, бір кәсіпкер жағажайдан қонақ үй салу үшін аумағы 1,5 гектар жер, артынша тағы 1,4 гектар жер алған. Кейін оны өзі игермеген күйі басқа адамға сатып жіберген.
Мамандар осыған ұқсас жағдайлар өте көп кездесетінін атап өтті. Тіпті, бұл істе сыбайлас жемқорлық тәуекелі болуы мүмкін екенін де жоққа шығармады. Алайда, Ақтау қаласының әкімдігі бұған қатысты ешқандай мәлімдеме жасамады.
«Туризмді дамытуға арналған 21 жер телімі негізсіз сатылғаны анықталды. Қазіргі таңда Маңғыстау облысының жер ресурстарын басқару департаментіне енгізілген ұсынымға сәйкес жалпы көлемі 43 гектарды құрайтын жер телімін мемлекетке қайтару мәселесі бойынша сотқа талап-арыз беріліп жатыр», деді Маңғыстау облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының міндетін атқарушы Шамұрайт Шаменов.