Енді жоғарыдағы санды жіпке тізіп көрейік. Өңір орталығы Талдықорған қаласында 31, Текелі қаласында 1, Көксу ауданында 1 жағдай тіркелген. Көбінде бұл қылмыстың түрі ұялы телефондарды қолдану арқылы жасалған. Алаяқтар банктік ақпаратқа қол жеткізу үшін азаматтардың қажетті жеке мәліметін алудың түрлі тәсілін қолданып, қақпанға түсіреді. Мәселен, Талдықорған қалалық полиция басқармасы Ф. есімді азаматтың арызы бойынша тергеп-тексеру жүргізу үстінде. Белгісіз біреулер оның атынан онлайн несие рәсімдеп, қаражат жымқырғаны анықталған. Кіші әділет кеңесшісі Жайық Мұқановтың айтуынша, алаяқтар адамдарды көбіне несие рәсімделгені туралы жаңылыстырады.
«Олар бірден банк картасы бойынша мәліметтерді, карточка нөмірін, банк картасының артқы жағында орналасқан «CV» кодын хабарлауды сұрайды. Ол аз десеңіз, «WhatsApp» мессенджері арқылы қоңырауларды пайдаланады. Өйткені «WhatsApp» қоңырауларды бақылау қиын, алаяқтар ел ішінде де, одан тыс жерлерде де болуы мүмкін. Сонымен қатар интернет-алаяқтық «Колеса», «Крыша», «OLX» интернет сайттарын пайдалану арқылы да жасалады. «Бір айта кетерлігі, осындай эпизодтарға ұқсас қылмыстық істерді еліміздің барлық аймағынан кезіктіруге болады. Интернет-алаяқтық қазіргі қоғамның ең өзекті әрі маңызды мәселесіне айналды», дейді Ж.Мұқанов.
Тағы бір айта кетерлік жайт, «Instagram», «Telegram», «Facebook», «ВКонтакте» секілді ел ішінде беделге ие әлеуметтік желілер арқылы мүлікті сату туралы хабарландыруды жариялау кезінде де абай болған дұрыс. Олар қымбат заттардың өте төмен құнын пайдаланады. Осылайша, сатып алушыларды өзіне тартады екен.
Айтпақшы, Жетісуда алаяқтықтан бөлек, аудиторлық тексерістен кейін анықталған қаржы қылмыстары да көбейген. Бұл бағыттағы тәртіп бұзушылықтардың жалпы сомасы 2 138 275,5 мың теңгені құрап отыр. Оның ішіндегі 758 028,5 мың теңге қаржылық болса, 1 380 247,0 мың теңге рәсімдік сипаттағы бұзушылықтарға жатады. Жалпы, өңірде аудитпен қамтылған қаражат көлемі 2 535 973,3 мың теңге, оның ішінде бақылаумен қамтылған мемлекеттік сатып алу сомасы 526 727 мың теңге.
«Жетісу облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаменті былтыр комитет тапсырмаларының негізінде құқық қорғау органдарынан жіберілген шағымдар мен өтініштерге, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша жоспардан тыс 18 аудиторлық іс-шара жүргізіп, бірқатар кемшілікті анықтады», дейді облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментінің бөлім басшысы Жайлау Шаймерденов.
Есепті кезеңде анықталған заңсыздықтарды жою және оларға жол берген жауапты тұлғаларды тексеру мақсатында аудит нысандарына 17 нұсқама жіберіліп, 2 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ департамент мамандары аудиторлық іс-шаралардың нәтижесі бойынша 14 лауазымды тұлғаға әкімшілік жаза ретінде 1056,3 мың теңге айыппұл салған. Бүгінде қаржы толық көлемде өндірілген. Одан бөлек 2 аудиторлық іс-шараның қорытынды материалдары құқық қорғау органдарының қарауына берілген. Департамент «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» заңның 30-бабына сәйкес облыстағы ұйымдастырушылар, тапсырыс берушілер өткізетін мемлекеттік сатып алуларға тұрақты негізде камералық бақылау жүргізеді. Мәселен, былтыр жалпы сомасы 31,1 миллиард теңгеден астам мемлекеттік сатып алудың 3 229 лоты камералық бақылаумен қамтылған. Оның қорытындысы бойынша 804 лотта 6,8 миллиард теңгенің заң бұзушылығы анықталып, оны жою туралы 804 хабарлама жіберілген.
Жетісу облысы