Бұл отбасылардың бәрі бұрын көктемнен күзге дейін орманнан саңырауқұлақ, жеміс-жидек, неше түрлі емдік шөп жинап, қызыл қайыңның жапырақтарынан монша сыпырғысын буып, оны қыс бойы жол бойында сатып нәпақа айырып келген. Алапат өрттен кейін үйреншікті кәсібінен айырылған тұрғындардың әрі қарай қайтып күн көреміз деп абдырап қалғаны рас.
– Үйімізге қоса, қора-қопсымыз бен азын-аулақ малымыз, ұстап отырған құсымызға дейін өрт жалмап кетті. Табысымыздан айырылдық. Бұған дейін берілген 5 млн теңгенің бәрін тұрмыстық қажетімізге жараттық. Киім-кешек, жиҺаз, ыдыс-аяқ сатып алдық. Әр отбасында 4-5 жан бар. Жығылғанға жұдырық дегеннің керін келтіріп, есепшотымызға ақша түсіп бәріміз жаппай жиҺаз сатып аларда кәсіпкерлер тауарларын қымбаттатып жіберді. Мысалы, бұрын 270 мың теңге тұратын диванды 370 мың теңгеге сатып алдық, дейді тұрғындар.
Коммуналдық шығындарын төлей алмаған тұрғындар таяуда жергілікті әкімдікке орман өртінен болған төтенше жағдайдың зардабын жою мақсатында ашылған «Қайырымдылық KZ» қорынан қолдау қаржы бөлуді сұрап ұжымдық хат жолдаған. Аталған қорға былтырдан бері 1,3 млрд теңге көлемінде қаржы түсіпті. Оның шамамен үштен бірі орманды қайта қалпына келтіруге кеткен. Жаңадан салынған «Бірлік» шағын ауданын абаттандырып, инфрақұрылымын жетілдіруге 123,7 млн теңге қаржы жұмсалған. Ал өрттен зардап шеккен адамдарға материалдық көмек ретінде 355,5 млн теңге төленген.
– Бүгінге дейін 152 адам 1 млн теңгеден алды. Бұл қаражатқа шығындарын өтеуге ертерек өтініш жазған тұрғындар ие болды. Қазір тағы 27 адамның өтінішін қарап жатырмыз, деді қор өкілі Гүлмира Қапенова.
Көктемге дейін көмектесе тұруды сұраған «Бірлік» тұрғындары күн жылысымен жұмыс тауып, өз күнімізді өзіміз көріп кетеміз дейді.
Қостанай облысы