Экономика • 23 Ақпан, 2023

Қазақ мұнайының халі қалай?

326 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Экспорттық мұнайды есептеу формуласындағы Urals бағасы қазақстандық сортты KEBCO (Kazakhstan Export Blend Crude Oil) бағасына ауысатын болды. Сонымен қатар ашық түсті мұнай өнімдеріне экспорттық кедендік баж салығын түзету коэффициенті 0,3-тен 1-ге өзгерді. Осылайша, ашық түсті мұнай өнімдерінің ставкасы мұнай баж салығымен теңестіріледі. Қазақстан мұнайының атауы санкцияға ұшыраған ресейлік Urals-тың зардабы тимес үшін ауыстырылып отыр.

Қазақ мұнайының халі қалай?

Телеграмдағы NRG_monitor каналының жазуынша, 2023 жылдың 18 қаңтарынан бастап америкалық Platts ақпараттық агенттігі KEBCO бағасын ресми жа­рия­лауға көшті. Эко­но­мист Алмас Чукиннің айтуынша, біз осыған дейін мұ­найымыз Urals па, жоқ па деп шатасып келдік. Кен орнынан зауытқа түскен, одан танкерлерге жеткізілген мұнай «таза қазақ мұнайы» болып сатылмайды. Өйткені ол танкерге тиелемін дегенше де резервуар­да басқа мұнаймен, көбіне Urals-пен араласады. Мұның екі бірдей салдары бар.

«Біріншіден, Қазақстанның өз мұнайының болмауы бізге әр кез тиімді бола бермейді. Екін­шіден, қазір Urals ресейлік мұнай болғандықтан, үлкен дисконтпен сатылып жатыр. Мейлі, белгілі бір деңгейде бас­қа маркаға ұқсас болғанына қара­мастан, дәл қазір біздің өз мұнайы­мыздың болуы техни­калық тұрғыда өте пайдалы. Мұнайымыздың дербес атауы­ның болуы маркетингтік тұр­ғы­да тиімді», дейді экономист.

Жалпы, былтыр елімізде 84,2 млн тонна мұнай өндіріл­ген. Оның басым бөлігін «Қаз­Мұ­найГаз» өндірсе (22,5 млн тонна), екінші орында 16,6 млн тоннамен Chevron, үштікте 9,4 млн тоннамен ExxonMobil орналасқан. 64,3 млн тонна мұнай экспортталды. Соның 52 млн-ы Каспий құбыр консорциумы (КТК) арқылы тасымалданды. КТК-ның былтыр төрт рет ірі тәуекел тудырғанын білеміз. Биыл жыл басталғалы бір рет істен шықты. 19 ақпанда қатты тұрған дауыл салдарынан консорциум құбыр желісі бо­йынша тасымалды тоқтатқан. Компанияның хабарлауынша, теңіз терминалындағы резер­вуар­лық парк 1 млн тонна мұ­найға толып тұр.

«Жүк жөнелтушілердің мұ­на­йы мұнай құбырының же­лілік бөлігіндегі қалған цис­тер­­­наларға және терминал­дың резерв­тік паркіне қабыл­да­нады. Жүк жіберу­ші­лер­ге бұл жағдай хабарланды», деп мәлімдеді.

Кейінірек ақпарат көзде­рінде Новороссийск түбінде SEAMARK тасымал­дау­шы­сы­ның (гранит және қиыршық тас тасиды) теңізге батып кеткені жарияланды. Алайда 22 ақпан күні ауа райы қалыпқа келіп, терминалда мұнайды ауыстырып тиеу жұмыстары қайта басталды.

«Мұнай өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтай отырып, жағалау сызығынан бес шақырым қашықтықтағы теңіз арқалық қондырғылары ар­қы­лы тасымалданады. Теңіз арқалық қондырғыларының конструкциясы дәстүрлі жа­ға­лау жүйесі операциялық қызметін тоқта­ту­ға мәжбүр бол­­ған қолайсыз ауа райы кезінде мұнайды ауыс­тырып тиеуге мүмкіндік береді. Бұл ретте ауа райына қатыс­ты шектеу де бар. Мысалы, ар­қан­дап байлау операциялары және шлангтарды танкерге көте­ру теңіздің 2,5 метрге дейін толқуы және желдің (екпіннің) жыл­­дамдығы 23 м/сек-тен ас­пай­тын кезінде жүргізіледі», деп хабарлады консорциум.

Энергетика министрі Болат Ақшолақов КТК-дағы жағ­дайға байланысты елде мұ­най өндірісінің тоқтама­ға­нын мәлімдеді. Бұл ретте Қазақстанның мұнай экспорттауды әртараптандыруға күш салып жатқаны белгілі. Соған қарамастан, биыл КТК бойынша тасымал деңгейі артуы мүмкін. Шамамен 8,7 пайызға, 56,5 млн тоннаға дейін. Халықаралық Fitch рейтингтік агенттігі орта мер­зім­ді перспективада Қазақ­стан­ның Ресейге шикі мұнайды тасымалдаудағы тәуелділігі өте жоғары деп санайды.

«Мұнай және өзге де көмір­су­тектер Қазақстанның бас­ты экспорт­тық тауары саналады. Шикі мұнай экспортының негіз­гі бөлігін тоқтату кем де­ген­де қысқа мерзімді перс­пек­тивада экспорттық кіріс пен макроэкономикалық көр­сет­кіштерге өте теріс әсер етеді. Экспорттық түсімге айтар­­лық­тай әсер ету үшін КТК жұ­мы­сының тоқтап қалуы бір­не­ше аптадан әріге ұзамауға тиіс. Қазақстанның КТК-ның тоқтап қалуына саяси реакция­сы және кез келген осындай келеңсіздіктің ұзақтығы елдің несиелік рейтингіне әсерін анықтауда маңызды факторлар болады», делінеді агенттік мәлім­демесінде.

Қазақстан КТК-дан бөлек ресейлік «Дружба» мұнай құбырына да тәуелді. Ақпан айында осы құбыр арқылы Германияға мұнай жіберуіміз керек болған. Бірақ ол тасымал әлі күнге жүзеге асатын емес. «ҚазТрансОйл» қоғаммен байланыс және ішкі коммуникация департаментінің директоры Шыңғыс Ілиясов «2023 жылдың 21 ақпанындағы жағдай бойынша «Дружба» мұнай құбыры арқылы қазақстандық мұнайды әрі қарай Германияға жіберу мақсатында «Адамова застава» пунктіне жеткізу жүзеге асырылмады», деп хабарлады.

Мұның себебін ешкім де түсін­діріп бере алмай отыр. Бірақ Болат Ақшолақов «Друж­ба» арқылы 20 мың тонна мұ­­найды ақпанның соңына де­йін Германияға жеткіземіз», дейді. Министрдің айтуынша, жалпы Қазақстан Германияға биыл 1,5 млн тонна мұнай жет­кізу­­ді көздеп отыр және алдағы уақытта оны 6-7 млн тон­на­ға дейін жеткізуге мүд­делі.

«ҚазТрансОйл» қаңтар айын­да Ресей Энергетика ми­нис­тр­­лігінен «Транснефть» магистралды мұнай құбырлары жү­йесі арқылы «Адамова Зас­тава» мұнай жеткізу пункті бағы­тында тасымалдауға рұқ­сат алғанын хабарлаған еді. Сондай-ақ компания биыл I тоқсанда Германияға 300 мың тонна мұнай жеткіземіз, деп хабарлады. Кешіктірілудің қа­зақстандық тараппен байла­нысты бола қоюы екіталай. Өйт­кені біздің Энергетика ми­нистр­лігі қаңтардың соңын­да ақпаннан бастап 20 мың тонна жеткізуге дайынбыз деп мәлімдеді. 31 қаңтар мен 9 ақпан аралығында БАҚ-та «Дружбаны» Украина тарапы атқылады деген қызық ақ­парат тарады. «Транснефть» болса «Дружба» штатты режім­де жұмыс істеп жатыр, деп сен­дірді. Қалай болғанда да Гер­манияға жіберілуге тиіс қазақ­с­тандық мұнайдың экспорты тоқтап тұр. Бұған дейін КТК-ның қайта-қайта тоқ­тауы­на үйренген болсақ, енді «Дружба» арқылы мұнай тиеу­дің басталуын да күтуге дағ­­ды­ланамыз», деп мәлімдейді Tengenomika сарапшылары.