Қоғам • 23 Ақпан, 2023

Алма дауы

337 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Италияның Оңтүстік Тироль аймағында алма өсіретіндердің басы дауға қалды. Германия бұқара­лық ақпарат құрал­дары таратқан мәліметке сүйенсек, кәсіпорындар зиянды пес­тицидтерді шектен тыс қол­данады екен. Соның салдарынан көп­шілік­тің жеңсік асына айнал­ған алма денсаулыққа залал кел­тіріп, қоршаған орта­ға кесірін тигізетін көрінеді.

Алма дауы

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Негізі, Апеннин түбегінің солтүс­тігінде орналасқан Оңтүс­тік Тироль – Еуропаға алма экс­порт­тайтын бірден-бір өңір. Сон­дықтан шығар, эколог­тер мен журналис­тер атал­ған жемістің сапасына байланыс­ты дабыл қағып отыр. Umweltinstitut ұйымы жүргізген зерттеуде 2017 жылдан бастап Тироль аймағында кәсіпорындар қолданған тыңайтқыштарға талдау жүргізіліпті. Нәтижесінде, зиянды пестицидтердің көп қолданылатыны анықталған. Фермерлер тыңайтқыштарды шектен тыс мөлшерде пайдаланып, 7 ай тоқтаусыз беретін көрі­неді. Соның салдарынан жемістің дәмі бұзылады, қоршаған ортаға да залал келеді. Бұл аз десеңіз, пес­тицидтер ихневмон шыбындары секілді экологияға пайдалы жәндіктерге де қауіп төндіреді.

«Талдау көрсеткендей, 2017 жылы Виншгаудағы алма өсіруде көп­теген пестицид­ қолда­нылған. Бұл жемісті тұтынушылардың ден­сау­­лығына, сонымен қатар тұр­­ғын­­дардың саулығына қа­уіп төн­діруі мүмкін», дейді Umweltinstitut ұйымының мүшесі, зерт­теу авторының бірі Кристин Фогт.

Дегенмен фермерлер мен кәсіпорындар қолданған пес­тицидтер Еуропалық одақтың да, Италияның да ережелеріне қайшы емес. Әрі-беріден соң оны қолдануға рұқсат та берілген. Бірақ Еуропалық тағам қауіпсіздігі ұйымы (EFSA) тыңайтқыштардың кейбірін репродуктивті жүйенің жұмысын бұзады, қатерлі ісікке шалдықтырады деп бағалаған. Бірақ пестицидтер де мөлшерден тыс қолданылмаған көрінеді. Деген­мен зерттеуді жүр­гізген ұйым кейбірін пайда­лан­бау­ға бола­тынын, оған бала­ма тыңайт­қыштар жетерлік екенін алға тартады. Мәселен, зиянкес­тер­мен күресудің кешенді әдісі деген арнайы жүйе бар. Сол арқылы алма­ның өсуіне кедергі келтіретін жәндіктерді жоюға мүмкіндік мол. Бірақ фермерлер мұндай тәсілді жүзеге асырудың орнына зиянды химиялық заттарды дұрыс көрген.

«Мысалы, фермалар алманың неғұрлым тұрақты сорттарын отырғызып, арамшөптерді машиналар арқылы тексеріп, зиян­кестердің табиғи жауларын қолдануға болады», дейді К.Фогт.

Былтыр Еуропалық комиссия пестицидтерді қолданудың балама тәсіліне арналған құжат әзірлеген. Соған сәйкес, қазіргі қолданыстағы химиялық заттарды 2030 жылға қарай 50 пайызға азайтуды көздейді. Бірақ бұған бірқатар мемлекеттің үкіметі қарсы шықты. Сондықтан заң жобасы ұсыныс күйінде қалып, әлі де талқыланып жатыр.

«Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лері қоршаған ортаға, биоәр­түрлілікке және адамдар мен жануарлардың денсаулығына әсерін елемейді. Сондай-ақ Еуропалық одақтың пестицидтерге қатысты ережелерін бұзуға тырысады. Сөйтіп, балама тәсіл жоқ дегенді сылтауратады», дейді Еуропалық парламент мүшесі, Жасылдар партиясының заңгері Томас Уэйц.

Оның айтуынша, Оңтүстік Тироль­дағы жағдай қарт құр­лықтағы бақылау тәсілдерінің іске аспай отырғанын көрсетеді. Сондай-ақ ол EFSA-ны аталған мәселеге назар аударуға шақырып, жаңа заңнама қабылдау қажет екенін алға тартады.

Еуропалық одақтың алма мәселесіне назар аударуы бекер емес. Қазіргі таңда аталған жеңсік ас шартараптың түкпір-түкпірінде таралған. Статистикаға сүйенсек, жыл сайын әлемде 87 миллион тонна алма өндіріледі екен. Соның ішінде Қытайдың бәсі жоғары. Шығыстағы көршіміз жылына 42 миллион тонна тәтті жемісті жинап алады. Бұдан бөлек, озық бағбандар қатарында АҚШ (5 миллион тонна), Түркия (3,6 миллион тонна) секілді мем­ле­кеттердің шаруалары бар.

Ал Қазақстанда алма өндірісі көңіл көншітерлік жағдайда емес. Еліміздегі жиын-терім маусымы жыл сайын әртүрлі көлемде аяқта­латын­дықтан, нақты деректерді дөп басып айту қиын. Бірақ елімізде шамамен 220-260 мың тонна тәтті жеміс өндіріледі. Мәселен, 2021 жылы аталған көрсеткіш 260 мың тоннаға әрең жеткен. Бірақ тұтыну көлемі 350 мың тонна шамасында. Сон­дықтан қалған алманы шетелден тасуға мәжбүрміз. Осылайша, Қазақстан тәтті жемісті өндіру бойынша әлемдегі үздік елу елдің қатарына әрең еніп жүр.

Осы орайда айта кеткен жөн болар. Қазақстан – алманың ота­ны! Бұл ғалымдар дәлелдеген, талай мәрте айтылған факт. Мәселен, Boyce Thompson институтының ғалымдары алманың отаны қазақ даласы екенін мәлімдеп отыр. Олардың жүргізген зерттеуіне сәйкес, Алатаудың баурайында ғана өсетін Сиверс тұқымы шартараптың түкпір-түкпіріне тараған алманың атасы саналады екен. Ғалымдар алма түрлерінің ДНК тізбегін зерттеп, олардың шығу тегіне үңіліп көріпті. Сарап­тама нәтижесі жеңсік жемістің қазақ топырағынан шыққанын көрсеткен. Олардың хабарлауынша, күнделікті жеп жүрген алма түрлері әлемге Ұлы Жібек жолы арқылы тарап, әр мезгілде түрлі өзгерістерге ұшырап отырған көрінеді.

Ал «Nature Communications» ғылыми журналына жарияланған мақалаға сүйенсек, қазіргі таңда алманың көне түріне жата­тын бірнеше тұқым бар. Boyce Thompson институтының зерттеу­шілері соларды қосқанда алманың 117 түріне сараптама жүргізіп­ті. Тіпті Еуропа мен Қытайдағы алма­лардан бөлек, олардың Амери­када өсетін «аталастарын» да зерттеу нысанына қосыпты. ДНК сараптамасы солардың бәрі Алатаудың баурайында ғана өсетін Сиверс тұқымына тиесілі екенін дәлелдеген. Ғалымдар алманың дәмі мен көлемінің өзгеруін оның түрлі жағдайда өсуі мен көп­жылдық эволюцияның әсері екенін айтып отыр.

Негізі, Boyce Thompson зерт­теуі бұған дейін талай мәрте айтыл­ған деректі одан әрі растай түсті. Өйткені ресейлік ғалым Нико­лай Вавилов 1929 жылы Malus sieversii-ді қазіргі алма – Malus domestica-ның арғы атасы екенін алғаш рет жазған. «Жабайы алма жоталардың бәріне созыла тарағаны қаланың айналасынан анық байқалады, – деп жазып­ты Вавилов Қазақстанның сол кездегі астанасы Алматыға барған тұңғыш сапарында. – Осы бір көркем мекеннің ауыл шаруашылығына бейімделген алманың отаны екенін өз көзіңіз­бен көре аласыз».

Ғалымдардың пікірінше, алманы жерсіндіру екі бағытта жүрген. 10 мың жылдай бұрын Ұлы Жібек жолымен Қытайға және Еуропаға бағыт алған керуен қызыл жемісті өздерімен ала кеткен. Бұған дейін бірнеше зерттеу жұмыстарында да алманың отаны Алатау екені хабарланған болатын. Сондай жұмыстардың бірі Nature Genetics журналына жарияланды. Сиверс алмасы туралы ең алғаш жазған неміс ғалымы Иоганн Сиверс болатын. Жеміс атауының зерттеуші атын алуы да сондықтан.

Алманың отаны екені ғылыми дәлелденсе де, Қазақстан әлі күнге дейін оны өндіруден мақтана алар емес. Таяуда осы мәселеге бай­ла­ныс­ты Парламент депутат­тары Сауда және интеграция министр­лігіне сауал жолдаған болатын.

«Балығы болмаған көл құры­сын, киігі болмаған шөл құры­сын» демекші, Қазақстанда өткен жылы алма ағаштары жақсы өнім берді, алайда оның басым бөлігін өткізуге қатысты үлкен проблемалар болып, ағаш басында жиналмай қалып қойды. Негізгі мәселе – сауда желілері мен делдалдар ұсынатын сатып алу бағаларының төмендігі. Бір килограмы 100-150 теңге. Сондықтан бақшаның бір бөлігін жинау экономикалық тұр­ғыдан тиімсіз, өйткені шы­ғындар болжамды кірістен асып түседі», деген еді депутаттар.

Осыған байланысты Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин сауалға жауап берді. Онда 2024 жылға қарай алманың жалпы жиналуын 352,5 мың тоннаға дейін жеткізу жос­парланғанын жеткізіпті. Ве­домство басшысының пікірін­ше, бұл ішкі нарықтың қажеттіліктерін толық қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ 2022 жылдың қаңтар-қараша айларында Қазақ­станнан 1,6 млн доллар сомасы­на 2,66 мың тонна алма экспорт­талған. Экспорттың құны 36,7 пайызға азайған. Яғни еліміз бұған дейінгі мөлшерден 51,7 пайызға аз өнімді шетелге сатқан. Ал импорт көлемі 34,7 млн долларды құрады. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 9,6 пайызға аз. Осылайша, шетелден 83,3 мың тонна алма тасыған екенбіз. Елімізге негізінен Польша, Өзбекстан және Ираннан жеңсік жеміс әкелінеді.

Министрдің айтуынша, алдағы уақытта жеміс-көкөніс өнімдерін сақтау қоймалары да көбеймек. Соның нәтижесінде қоймаларға 336,6 мың тонна өнім сыяды. Әрине, қойманың көбейгені жақсы-ақ. Бірақ алманың отанын­дағы алма өндірісін көбейту мен базардағы бағаны сақтап қалуға мұның қаншалықты пайдасы бар екенін уақыт көрсетеді.