Саясат • 24 Ақпан, 2023

Сыртқы саясаттағы бағыттарға тоқталды

278 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ресей президенті Владимир Путин федералдық жиналыс­та халқына үндеу жасады. Жолдауда ол елдегі жағдай, мем­лекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары, стратегиялық мақсаттары, әлеуметтік-экономикалық дамудың басымдықтары және Ресейдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін сөз етті.

Сыртқы саясаттағы бағыттарға тоқталды

В.Путин кезекті жолдауын қазіргі әлемдік дағдарысқа тап келген күрделі кезеңде жолдап отырғанын айтып, сөзін Ресей мен Украина арасындағы мәселеден бастады. Ол бір жыл бұрын Украинға қарсы не  үшін арнайы әскери операция бастағанын халқына түсіндіріп өтті.

Оның айтуынша, Ресей Украина халқымен қақтығысып жатқан жоқ, олар елдегі режім мен Батыстағы қожайындардың тұтқынына айналған. Үндеуінің басым бөлігінде екі ел арасындағы қақтығыс пен Америка, Батыс, НАТО-ның «теріс» әрекеттерін айтқан В.Путин сөзін халқына алғыс айтумен жалғастырды.

Сондай-ақ В.Путин «туған-туыстарынан, жақындарынан айырылған отбасыларға қолдау көрсету, олардың бала-шағасын өсіруге, тәрбиелеуге, білім мен кәсіп­пен қамтамасыз ету – біздің міндетіміз», деп арнайы мемле­кеттік қор құрылатынын айтты. 

Бұған қоса, Ресей президенті ке­шірім сұрады. Алайда кімдер­ден екенін айтпады. «Кеші­ріңіз­дер, бүгін барлығының есі­мін атай ал­маймын. Мен осы үндеуім­ді әзірлеп жатқанымда батыр­лық көрсеткендердің ұзын тізі­мін жасадым, бірақ сөйлейтін сөзімнен алып тастадым, өйткені барлығының есімін атап өту мүмкін емес, аты аталмай қалған жағдайда адамдарды ренжітіп аламын ба деп қорықтым», деді В.Путин.

Елдің экономикалық жағдайы мен алдағы атқарылар жұмысына тоқталған Ресей президенті Қара және Азов теңіздеріндегі порттардың әлеуметін арттыруды көздеп отыр.

– Біз Қара және Азов теңіз­дерін­дегі порттарға ерекше көңіл бөлетін боламыз. Қазір­дің өзінде біраз жұмыс атқа­рыл­ды. «Солтүстік-Оңтүс­тік» халықаралық дәлізіне де ерекше көңіл бөлуді жалғастыра­мыз. Мәселен, қазір Еділ-Каспий каналы арқылы 4,5 метрден кем емес кемелер әрі-бері қатынап жатыр. Бұл Үндістан, Иран, Пәкістан және Таяу Шы­ғыс елдерімен іскерлік ынтымақ­тастықтың жаңа бағыттарын ашады. Біз бұл дәлізді дамытуды тоқтатпаймыз, – деді ол.

Ресей басшысы Оңтүстік-Шығыс Азия нарығына Қазақстан арқылы шығуға ниетті екенін де айтып өтті.

– Жаңа геосаяси жағдайға байланысты логистиканы өзге жолдармен дамытамыз. Мәс­кеу-Қазан автомагистралін Ека­теринбургке, Челябинскіге, Тү­менге дейін ұзартып, одан әрі Иркутск пен Владивостокқа жеткі­земіз, Қазақстанға, одан әрі Моң­ғолия мен Қытайға да шығу­ды ойластырамыз, – деді В.Путин.

Сонымен қатар жолдауда В.Путин АҚШ-пен Ядролық қаруды азайту туралы өзара келісімді (the New START nuclear arms reduction treaty) уақытша тоқ­та­­татынын хабарлады. Еске сал­сақ, 2010 жылы АҚШ-тың сол кез­­­дегі президенті Барак Оба­ма мен Ресейдің сол кездегі прези­ден­ті Дмитрий Медведев ядролық қару­ды азайту туралы келісімге келіп, ресми құжатқа қол қойған еді.

Осындай басты мәселелерге тоқ­­­тал­­ған Ресей басшысы: «Ре­сей кез келген сынаққа қарсы тұ­рып, жа­­уап береді, өйткені біз бәрі­міз бір елміз, бір үлкен және біртұ­тас ха­­лық­пыз. Біз өзімізге, өз қабі­лет­­тері­­мізге сенімдіміз. Шындық біздің жағымызда», деп жолдауын аяқтады.

В.Путин осы кезекті жолдауын өткен жылдың желтоқсан айында жасауы керек еді, алайда сарапшылардың айтуынша, Ресей мен Украинадағы қақ­ты­ғысқа байланысты кейінге қалдырылған.