Ғылым • 24 Ақпан, 2023

Мемлекеттік басқару академиясы мен ЖОО-лар мамандарды бірлесе даярлайды

354 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен елдегі жоғары оқу орындары мемлекеттік басқару саласының мамандарын бірлесе даярлайтын болды. Бүгін тараптар ресми құжатқа қол қойды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мемлекеттік басқару академиясы мен ЖОО-лар мамандарды бірлесе даярлайды

Нақтырақ айтсақ, «Мемлекеттік басқару», «Мемлекеттік және жергілікті басқару» және «Адами ресурстарды басқару» бағыттары бойынша мамандар даярланбақ.

Іс-шараға қатысқан Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының орынбасары Азамат Жолманов: «Мемлекеттік қызмет істері агенттігі ашық, әділ, қоғамның сұранысына сай қызмет көрсететін, заманауи талаптарға икемді мемлекеттік аппаратты қалыптастыру бағытында тиісті жұмыстарды атқарып жатыр. Бүгінгі Меморандум мемлекеттік қызметті басқаруды дамытуға, мемлекеттік қызмет саласын модернизациялауға, HR технологиялар мен құралдарлы кеңінен қолдануға негіз болатынына сенімдімін», деп пікірін білдірді.

л

Ал Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек елімізде мемлекеттік басқару саласы, HR қызметі бойынша ғылыми зерттеулер жүргізілуі керек екенін атап өтті.

«Қазіргі таңда елімізде 30-дан астам жоғары оқу орны мемлекеттік басқару саласы бойынша маман даярлайды. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен және Мемлекеттік басқару академиясымен бірлесе отырып, білім бағдарламасын жаңартуымыз қажет. Мемлекетік басқару жүйесін қайтадан зерттеуіміз керек. Себебі цифрлық күш көп нәрсені өзгертіп жатыр. Ал мемлекеттік қызмет жаһандық өзгерістерге дайын болуы керек. Бірлескен жұмыстың аясында магистранттар мен докторанттар мемлекеттік қызмет жүйесі, HR қызметі бойынша қолданбалы зерттеулермен айналысатын болады», деді министр.

Осыған орай алдағы уақытта Академия мен меморандум жасасқан ЖОО ортақ зерттеулер жүргізіп, білім беру бағдарламаларын бірлесе әзірлеу және қолданысқа енгізу, мемлекеттік басқару және HR саласы бойынша сарапшылар пулын құруды қолға алмақ.

«Бүгін жоғары оқу орындарының ректорларымен және өкілдерімен кездесіп, кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру процесін кадрлық және эксперттік қамтамасыз ету бойынша маңызды мәселелерді талқыладық. Университеттердің әлеуетін біріктіру және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды даярлау мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдықтарын іске асыруға септігін тигізеді», деді Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл.

о

Құжатқа қол қою рәсімінен кейін тараптар Меморандум аясында жүзеге асырылатын іс-шаралар бойынша дайындалған Жол картасын талқылады. Енді жоғары оқу орындарының докторанттары мен магистранттары мемлекеттік органдарда тәжірибеден және тағылымдамадан өтуге мүмкіндіктері бар.