Үкімет • 24 Ақпан, 2023

Әлихан Смайылов Жетісу облысындағы бірқатар нысан жұмысымен танысты

245 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жетісу облысына жұмыс сапарымен барған ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов өңірдің бірқатар инфрақұрылымдық, өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандарының жұмысымен танысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Әлихан Смайылов Жетісу облысындағы бірқатар нысан жұмысымен танысты

Үкімет басшысы қаладағы 1981 жылдан бері жұмыс істеп тұрған «Басқуат» қазандығына барды. Қуаты шамамен 200 Гкал/сағат болатын қазандық бүгінде 500-ден астам көп пәтерлі және 1 000 жеке тұрғын үйді, 20 мектепті, 25 балабақшаны, 10 аурухананы және 90 әкімшілік ғимаратты жылумен қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар Талдықорғандағы құрылыс жұмыстарының қарқыны мен жыл сайынғы жүктеменің ұлғайып келе жатқанын ескере отырып, қазандық қуатын сағатына 300 Гкал-ға дейін арттыру және объектіні газға ауыстырып, жаңғырту жоспарланып отыр.

Әлихан Смайылов қазандықты жаңғырту тұтынушыларға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттырып, қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға және жылу шығынын төмендетуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Қазандықты газға ауыстырудың маңызы зор, бұл өнімділікті жақсартып, экологиялық мәселелерді шешуге айтарлықтай үлес қосады. Облыс әкімдігі жоба бойынша жұмысты жеделдетуі керек. Үкімет өз тарапынан қажетті көмек көрсетеді», деді Үкімет басшысы.

Одан кейін Премьер-министр кабельдік-өткізгіш өнімдердің түрлерін шығаратын «Талдықорғанкабель» кәсіпорнының жұмысымен танысты. Зауыт өз өнімдерін Қазақстанның барлық өңірлеріне, сондай-ақ Әзербайжан, Қытай, Қырғызстан, Польша, Ресей, Өзбекстан және басқа да бірқатар елдерге шығарып отыр.

Жалпы Жетісу облысында 514 өнеркәсіп кәсіпорны жұмыс істейді, онда 4 мыңнан астам адам еңбек етеді. Өткен жылы өңірде 280 млрд-тан астам теңгенің өндірістік өнімдері шығарылды, 17 жаңа нысан пайдалануға берілді. 2023 жылы инвестициялық құны 24,4 млрд теңгені құрайтын тағы 8 жобаны іске қосу жоспарланған.

Үкімет басшысының айтуынша, энергетика, машина жасау кәсіпорындарында, сондай-ақ мемлекет қаражаты есебінен объектілер салу кезінде отандық өнімді пайдалануды ынталандыру қажет. Осыған байланысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне нормативтік-құқықтық актілерге тиісті өзгерістер енгізу мәселесін пысықтау тапсырылды.

Талдықорғандағы шағын аудандардың бірінде Әлихан Смайылов халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтар үшін салынған 60 пәтерлік тұрғын үйді аралап көрді. Үкімет басшысы 2022 жылдың қорытындысы бойынша облыста құрылыс жұмыстарының көлемі 4%-дан астам өскенін атап өтті.

«Облыс әкімдігі осы қарқынмен белгіленген жоспарларды тиімді іске асыруды жалғастыруы қажет. Сонымен қатар  құрылыс жүріп жатқан аудандарға инфрақұрылымды кешіктірмей, дер кезінде тартып беру маңызды», деді Премьер-Министр.

Сапар барысында Үкімет басшысы Ақшатоған ауылындағы жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттің жұмысымен танысты. Онда биылғы қаңтар айынан бастап жергілікті тұрғындар медициналық көмек пен екпелердің негізгі түрлерін ала алады. Алдағы үш жылда өңірде тағы 118 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны, оның ішінде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 59 медициналық нысан ашу жоспарланып отыр.