Соның нәтижесінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Медициналық және фармацевтикалық қызметкерлердің еңбегін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленіп, Парламент Мәжілісіне, Әділет, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау және Денсаулық сақтау министрліктеріне ұсыныс жолданды.
Ғалымдар аталған мәселені егжей-тегжейлі зерттеу мақсатында республиканың алты өңірінде болып, жергілікті денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлері арасында 1 мыңнан астам сауалдама мен сұхбат жүргізген. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, медициналық және фармацевтикалық қызметкерлердің еңбек қатынастары заңнамада заңды түрде реттелмеген. Бұл жұмысқа заң ғылымдарының докторы, профессор Еңлік Нұрғалиева жетекшілік етті.
– Жалпы, осы санаттағы мамандар жұмысының ауырлығы ғана емес, олардың денсаулығына да тиетін зиян көп. Сондықтан олардың жұмысын құқықтық реттеу қажет. Ұлттық заңнаманы дамытудың барлық кезеңінде медицина және фармацевтика қызметкерлерінің еңбегін құқықтық реттеуді одан әрі жетілдіру үшін зерттеу аясында теориялық және практикалық материалдарға кешенді талдау жасалды. Біз бастапқы ақпаратты жинау мақсатында бірқатар аймақта далалық зерттеу жүргіздік. Соның нәтижесінде медицина және фармацевтика мамандарының еңбек жағдайлары туралы жедел деректерге толы сұхбат және сауалдама алдық, – деді университет профессоры.
Осы тарапта ғалымдар халықаралық тәжірибені де зерттеп, оның ішінде ЭЫДҰ-ның жекелеген мемлекеттеріндегі құқықтық реттеу жолдарын қарастырған. Мысалы, Ұлыбританияда 1,44 миллион маманды қамтитын 32 медициналық және фармацевтикалық кәсіпті реттеуге тоғыз орган жауап береді. Мұнда кәсіби реттеумен қатар мемлекеттік реттеу де қолданылады.
Қысқасы, ғалымдар өздері жүргізген зерттеу нәтижесі медицина және фармацевтика қызметкерлерінің еңбегін құқықтық реттеу мәселесінде заңнама мен құқық қолдану практикасын одан әрі жетілдіруге ықпал етеді деген сенімде.