Қазақстан • 26 Ақпан, 2023

Гуманизм үрдісі

181 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жақында Қазақстан тәжік еліне гуманитарлық көмек ретінде бес мың тонна мазут берді. Осылайша, Тәжікстан Республикасына 2006 жылдан бері көрсеткен гума­ни­тар­лық көмектің жалпы көлемі 44 млн доллардан асты. Жалпы, еліміз бір­қа­тар дамушы елге тұрақты кө­мек көрсетіп, қолдау білдіріп келеді.

Гуманизм үрдісі

Сыртқы істер министрлігінің мәлім­де­уінше, Қазақстанның Тәжік­стан­дағы елшісі Уәлихан Төреханов Қазақстанның 5 мың тонна мазутқа арналған ресми гуманитарлық көмек сертификатын Тә­жік­стан Республикасы Үкіметінің жа­нындағы Мемлекеттік материалдық резервтер жөніндегі агенттіктің директоры Нұрмахмад Ахмадзодаға тапсырған. Елші өз сөзінде Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елдің маңызды энергетикалық объектілерінің тұрақты жұмыс істеуі мақсатында Тә­жік­станға 860 млн 805 мың теңге (шамамен 1,8 млн доллар) сомасында гу­ма­нитарлық көмек көрсету туралы ше­шім қабылданғанын айтты. Сондай-ақ Уәлихан Төреханов гуманитарлық көмек энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесі, Қазақстан мен Тәжікстанның ғасырлар бойғы қарым-қатынастарына тән бауырластық пен өзара көмек көрсеткіші екенін атап өтті.

Өткен жылдың бірінші жартысында да Қазақстан шет мемлекеттерге 9,4 млн долларға гуманитарлық көмек жіберген еді. Оның ішінде дәрі-дәрмекке – 4,4 млн доллар, азық-түлік – 280,8 мың доллар, киім-кешек пен аяқкиім – 94,8 мың доллар, машиналар мен жабдықтарға – 15,4 мың доллар, басқа да тауарларға 4,6 млн доллар жұмсалған. Ал гуманитарлық көмектің басым бөлігі Ауғанстанға жіберілген. Оның қаржылай сомасы 5,7 млн АҚШ долларын құрайды. Жалпы, Ауғанстан – біздің елден тұрақты көмек алушы елдің бірі. Одан кейінгі орында Тәжікстан тұр. 2022 жылдың бірінші тоқсанындағы дерек бойынша бұл елге 130,1 мың доллардың көмегі жөнелтілген. Бұған қоса, өткен жылы Қазақстаннан Украина, Польша, Мажарстан гуманитарлық көмек алған. Украинаға жалпы сомасы 306 мың долларға 67,7 мың тонна гуманитарлық көмек жіберілді. Ал Польшаға 3,1 млн долларды құраған 70,7 мың тонна гуманитарлық көмек көрсетілді. Мажарстан болса 69,5 мың доллар көлемінде 6,7 мың тонна гуманитарлық көмек алды.

Айтпақшы, Қазақстанға да өзге елдерден гуманитарлық көмек келеді. 2022 жылы бізге бағыталған көмектің көлемін Италия бастап тұр, қаржылай құны 1,7 млн доллар, онан кейінгі орында Қытай 476,4 мың доллардың қолдауын, Германиядан 37,4 мың доллардың көмегін алдық.