
Нидерланд корольдігі Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің бестігіне кіреді. Корольдік құйған инвестиция көлемі қазір 100 млрд доллардан асты. Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, Налдвейк қаласының «World Horti Center» халықаралық бау-бақша орталығында ресми тұлғалар мен бизнес қоғамдастық өкілдері екі елдің инвестициялық жобаларын талқылаған. Осы іс-шара аясында ел мамандары «MJ Tech» компаниясының басшысы Юриан Ван Ден Бремормен кездесіп, олжалы қайтқан.
– Қазақстанның стратегиялық орналасуының қолайлылығын ескере отырып, көрші елдер үшін хаб бола алатынын жеткізгім келеді. Сондай-ақ бау-бақша, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларда қолданылатын жоғары қысымды тұмандандыру жүйелерін өндіру жөніндегі келесі халықаралық жоба Қазақстанда орналасуы мүмкін, – деп қызығушылық танытты Юриан Ван Ден Бремор.
Айтпақшы, «MJ-Tech» отбасылық компаниясы – бау-бақша, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіпте қолданылатын жоғары қысымды ылғалдандыру жүйелерін өндіруші мекеме. Компания жобалаудан бастап өнімді жеткізу, монтаждау және пайдалануға беру алдында тестілеуге дейінгі қажетті жұмыстардың барлығын толық жүзеге асырады. Оның өнімдері 50-ден астам елде қолданылады.
Ал Вестленд муниципалитетінің мэрі Бауке Арендстің айтуынша, Қазақстан мен Нидерланд соңғы отыз жылда саяси, экономикалық және мәдени салаларда берік және сенімді ынтымақтастық орнатты. Елдер агроөнеркәсіптік, геологиялық барлау, тау-кен өндіру, металлургия және электротехника салаларында бірлескен жобаларды іске асыруда зор мүмкіндіктерге ие. СІМ Инвестиция комитетінің төрағасы Ардақ Зебешев те Нидерланд Қазақстан экономикасына салған инвесторлардың көшін бастап келетінін айтады. Өткен 30 жылда тікелей инвестициялар шамамен 110 млрд долларды құрады және бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді. Кейінгі жылдары сауда көлемі тұрақты өсуде. Бүгінде ел нарығында 900-ден астам компания жұмыс істеуде.
Негізі Қазақстанның Еуразия орталығындағы стратегиялық орны, табиғи ресурстардың көптігі, өндірістің тиімділігі және қолайлы инвестициялық ахуал экономиканың түрлі секторларында, әсіресе агроөнеркәсіптік кешендегі жобаларды іске асыруға зор мүмкіндік береді. Сонымен қатар еліміз мемлекеттік қолдаудың кешенді шараларын, қолжетімді және білікті жұмыс күшін ұсынады. Ірі әлемдік нарықтарға да шыға алады. Осындай артықшылықтар нидерландтық компанияларды қызықтырып отыр. Нәтижесінде, «MJ Tech» пен Қазақстан жылыжайлар одағы арасында ирригациялық жабдықтар өндіру жөніндегі жобаны іске асыру ынтымақтастығы туралы, «Royal GD» мен ауыл шаруашылығы министрлігі республикалық ветеринарлық зертханалары арасында, сондай-ақ «Қарағанды ауылшаруашылық тәжірибе стансасы» ЖШС, «Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институты» ЖШС және нидерландтық «Royal Eijkelkamp» арасында үшжақты меморандумға қол қойылды.
Сондай-ақ СІМ хабарлағандай, қазақстандық делегация Налдвейк, Роттердам және Гаага қалаларында жергілікті бизнес қоғамдастық өкілдерімен екіжақты кездесулер өткізген. Мәселен, «Invest International» инвестициялық қорының басшысы Эльс Хантийспен жүргізілген келіссөздің нәтижесі бойынша Нидерланд үкіметі қолданыстағы бірқатар жобаны одан әрі қаржыландыратын болып, инвестициялық жобалар пулын қалыптастыру туралы келісім жасасқан.