Теннис • 27 Ақпан, 2023

Қыздардың қарқыны қуантады

214 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) жаңартқан әлемдік рейтингте Қазақстанның қос өкілі үздіктер санатына енді. Олар – Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева.

Қыздардың қарқыны қуантады

Былтыр «Уимблдонда» топ жарып, биыл Аустралияның ашық біріншілігінде финалға дейін жеткен Рыбакина 10-орынға жайғасқан. Путинцева да өткен аптамен салыстырғанда жағдайын біраз жақсартты. Бірден алты сатыға жоғарылаған ол 40-орынға көтерілді. Өзге бұрымдыларымыздың көрсеткіштері мынадай: Жібек Кұламбаева – 448, Гозаль Айнитдинова – 505, Анна Данилина – 539. Ал WTA рейтингінің алдыңғы легінде айтарлықтай өзгеріс жоқ. Көш басында – Ига Свентек (Польша).

АТР тізімінде Новак Джокович (Сербия) алда келеді. Қазақстанның теннисшілері арасында Александр Бублик қана тәуір нәти­жеге ие. Марсельдегі турнирдің жартылай финалына дейін жеткен жерлесіміз төрт сатыға жоғарылап, қазіргі кезде 46-орынға табан тіреді. Өзге жерлестеріміздің нәти­желері мынадай: Тимофей Скатов – 134, Михаил Кукушкин – 250, Денис Евсеев – 304, Бейбіт Жұқаев – 314, Дмитрий Попко – 400, Григорий Ломакин – 980.