Дәстүр • 27 Ақпан, 2023

Қансонарда бүркітші шығады аңға...

833 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырауда ақпанда қар қалың жауды. Бұл құс­бе­гілердің ересек­тер ара­сындағы респуб­лика­лық ХVІ чемпионатын өткізуге жол ашты.

Қансонарда бүркітші шығады аңға...

Қазақтың саятшылық өнерін серік еткен құсбегілер сайысы Жаңаталап ауылы маңындағы «Құлагер» базасында өтті. Оған Астана, Алматы қалаларымен бірге Ақмола, Қарағанды, Жам­был, Шығыс Қазақстан, Түркіс­тан, Маңғыстау, Павлодар, Аты­рау, Абай, Жетісу, Ұлытау об­лыс­тарынан 50-ге жуық құс­бегі қа­тысты. Құсбегілер 31 бүр­­кіт­тің, 11 қаршыға мен 10 ител­гі­нің тома­ғасын сыпырып, сынға салды.

Чемпионаттың шешуші сынында 5 бүркіттің шеберлігі тексерілді. Ережеге сай сыннан өт­кен соң Астана қаласының тұр­­ғыны Серікбек Күнтуған «Ал­­ғыр», атыраулық Арман Қош­­қаров «Нарын» бүркітімен үшінші жүлдеге ие болды. Сайысқа «Заңғар» бүркітін қос­­қан Абай облысының өкілі Ер­зат Байқадамов екінші орынды иеленді. Ал елордалық Арманбек Күнтуғанұлы «Қара­шолақ» қы­ранымен ел чемпионы атанды.

Қар­шыға баптаған аста­на­лықтар – Күн­туған Серікбек «Най­затұяқ», Құдай­берген Рауил­ұлы «Чи­пок» аталатын құ­сымен үшінші орынның жүл­­­десін өзара бө­лісті. Түр­кіс­тан облысының тұр­ғыны Бағ­дат Кеуенов «Тар­лан» қар­шы­ғасымен екінші жүл­деге қол жеткізді. Тағы бір түркістандық Дәурен Аршабай бап­таған «Тұй­ғын» бірінші жүл­деге ие болды.

Ителгілер сайысының қы­зығы мол. Түркістандық қос құс­бегінің ител­­гісі үшінші жүлденің иесі атанды. Олар – Ибрагим Базар­баевтың «Қа­­ракөзі» мен Бағдат Кеуеновтің «Тұ­мары». Екінші орын Жамбыл об­лысынан қатысқан Бақдәулет Ба­бажанның «Қаракөз» атты ител­гісіне бе­рілді. Бірінші жүлдені Ақ­мола облысының намысын қор­ғаған Ерлан Кенжетаевтың «Ақ­бас» атауы бар ителгісі иеленді.

 

Атырау облысы