Чемпионат нәтижесі бойынша біздің оқушылар АҚШ-та өтетін дүниежүзілік роботтехника чемпионатына жолдама алды. Хьюстон қаласында өтетін FIRST додасында ел намысын 50-ге жуық оқушы қорғайды. Бұлар – жеңімпаз атанған 4 команданың мүшелері. Сондай-ақ тағы 9 команда Аустралия, Марокко, АҚШ, Үндістанда өтетін халықаралық ашық чемпионаттарға қатысады.
– Чемпионат үш жас санаты бойынша ұйымдастырылды. Кішкентай балалар сатысында Алматы қаласының оқушыларынан құрылған Adeptus Mechanicus тобы АҚШ-та өтетін басты додаға жолдама алды. Ортаңғы санатта бас жүлдені алматылық Play 4 Energy тобы иеленді. Ал 12-18 жас санатында алматылық AENTA және NIS Kyran топтары жеңімпаз атанды. Үш күнге созылған сайыс тартысты өтті. Жыл сайын роботтехникамен айналысатын оқушылар қатарының артқаны қуантады, – деді USTEM Robotics қорының жетекшісі Асылбек Мырзахметов.
24-26 ақпан аралығында өткен чемпионатқа еліміздің әр аймағынан 1 200 оқушы қатысты. Биылғы жарыс энергия тақырыбына арналды.
– Бұл бәсекеде Қазақстаннан және көрші елдерден келген оқушылар өздерінің инновациялық жобаларын ұсынды. Кез келген жетістік шағын қадамдардан басталатыны анық. Сондықтан бүгінгі жобалар шағын масштабта болса да, көпшіліктің көңілінен шықты. Мені жас таланттардың жобалары қуантты. Бұл балалардың барлығы жаңа технологияларды дамытып, елдің дамуына үлес қосатын болашақ IT мамандар, инженерлер мен ғалымдар екені анық, – дейді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.
FIRST – STEM білім беру саласындағы нәтижелерге қол жеткізуге және ХХІ ғасырдың дағдыларын дамытуға ықпал ететін бағдарлама. Әлемнің жетекші оқу орындарының бірі Массачусетс технологиялық институтына түскен студенттердің 10 пайызы – дәл осы FIRST бағдарламасының түлектері. Еліміз аумағында FIRST бағдарламасы 2020 жылдан бері жүзеге асып келеді.