Төтенше жағдай • 28 Ақпан, 2023

Аулаларды су басып жатыр

242 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл қыс айларында қардың көп түсуіне және ауа темпе­ратурасының күрт жоғарылауына байланысты Алматы облы­сының Талғар және Жамбыл аудандарында су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Ақпанның аяғында аталған аудандардағы бірнеше елді мекенді еріген қар суы басып, тұр­ғындардың берекесін алды.

Аулаларды су басып жатыр

Осы күндері Талғар ауда­ны­ның Қайнар ауылдық округіне қарасты Жаңалық, Жалғамыс, Дәулет ауылдары мен Алматымен іргелес жатқан Бесағаш ауылының көшелеріне қар суы жайылып, аулаларды су басқан жағдайлар тіркелген. Көшеге жиылған судан жаяу жүргіншілердің жүріп-тұруы қиынға соғып, көліктерін айдалада қалдыруға мәжбүр болған тұрғындар бұл жайттың алғашқы рет емес, жыл сайын қайталанатынын айтып, дабыл қағуда.

– Балаларымызға жанымыз ашиды. Аяқтары малмандай су болып келеді. Олар түгілі өзі­міз де әрлі-берлі өте алмай қиын­дық көрудеміз. Көктем келсе көл бо­латын ауылымыздың бұл қиын­­­дығына шыдамаған кей тұр­ғындар есіктерін жауып, пәтер жағалап кетеді, – дейді Жа­ңа­лық ауылының тұрғыны Әсия Маманова.

Дәл осылай батпаққа батып жүрген Жалғамыс, Нұра ауылдық округіне қарасты Өстемір ауылы­ның тұрғындарында да маза жоқ. Ауыл көшелеріндегі қар суынан пайда болған көлшіктерден өте алмай, бала да, үлкендер де қиналып жүр.

– Көктем келсе, көрген күніміз осы. Күздің де жауын-шашынында балаларымыз батпаққа бел­шесінен батып, су болып жү­реді. Аяқкиім шақ келмейді. Кө­­лік­пен жүру де мүмкін емес. Жаңақұрылысты былай қойғанда орталық көшелердің де күйі осы болып тұр. Ауыл жолдары қа­шан жасалып, қашан уайымнан, қиын­дықтан арыламыз? Ауылдық әкім­діктер не бітіріп отыр, бізге жаны ашитын үкімет бар ма? деп күйінеді Орал Айнабаев бастаған Жалғамыс ауылының бір топ тұрғындары.

Жалғамыс ауылы тұрғын­дарының басым бөлігі қоныс­тан­ған жаңақұрылыстағы кө­ше­лерге жыл сайын тас-құм төселгенмен, оны осындай жауын мен қар суы шайып кетеді. Былтыр Жалғамыс ауылының 4 шақырым жолына балас төселген. Бірақ одан келер қайран жоқ.

Күннің күрт жылуынан туын­даған төтенше жағдай Жамбыл ауданының тұрғындарын да әуре-сарсаңға салып қойды.

– Қызыл суға қарсы әрекет етіп, бөгет жасағаннан қайыр болмай тұр. Таудан аққан қар суы өзенге айналып, қора-қопсымызды, ауламызды түгел басып жатыр. Жер­дің тоңы жібімегендіктен ма­ман­дардың жұмысына кедергі көп, – дейді Сарыбай би ауылының тұр­ғыны Айнұр Советханқызы.

Төтенше жағдайлар бөлімі мен ауылдық әкімдік мамандары, ауыл тұрғындары бірлесіп, Сарыбай би ауылындағы екі учас­кеде су тасқынына қарсы жұ­мыстар жүргізуде. Қазақстан кө­шесі бойынша еріген судың алдын алу мақсатында тұрғын үйдің аумағы 40 қапшықты инертті мате­риалдармен нығайтылған. Сон­дай-ақ суды бұру үшін ұзын­дығы шамамен 50 метр болатын уақытша арық желісі қазылды.

Бұл жұмыстарға жергілікті атқа­рушы органдардың 8 адам және 1 бірлік техникасы, №28237 әскери бөлімнің 3 қыз­мет­­­кері және 3 бірлік техникасы, ТЖ департаментінің 2 қыз­меткері және 1 бірлік техникасы жұмылдырылғаны жайлы Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Сонымен қатар соңғы мәлімет­тер бойынша Талғар ауданы Бес­ағаш ауылдық округіндегі су басқан аймақтарда суды сыртқа айдау жұмыстары жалғасуда.

Өңірде 2022 жылы 34 қауіп­ті учаске анықталған. Оған жер­гілікті атқару органдарынан қа­ражат бөлініп, 7 учаске толықтай жойылған. Қалған 27 қауіпті учас­кеде биылғы жылы қаражат қарас­тырылса, тиісті жұмыстар ат­қарылатын болады.

 

Ұлбосын Исабек,

журналист

 

Алматы облысы