Жиында «Архив – 2025» жобасын іске асыру аясында отандық және шетелдік архивтерден, ғылыми орталықтардан табылған құжаттар мен деректерді зерттеу және оларды ғылыми айналымға енгізу мәселелері жан-жақты сөз болды.
Аталған жоба аясында елімізде бірқатар жұмыс атқарылған. Оны дөңгелек үстелде Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитеті басқарма басшысының міндетін атқарушы Әйгерім Тұрғанбаева жеткізді.
– Былтыр Ұлттық архив мекемесі Ресей, Германия, Мажарстан, Татарстан, Қырғызстаннан 700-ден аса құжат көшірмесін әкелді. Орталық мемлекеттік ғы-
лыми-техникалық құжаттама архив қызметкерлері де Польша, Беларусь, Әзербайжан, Грузияға іссапармен барып, біраз деректер әкелді. Қазір біз «Архив-2025» жобасы шеңберінде Эстония, Иран, Түркия, Молдова, Қырғызстандағы архив ұйымдарымен ынтымақтастықта, жұмыс істеп жатырмыз, – деді ол.
Әйгерім Тарғынқызы өз сөзінде ел мұрағаттарындағы құжаттарды цифрландыру қолға алынып, соған керекті құрал-жабдықтар сатып алу қарастырылғанын тілге тиек етті.
Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры Жандос Болдықов өткен жылы орталық қызметкерлері он елге іссапармен барып, біраз құнды құжаттар, қолжазбалар, карталар алып келгенін баяндады.
– Әсіресе Түркиядан әкелген ақын, жазушы Зейнел Сүрмелі атамыздың қолжазбасының мазмұны зор деп айтар едім. Бұл кісі өткен ғасырдағы 30-жылдардың ортасында Шығыс Түркістанның Алтай, Баркөл, Сауан, Гәскөл аймақтарынан үдере көшіп, алдымен Гансу, Шынқайға өтіп, одан Гималай мен Такламақан шөлінен асып, Үндістан мен Пәкістан арқылы Түркияға жеткен көштің тікелей куәгері. Сол өзі көзімен көрген оқиғаларды тың деректермен баяндаған. Қазір біз оны аудардық. Енді кітап етіп шығарамыз, – деді орталық директоры.
Сондай-ақ жиынға Түркиядан онлайн қатысқан Ыстанбұлдағы Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры Әбдуақап Қара Зейнел Сүрмелі туралы жылы естелігімен бөлісті.
– Тәуелсіздігіміздің арқасында Зейнел ағамыздың есімі қайта тіріліп, оның қолжазбалары туған елімен қауышып отыр. Ол кісі көзі тірісінде жазған дүниесін кітап етіп шығарсам деп армандап еді. Бірақ оған жете алмады. Енді оның арманын сіздер орындап отырсыздар. Бұған дейін сонау қиыншылық жылдары Алтайдан ауған көш туралы Халифа Алтай мен Хасен Оралтайдың естеліктері жарыққа шықты. Басқалардың да жазғандары басылды. Енді осы қатарға Зейнел ағамыздың естеліктері қосылды. 1936 жылы Алтайдан ауған көштің құрамында 48 мыңға жуық адам болған. Сол көштен 1952 жылы Түркияға аман-есен 1850 адам ғана жеткен. Ол кісі ешқандай мектеп көрмесе де, өзінің көргенін ақындық рухымен жазып, үлкен мұра қалдырды, – деді ғалым.
Дөңгелек үстелде тарих ғылымдарының докторы, профессор Тілеген Садықов «Бүгінгі тарих ғылымының өзекті мәселелері» тақырыбында баяндама жасап, онда кейінгі жылдары тарихи зерттеулерде дереккөзін іздеу әлсіреп барады деген ойды қозғады.
– Тарихшылар үшін зерттеу жұмысының негізі – дерек көзі. Кешегі кеңестік дәуірдің өзінде солай болды. Қазір біз, өкінішке қарай, жеңіл жолға түсіп бара жатқан секілдіміз. Бұған ғаламтордың да тигізіп жатқан зияны бар. Өйткені ізденуші көз майын тауысып архивте отырмай-ақ, керекті деректерді интернеттен алып, соның негізінде монография немесе мақаласын жазып, тіпті ғылыми жұмысын қорғап жатқандар кездеседі. Сондықтан кейінгі жастарды дерек көзімен жұмыс істеуге бағыттау керек, – деді Еуразия ұлттық университетінің профессоры.
Сонымен қатар Тілеген Садықов елімізге алып келген шағатай, араб, төте қарпімен жазылған құжаттар мен қолжазбаларды оқу үшін, алдымен сол тілдерді білетін маман керектігін мәлім етті.
Бұл мәселені одан әрі Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының басшысы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Данагүл Махат қаузап әкетті.
– Көне қолжазбаларды оқу өте қиын. Сондықтан жоғары оқу орындарында құжаттар мен қолжазбаларды оқитын маман даярлауды қолға алу керек. Мәселен, «Мәдени мұра» бағдарламасы мен «Архив – 2025» жобасы аясында елге қаншама құжаттар әкелінді. Енді соны оқитын мамандар жетіспейді. Мысалы, Құрбанғали Халидтің төрт томдық қолжазбасын алдық. Біз оның қазақ тарихын баяндайтын тұстарын аудардық. Ал Орталық Азияға қатысты тарихы шет қалып қойды. Осы қолжазбаны аударуға біздің мамандар үш жыл еңбектенді, – деді ол.
Тарихшы ғалым «Қуғын-сүргін жылдарындағы тарихи деректер» атты баяндамасын 2020 жылы құрылған «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау» жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмысымен байланыстырып сөйледі.
– Мен осы комиссияның мүшесімін. Бүгінге дейін нақты дерек бойынша 2 млн 400 құжаттың құпиясыздығы алынды. Осы құжаттардың ішінде неше түрлі қолжазба бар. Қазір қуғын-сүргінге түскен 3 млн адам анықталды. Оның арасында саяси қуғынға ұшырағандар мен көтеріліске қатысқандар да бар. Мәжбүрлі түрде жер аударылғандар да кездеседі. Бір айта кетерлігі, 200 дәулетті есебінде саналған азамат ақталмаған. Сонымен бірге 54 мың дін қайраткері ақталмаған. Дін жолын ұстанғандарды қуғындау 1937-1938 жылдары ғана емес, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде де жалғасқан. Олардың өзін ғана емес, қолжазбалары мен кітаптарын да тәркілеген. Қолжазбалар осындай қасіретті де көрді, – деді Д.Махат.
Ал Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының қызметкері Мұқамедқали Баймұханов Зейнел Сүрмелінің деректік құжаттарын төте жазудан кириллица графикасына түсіргендегі ерекшелеріне тоқталды.
– Зейнел Сүрмелінің қолжазбасында қадимнің де, төте жазудың элементтері бар. Бірақ тіл білгендіктен оған онша қиналған жоқпын. Алтайдан ауған көштің көрмегені жоқ. Әсіресе бетін мәңгілік мұз жапқан Гималай тауынан асардағы бастан кешкендерін көзге жас алмай оқу мүмкін емес. Әсіресе маған бүгінге дейін елімізде шағатай тілінің оқылмай жатқандығы жаныма батады. Алтын орданың тарихы шағатай тілінде жазылған қолжазбаларда сақталған. Соны ескеретін ешкім болмай тұр», – деп өкінішін білдірді.
Одан кейін Назарбаев университетінің оқытушысы Дәуіт Шомпай Қара «Этнографиялық шежіре деректеріндегі зар- заман тарихы» жөнінде сөз қозғаса, С.Сейфуллин атындағы агротехникалық университеті Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы Айнұр Әлиакбарова «Шежірелі жылдар тарихы – Халифа Алтай деректерінде» атты баяндама жасады. Дөңгелек үстелді Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының ғылыми сарапшысы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Задаш Дүкенбаева жүргізді. Сондай-ақ жиынға келген қонақтар мен қатысушылар «Ұлы дала тарихының жазба мұралары» және «Зейнел Сүрмелінің жеке құжаттары» атты көрмесін тамашалады.