Шарбақты ауданында «Айбарыс» компаниясы рафинадталған күнбағыс майын шығаратын өндірісті жолға қоймақ ниетте. Инвестор қазіргі күні қажетті жер телімін рәсімдеп, іске кірісе бастаған. Өндірісте ең озық технологияларды қолданамыз деп құлшынып отырған кәсіпкер күнбағыс тұқымын тереңдетіп өңдеу арқылы сапалы май айырып алатынына сенімді. Жаңа кәсіпорынды салу мен жабдықтаудың құны 20 млрд теңгеге бағаланады. Бұл қаражаттың 60 пайызы – «Айбарыстың» жеке инвестициясы.
Павлодар облысы әкімінің орынбасары Серік Батырғожиновтың сөзінше, жобаның нәтижесінде, аймағымыз сапалы күнбағыс майымен өзін толық қамтамасыз етеді.
– Компанияның жобаны жүзеге асыруға деген іскерлік ниеті бізді қуантып отыр. Біз қажет қаражаттың 43 пайызын жеңілдетілген несие немесе даму институттары арқылы алуды ұсындық. Мұнда қолданылатын технология дамыған мемлекеттердің зауыттарындағыдай болады. Инвестордың Шарбақты ауданын таңдап отырғаны да тегіннен тегін емес. Бұл аудан астықты аймақ болғандықтан күнбағыс дәні молынан өсіріледі. Екіншіден, Ресей Федерациясы жақын. Кәсіпорын өз қуаттылығына шыққанда жергілікті нарықтан артылған өнімді іргеде тұрған Ресей еліне де экспорттай алады. Жергілікті диқандар зауытты қажет шикізатпен қамтамасыз етуге қауқарлы, дейді ол.
Келешекте зауыт орын тебетін жерде қазіргі күні теміржол тартыла бастаған. Күнбағыс тұқымынан май ажырататын өндіріс толық іске қосылғанда ол айына 50 тонна өнім береді деп күтіледі. Нәтижесінде, аймағымыз өзін өнімнің бұл түрімен толықтай қамтамасыз етуге қол жеткізеді.
Павлодар облысы агроөнеркәсіп кешеніне инвестициялар тарту бойынша соңғы екі жылда республикада алдыңғы орында тұрғанын айту керек. 2022 жылдың қорытындысында ауыл шаруашылығының негізгі капиталындағы инвестициялар 1,2 есе өсіп, 136 млрд теңгені құраған. Ал азық-түлік тауарлары өндірісіне енгізілген инвестиция көлемі 1,4 есе артып, 6,7 млрд теңгені көрсетіпті. Жалпы құны 22 млрд теңге тұратын 16 ірі инвестициялық жоба іске асып, өңірдегі агросекторда жаңа кәсіпорындар, жүздеген жаңа жұмыс орындары пайда болды. Ауыл шаруашылығына жауаптылар биыл да бұл үдеден төмендемейміз деп отыр.
Өңірде өрге баспай тұрған жобаның бірі – қант зауытының құрылысы. Қазақстандағы қант тапшылығын шешеді деп сенім артылған бұл жоба әу бастан-ақ шетел инвесторларының көмегімен жүзеге асуы керек делінген. Алайда шетелден келіссөзге келіп жатқан бизнесмендер ҚР заңнамасында қарастырылмаған ұсыныстарды алға тартып, жер беруді сұрап отырған көрінеді. Ал Жер туралы заңнамада ауыл шаруашылық жерлерін шетел азаматтарына беруге тыйым салынған.
«Павлодар» ӘКК бүгінде болашақ қант зауытының жобасын әзірлеу үстінде. Жуықта корпорация франциялық инвестормен алғашқы келіссөз жүргізген.
– Жобаны қаржыландыруға ниет танытқан шетелдіктер өз инвестициясын қорғауды және шикізатпен қамтамасыз етуді талап етеді. Кейбірі ауыл шаруашылық мақсатындағы жер телімдерін беруді сұрайды. Шикізатпен қамту тұрғысында біз компанияларға өңірде қанша суармалы жер барын, қандай мүмкіндіктер қарастырылғанын баяндадық. Қазірдің өзінде үш-төрт инвестормен келіссөздер жүруде. Оның үстіне болашақ зауыттың жобалық-сметалық құжаттамасы әлі де әзірлену үстінде. Сондықтан қазір нақты шешімін айту қиын, дейді С.Батырғожинов.
Павлодар облысы